Елдігіміз бекеттен басталады
Елдігіміз бекеттен басталады
177
оқылды
Иә, әлемнің бар елінде бекетіне (вокзал, аэропорт, т.б.) қарап, сол мемлекетті таниды. Қонақты, жолау­шы­ны бекет қарсы алып, шығарып салады. Вокзал атау­лының қаншама көңіл күйдің куәсі болғаны өз алдына бөлек әңгіме. Астанадан ауылға, ауылдан байтақ қалаға дейін жол бекеттен басталады. Бүгінде жолға шыққан жолаушы көп. Оның ішінде елдің шаруа адамы, қарапайым жүргінші, іссапарлаған қызметкер, кәсіпкер-бизнесмен, ел көріп, жер таныған саяхатшы жетіп артылады. Бұл ағым мен ағын саны, Құ­дай қаласа, жылдан-жылға ар­та бермек. Олар әуеқатынасымен бірге авто, теміржол қатынасын да қолайлы көреді. Солардың бәрі ірілі-ұсақты қалаларымызға әуелі аэропорттар, вокзалдар ар­қылы өтеді. Осы орайда, мың­да­ған шетелдік мейман, әсіресе саяхатшылар еліміздің түрлі са­ладағы дамуы мен өрісіне куә бо­латыны сөзсіз. Оның үстіне, қала-кенттерімізге кірер тұста ме­кен атауы жазылған қондыр­ғы-билбордтан, қақпа маңдай­шасынан Қазақ елінің рәміз­де­рін, ұлттың дәстүрін, ел мақта­ны­шын, құрығанда элемент­терін, атрибутын көргісі келеді. «Бұл жоқ» деп үзілді-кесілді ай­туға да болмайды. Себебі ол – шынайы отаншылдықтың, көр­некі елдік мәдениеттің бірегей белгісі. Соңғы жылдары облыс, аудан орталықтарында, қалаларымызда бұл бағытта көптеген жұмыстар істелгенін атап айтуға тиіспіз. Тіпті, үлгі тұтуға тұрарлық тың ізденістер де баршылық. Жер-жерде, ел-елде жаңадан бой көтерген зәулім ғимараттар, өзге де елеулі құрылыстар халықа­ра­лық стандарттарға сай салынған. Бұрын-соңды бізде болмаған даңғыл жолдар мен қайталанбас ескерткіштер көз қуантады. Алай­да сол сән-салтанатқа жа­распайтын, тіпті архитектурасы үйлеспеген, ортақ мәнердің си­қын бұзатын көріністер кездес­кенде, көңіл су сепкендей басы­ла­тыны да жасырын емес. Мы­салы, еліміздегі теміржол бе­кет­терін алайық. Жекелеген үлкен қалаларды есепке алмағанда, көпшілігінде сол баяғы патшалық заманның немесе советтік сұр­қай­лықтың нышаны көз алдың­нан көлбеңдеп кетпей қояды. Қас­беті ғана арзан құрылыс ма­териалымен сыланып-сипа­лан­ған, сұп-сұр немесе әлем-жәлем бекеттер адамды түрлі ойға жетелейді. Қалғаны – баяғы сол тақтай, сол жазу, сол бояу, сол сурет. Өзгерісі – жолаушылар ғи­маратының сыртын көк түс­ке бояумен шектелгендей әсер қал­дырады. Тіпті, бір жерде қараусыз қалған, атам заманғы «Құрмет тақтасының» тұғыры да тұр. Сон­да дейміз-ау, тәуелсіздігіміздің жиырма сегіз жылында бұл бе­кеттерге жаңа басшы мен қосшы келмеген бе, жаңғыртуды ойла­ма­ған ба, мүлдем жөндеу көрме­ген бе? Әлде, осы жолмен жүз қай­тара жүрген отандық архи­тек­торлар, дизайнерлер ешқан­дай идея, нобай-жоба ұсынбаған ба? Ұлттық ғылымның жетіс­тік­тері, профессионалдардың та­ланты, шығармашылық қабі­леті неге пайдаланылмаған? Рестоврация жасаудың тәжі­рибесі. Баз біреулер «бұл – тарихи ескерткіш» деп (өзгертуге қарсы­лық білдірсе) ақылсынса, олар­дан қай елдің тарихи ескерткіші екенін және қашан реставрация жасалғанын сұрар едік-ау. Мұ­ның бәрі – сылтау. Әрі-беріден соң бұл – стансаның, бекеттің мұртын бұзбай сақтау да емес, ештеңе жасамаудың амалы ғана. Мұндай объектілерге реставра­ция жасаудың әлемдік тәжіри­бесі, ережесі бар. Соған сүйенсе жеткілікті. Конструкциялық тұр­ғыдан ұстынын сақтап, кон­цеп­туалдық жағынан ұлттық мәнер мен атрибуттарды, сим­воликаны енгізіп, ұлттық ою-өр­некпен, тәуелсіз еліміздің адам­заттың ортақ құндылықтарымен көркемдеуді қолға алу – уақыт талабы. Мұны аймақты, тіпті саланы абаттан­дырудың жоспа­рына енгізіп, заңдастыруға әбден болады. Ресейдің әйгілі режис­сері К.Ста­ниславский айтқан­дай, «театр киімілгіштен бастал­са», мемле­кеттілік, ұлттық идео­логия аэро­порт­тан, вокзалдан, жалпы бе­кеттен басталады. Әл­бетте, оның өзегін құрайтын бас­ты міндет – цифрлы техно­ло­гияларды енгі­зіп, жолаушыларға қолайлы, жай­лы, лайықты за­манауи қыз­мет көрсету болса, құрамдас бө­лігі – жұрт аялдайтын жол қақ­пасының архитектуралық жай-күйі. Қазақстан теміржолы бас­шылығы осы істі қолға алып, кезең-кезеңмен жүйелі шешсе, ел тәуелсіздігінің отыз жыл­ды­ғына орай жасалған тамаша патриоттық сыйы болар еді. Одан да маңыздысы – жоғарыда айтқанымыздай, лайықты безен­дірілген, жаңғыртылған теміржол бекеттері қонақтарымыздың қай елдің аумағында жүргенін біл­діретін орайлы туристік симво­ликаға айналар еді. Сұрықсыз бекеттер. Әзірге теміржол бойындағы бекеттердің көпшілігі сұрықсыз, иесіз, ұмыт қалғандай күйде еке­нін, сырты­нан қарағанда бұралаң заманды, әміршіл жүйені елес­тететінін Қазақстан қонақта­ры­нан бүрке­мелеп жаба алмаймыз. Оның үстіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөніндегі алқалы жиын­да қала құрылысына қатысты бірыңғай саясаттың жоқтығын, жалпы эклектика орайында орын­ды атап көрсеткенін жақсы білесіздер. Осы арқылы Мемле­кет басшысы еліміздегі барлық қала, елді мекен, тіпті әр сала бас­шыларына ой салып, барша маманға зор міндет пен жауап­кершілік жүктеді. Сондықтан әрбір қаламыз­дың, кентіміздің бірегей қақпа­сы – теміржол бекеттерін зама­нымызға, елдігімізге сай етіп жаң­ғырту, жөндеу, қасбетін бі­рыңғай ұлттық-өркениетті мә­нер­мен салтанатты ету – жауапты орындардың абыройлы парызы деп ойлаймыз. Өйткені олар ел мен жердің біртұтастығын, Ота­нымыздың жаңғырғанын білдіруі тиіс.   Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты