Түркістан облысы Мақтаарал ауданының орталығынан бір түнде 12 мыңдай адам көшірілген. Мырзакентке тасқын судан қауіп төнгендіктен, тұрғындар түнімен Атакент кентіне тасымалданды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, халықтың көшуін қамтамасыз ету мақсатында 68 автобус бөлінген. Атакенттегі оқшаулау орындарына жеткізілген тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде. Ең алдымен оқшаулау орындарына барған тұрғындар есік алдындағы медицина мамандарының арнайы блокпостына біртіндеп тіркеліп, коронавирус індетін анықтау құрылғысымен дене температурасы тексерістен өткізілген. Содан кейін ғана оқшаулау орындарына жіберілген. Айта кетейік, кеше түске дейін Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты 2243 азамат қауіпсіз аймаққа көшірілсе, түстен кейін су басу қаупі басым болған Нұрлы жол мен Фердауси ауылдарынан 415 үйдің 3200-ден астам тұрғыны қауіпсіз аймаққа шығарылды. Ал түнгі сағат 23:00-де Мырзакент кентінің тұрғындарын көшіру жұмыстары басталып кетті. Себебі, тасқын су Мырзакент кентінің іргесіне жақындап қалған болатын. «Арнайы штаб келісімімен халықты көшіру туралы шешім қабылданды. Төтенше жағдайға байланысты ауданда 18 эвакуациялық орындар нақтыланып, олар Атакент, Мақтаарал, Жамбыл елдімекендерінде әзірленді. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімдіктері атсалысып жатыр. Десек те, ауданда су басып қалу қаупі бар ауылдар да әлі де аз емес. Солардың бірі – Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Фердоуси елдімекені. Қазіргі таңда ауыл ортасындағы «Фердоуси» жалпы орта мектебінің аумағына су көтерілген» делінген хабарламада. Бұдан бөлек, зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде су тасқыны кезінде Жаңа жол мен Еңбекші ауылдық округтеріндегі 3 елдімекенде 1682 гектар ауыл шаруашылығы алқабы зардап шекені анықталып отыр. Алдын ала болжам бойынша 181,1 млн теңгенің шығыны есептелген. Атап айтқанда, 1480 гектар мақта – 148 млн теңгеге, 42 гектар жоңышқа – 2,1 млн, 150 гектар бақша – 30 млн, 10 гектар жүгері – 1 млн теңгелік шығынға ұшырады деп болжануда. Сондай-ақ, аталған 4 елдімекенде 5335 мал басы тіркеліп, оның ішінде 799 мал басы зардап шегіп, 249 млн шығынға ұшараған. Оның 328-і – ірі қара, 361-і – ұсақ мал, 53-і – жылқы, 57-сі – түйе. Мақтааралдан – 46, Жетісайдан – 10, Шардарадан – 5, барлығы 61 ветеринар дәрігер Жантақсай, Фердоуси елді мекендеріндегі 3686 малды эвакуациялау жұмыстарын толық аяқтады. Бірақ су шайып кеткен аймақтарда қанша малдың суға кеткенін нақты анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Өйткені су басқан аймаққа кіру мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, бұзылған дамбадан келіп жатқан судың көлемі азаймауда. Сол себепті төтенше жағдай саласының мамандары су басқан ауылдардағы су деңгейінің нақты қандай деңгейге көтерілгеніне көз жеткізу үшін тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуге кіріскен.