Мемлекет пен бизнес – егіз ұғым
Мемлекет пен бизнес – егіз ұғым

Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы қаласына келді. Штаб мүшелері алматылық кә­сіп­керлермен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында бұл салаға ерекше басымдық берілгенін айтты.

– Бағдарламада Елбасы саясатының сабақтастығы, заңның үстемдігін қамта­масыз ететін әділдік және халықтың әл-ау­қатын арттыруға бағытталған өрлеу қағидалары атап көрсетілген. Өрлеудің не­гізгі басымдықтарының бірі – кәсіп­керлікті қолдау. Сол арқылы бизнес үшін несие қолжетімділігін арттыру, отандық өндірушілерге жүйелі қолдау көрсету, кәсіпкерлікті қорғау, бизнес мектептер ашу сияқты нақты ұсыныстар қарасты­рылған. Одан бөлек, біздің кандидат мем­лекет пен бизнестің әлеуметтік серік­тестігін қарқынды дамытуға да үлкен басымдық беріп отыр, – деді штаб басшысы Мәулен Әшімбаев.

Штаб мүшесі, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнеске ең алдымен тұрақтылық қажет екенін айтты.

Алматылық жұртшылықпен кез­десуде бағдарламаның негізгі ба­сым­дықтары мен халықтың әл-ауқатын арттыруға ар­налған нақты ұсыныстар сөз болды.

Сонымен қатар Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушы-про­фессорлар құрамымен және жергілікті студенттермен кездесіп, Бағдарламада білім беру саласын жетілдіру ісіне айрықша мән берілгенін айтты. Одан бөлек, штаб мүшелері ІТ технология саласында белсенділігімен танылып жүрген жас мамандармен және қаладағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.


Айдана БЕГІМ