Павлодар облысының тұрғыны Қайыржан Оспанов әскер қатарына 1943 жылы қосылды. Ол 1909 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген екен. Қызыләскер қатарындағы сарбаз, соғыста 14-гвардиялық кавалериялы дивизия 56-полктің құрамында болды. Ол жау арасында «жүрекжұтқан қырушы» болып танылды. Себебі, бірінші күннен қарсыласты аяған емес. Отан үшін кез келген жауды жағадан алуға қорықпаған. Мысалы, Выхвостово биіктігіндегі шайқаста Қайыржан Оспанов қайсарлығымен көзге түскен. Сол күні тас қараңғы түн болатын. Жау біздің әскердің алға жылжуына еш мүмкіндік бермей, тығырыққа тіреп тастады. Әсіресе, немістің толассыз оқ жаудырып отырған үш нүктесі бізге үлкен кедергі еді. Сол кезде эскандрон командирі «Бұл кедергінің көзін кім құрта алады?» дегенінде «Мен, жолдас командир!» деп сарбаздардың ішінен Қайыржан Оспанов жұлқынып шыққан. Өзімен танкіге қарсы тұратын үш зеңбірек пен ПТР қаруын алып, жауға қарай бет алды. Қарша борап жатқан отқа қарсы еңбектеп жеткенше оның өмірі қыл үстінде еді. Соған қарамастан қарулы орынға Қайыржан Оспанов жақындай берді. Арада 15-20 метр қалғанда жау аспанға ракетаны латырып жіберіп, келе жатқан Оспановты көздеп оқ жаудырды. Қорықпастан сол сәтті пайдаланған ол бірінен соң бірін үш зеңбіректі лақтырып жіберді. Сөйтіп, немістің қару-жарақ орны жарылып, жан-жаққа оқ шашылды. Ал ішінде аман қалған немістер жан-жаққа бытырай қашты. Орнынан ұшып тұрған Қайыржан Оспанов қашып бара жатқан жауды қаруымен атқылай бастады. Нәтижесінде, бесеуін құлатып түсірді. Сол кезде артта қалған әскері лап етіп, көмекке келді.