Бүгін Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты шұғыл баспасөз мәслихаты өтті.
Онда Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және арнайы облыстық штаб басшысының орынбасарлары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев мәлімдеме жасады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Өзбекстан Республикасындағы Сардоба суқоймасының жарылуына байланысты Мақтаарал ауданына келетін су көлемі едәуір артты. Ресми мәлімет бойынша, 300 млн текше метр су құйылған. Нәтижесінде, бірнеше ауылды су басты. Облыс басшысы Ө.Шөкеев су алған елді мекендерді аралап, жағдаймен танысты. Өңірде төтенше жағдай жарияланып, облыс басшысының тапсырмасымен арнайы штаб құрылды. Облыс әкімі штаб отырысын өткізіп, барлық жауапты сала мамандарына тапсырма берді. Соған сәйкес, ұйымдастыру жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда төрт елдімекеннен 5 400-ден астам адам эвакуацияланды. Ол тұрғындар Атакент кенті мен Есентаев, Игілік, Береке, ҚазССР 40 жылдығы ауылдарындағы мектептерге орналастырылуда. Оларға қажетті тағамдармен жеткізіліп, медициналық көмектер көрсетілуде. Бұл жұмыстар іргелес жатқан Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара аудандарына тапсырылды. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер де үлестерін қосуда. Мырзакент кенті көшірілмейді. Онда су басу қаупі жоқ. Мақтаарал ауданындағы жағдай толық бақылауда», – деді Бейсенбай Дәулетұлы.