Таразда заңсыз тал кескен депутаттың үстінен іс қозғала ма?
Таразда заңсыз тал кескен депутаттың үстінен іс қозғала ма?
Таразда заңсыз тал кескендердің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бұл жайында Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жалпы, кешеден бері әлеуметтік желілерде қала ішіндегі ағаштарды белгісіз біреулердің отап жатқан видеосы  тарап кеткен болатын. Тұрғындар арасында  ерекше талқыға түскен бейнежазбаға Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев жіті көңіл аударып, Сейфуллин көшесінің бойындағы қылмыс орнына дереу жетіп, талдарды аяусыз отағандардың үстінен қылмыстық іс қозғау туралы тапсырма берді. Негізі, Талас ықшамауданы №17 үйдің жанындағы қауіпті  27 ағашты  жасарту мақсатында төбелерін қысқартуға қала әкімдігінің  тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық бөлімі  тарапынан  ағымдағы жылдың 20 наурызында  рұқсат берілген екен.  Алайда «шаш ал десе, бас алған» кәсіпкер өзімбілемге салып,  ағаштарды бел ортасынан отап тастаған.  Қала әкімдігі мамандарының айтуынша,  жергілікті полиция мен орман шаруашылығы мамандарының есебі бойынша  келтірілген залал  100 АЕК көлемінен асып, кәсіпкердің үстінен  қылмыстық іс қозғалмақ екен. Тараз ағаш кесу Әзірге ағаштарды кескен  кәсіпкерге қатысты ресми ақпарат айтылмауда. Алайда  өз есебі үшін заңды белінен басқан кәсіпкер Тараз қалалық мәслихатының депутаты  Жақып Жексембиев деген ақпар бар. Бір жылдары  об­лыстық наркологиялық дис­пансердің бас дәрігері болған халық қалаулысының  ағаштарды аямағаны бұқараның жағасын ұстатып отыр. Сондай-ақ халықтың мұңын мұңдайды деген депутаттың өзі қоршаған ортаны  қорғауды емес, отауды ойлағаны талайдың төбе шашын тік тұрғызуда. Әзірге белгілісі, депутаттың  заңсыз кесілген талдар маңында жекеменшік дүкені бар екен. Алайда  ол сауда орны кімнің атына жазылғаны белгісіз. Біреулер нысанға қызы қожалық ететінін айтады. Сондықтан бұл қылмыстық іс халық қалаулысының үстінен бе, әлде  туыстарына қатысты қозғала ма, ол жағы анық болмай тұр. Десе де, бұл мәслихат депутатына абырой әкелмесі анық. Сондай-ақ  Абай даңғылы мен Ташкент көшесінің  қиылысындағы Golpass мейрамханасы алдындағы кесілген ағашқа байланысты да  қала әкімі Айтқазы Қарабалаев  тал  кескендерді тауып,  әкімшілік жауапкершілікке тартуға тапсырма берді. Мұндағы талды  кесуге әкімдік тарапынан ешқандай рұқсат берілмеген. Мейрамхана қызметкерлерінің айтуынша, алғашқыда ағашты ортасынан, бірнеше күннен кейін түнде  біреулер  түбінен кесіп,  бұталарын тастап кеткен. Ертесіне қоқыстарды  «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ның қызметкерлері тазартқан екен. Бейнежазбаға міне дәл осы серіктестік қызметкерлері түсіп қалып отыр. Осылайша, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып» отыр. Қазіргі таңда құзырлы органдар негізгі кінәлілерді іздестіріп, қала мен  табиғатқа келтірілген шығынды  есептеуде. Егер заң бұзушылық 100 АЕК көлемінен асып кететін болса, олардың үстінен де қылмыстық іс қозғалады.  

Саятхан САТЫЛҒАНОВ, Жамбыл облысы