Иә, әлемнің бар елінде бекетіне (вокзал, аэропорт, т.б.) қарап, сол мемлекетті таниды. Қонақты, жолаушыны бекет қарсы алып, шығарып салады. Вокзал атаулының қаншама көңіл күйдің куәсі болғаны өз алдына бөлек әңгіме. Астанадан ауылға, ауылдан байтақ қалаға дейін жол бекеттен басталады. Бүгінде жолға шыққан жолаушы көп. Оның ішінде елдің шаруа адамы, қарапайым жүргінші, іссапарлаған қызметкер, кәсіпкер-бизнесмен, ел көріп, жер таныған саяхатшы жетіп артылады. Бұл ағым мен ағын саны, Құдай қаласа, жылдан-жылға арта бермек. Олар әуеқатынасымен бірге авто, теміржол қатынасын да қолайлы көреді. Солардың бәрі ірілі-ұсақты қалаларымызға әуелі аэропорттар, вокзалдар арқылы өтеді. Осы орайда, мыңдаған шетелдік мейман, әсіресе саяхатшылар еліміздің түрлі саладағы дамуы мен өрісіне куә болатыны сөзсіз. Оның үстіне, қала-кенттерімізге кірер тұста мекен атауы жазылған қондырғы-билбордтан, қақпа маңдайшасынан Қазақ елінің рәміздерін, ұлттың дәстүрін, ел мақтанышын, құрығанда элементтерін, атрибутын көргісі келеді. «Бұл жоқ» деп үзілді-кесілді айтуға да болмайды. Себебі ол – шынайы отаншылдықтың, көрнекі елдік мәдениеттің бірегей белгісі. Соңғы жылдары облыс, аудан орталықтарында, қалаларымызда бұл бағытта көптеген жұмыстар істелгенін атап айтуға тиіспіз. Тіпті, үлгі тұтуға тұрарлық тың ізденістер де баршылық. Жер-жерде, ел-елде жаңадан бой көтерген зәулім ғимараттар, өзге де елеулі құрылыстар халықаралық стандарттарға сай салынған. Бұрын-соңды бізде болмаған даңғыл жолдар мен қайталанбас ескерткіштер көз қуантады. Алайда сол сән-салтанатқа жараспайтын, тіпті архитектурасы үйлеспеген, ортақ мәнердің сиқын бұзатын көріністер кездескенде, көңіл су сепкендей басылатыны да жасырын емес. Мысалы, еліміздегі теміржол бекеттерін алайық. Жекелеген үлкен қалаларды есепке алмағанда, көпшілігінде сол баяғы патшалық заманның немесе советтік сұрқайлықтың нышаны көз алдыңнан көлбеңдеп кетпей қояды. Қасбеті ғана арзан құрылыс материалымен сыланып-сипаланған, сұп-сұр немесе әлем-жәлем бекеттер адамды түрлі ойға жетелейді. Қалғаны – баяғы сол тақтай, сол жазу, сол бояу, сол сурет. Өзгерісі – жолаушылар ғимаратының сыртын көк түске бояумен шектелгендей әсер қалдырады. Тіпті, бір жерде қараусыз қалған, атам заманғы «Құрмет тақтасының» тұғыры да тұр. Сонда дейміз-ау, тәуелсіздігіміздің жиырма сегіз жылында бұл бекеттерге жаңа басшы мен қосшы келмеген бе, жаңғыртуды ойламаған ба, мүлдем жөндеу көрмеген бе? Әлде, осы жолмен жүз қайтара жүрген отандық архитекторлар, дизайнерлер ешқандай идея, нобай-жоба ұсынбаған ба? Ұлттық ғылымның жетістіктері, профессионалдардың таланты, шығармашылық қабілеті неге пайдаланылмаған? Рестоврация жасаудың тәжірибесі. Баз біреулер «бұл – тарихи ескерткіш» деп (өзгертуге қарсылық білдірсе) ақылсынса, олардан қай елдің тарихи ескерткіші екенін және қашан реставрация жасалғанын сұрар едік-ау. Мұның бәрі – сылтау. Әрі-беріден соң бұл – стансаның, бекеттің мұртын бұзбай сақтау да емес, ештеңе жасамаудың амалы ғана. Мұндай объектілерге реставрация жасаудың әлемдік тәжірибесі, ережесі бар. Соған сүйенсе жеткілікті. Конструкциялық тұрғыдан ұстынын сақтап, концептуалдық жағынан ұлттық мәнер мен атрибуттарды, символиканы енгізіп, ұлттық ою-өрнекпен, тәуелсіз еліміздің адамзаттың ортақ құндылықтарымен көркемдеуді қолға алу – уақыт талабы. Мұны аймақты, тіпті саланы абаттандырудың жоспарына енгізіп, заңдастыруға әбден болады. Ресейдің әйгілі режиссері К.Станиславский айтқандай, «театр киімілгіштен басталса», мемлекеттілік, ұлттық идеология аэропорттан, вокзалдан, жалпы бекеттен басталады. Әлбетте, оның өзегін құрайтын басты міндет – цифрлы технологияларды енгізіп, жолаушыларға қолайлы, жайлы, лайықты заманауи қызмет көрсету болса, құрамдас бөлігі – жұрт аялдайтын жол қақпасының архитектуралық жай-күйі. Қазақстан теміржолы басшылығы осы істі қолға алып, кезең-кезеңмен жүйелі шешсе, ел тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай жасалған тамаша патриоттық сыйы болар еді. Одан да маңыздысы – жоғарыда айтқанымыздай, лайықты безендірілген, жаңғыртылған теміржол бекеттері қонақтарымыздың қай елдің аумағында жүргенін білдіретін орайлы туристік символикаға айналар еді. Сұрықсыз бекеттер. Әзірге теміржол бойындағы бекеттердің көпшілігі сұрықсыз, иесіз, ұмыт қалғандай күйде екенін, сыртынан қарағанда бұралаң заманды, әміршіл жүйені елестететінін Қазақстан қонақтарынан бүркемелеп жаба алмаймыз. Оның үстіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөніндегі алқалы жиында қала құрылысына қатысты бірыңғай саясаттың жоқтығын, жалпы эклектика орайында орынды атап көрсеткенін жақсы білесіздер. Осы арқылы Мемлекет басшысы еліміздегі барлық қала, елді мекен, тіпті әр сала басшыларына ой салып, барша маманға зор міндет пен жауапкершілік жүктеді. Сондықтан әрбір қаламыздың, кентіміздің бірегей қақпасы – теміржол бекеттерін заманымызға, елдігімізге сай етіп жаңғырту, жөндеу, қасбетін бірыңғай ұлттық-өркениетті мәнермен салтанатты ету – жауапты орындардың абыройлы парызы деп ойлаймыз. Өйткені олар ел мен жердің біртұтастығын, Отанымыздың жаңғырғанын білдіруі тиіс. Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты