– Оразаның алғашқы онкүндігі де өткелі тұр. Карантин кезінде ҚМДБ қандай сауапты істерді қолға алды? – Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойылғанын білесіздер. Жұқпалы індеттің алдын алу үшін Қазақстан мұсылмандары дін басқармасы осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды. Өйткені Құранда айтылғандай, азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық. Мұның бәрі – уақытша сынақ. Сондақтан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтқандай, жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Сол мақсатта ҚМДБ бірқатар шараларды атқарды, әлі де атқарады. Атап айтқанда, күн сайын Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен екінті намазынан 10 минут өткенде республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Рамазандағы Құран хатым» атты онлайн хатым оқу шарасы өтіп жатыр. Құран хатым оқу шаралары еліміздің көптеген мешіттерінде атқарылуда. Бұдан бөлек ҚМДБ-ға қарасты «Хикмет ТВ» студиясы Рамазан айының әр күнінде елімізге белгілі имамдар мен ұстаздардың қатысуымен «30 күнге 30 сұхбат» атты онлайн сұхбаттар жүргізуді қолға алды. Осы секілді сауапты шаралар молынан атқарылуда. – Білуімізше Рамазан айында қайырымдылық шараларын атқарудың да сауабы зор. Оның үстіне бұл айда пітір садақа беру бір міндет емес пе? – Дұрыс айтасыз, ҚМДБ-ның негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мәселен, қазіргі төтенше жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір апта ішінде 8 967 отбасыға көмек көрсетіп, 5 643 адамға бетперде таратты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордада қайырымдылық шарасын өзі бастап, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратып, оларға насихатын жеткізген болатын. Діни басқарма төтенше жағдай кезінде ақысыз демалысқа шыққан, көпбалалы отбасыларға, жалпы көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Осынау сауапты іске үлес қосқан барша дін қызметкерлері мен демеуші азаматтарға Алла разы болсын айтамыз. – Ал пітір садақасы бойынша не айтасыз? Пітірді мешітке беру міндет пе? – Шариғат бойынша, зекет, пітір және підия садақалары жағдайы жоқ жандарға, түгі жоқ міскінге, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, ақшасы таусылып, жолда қалып қойған жолаушыларға берілуі тиіс. Садақаны мешітке апарып беру – халқымызда бағзы заманнан қалыптасқан игі үрдіс. Бұл – шариғатқа қайшы амал емес. Мешіт – Алланың үйі. Мешітке садақа бергеніңіз – Құдай үшін бергеніңіз. ҚМДБ – еліміздегі күллі мұсылман қауымының қарашаңырағы. Шариғат қағидаларын еліміздегі мұсылмандарға түсіндіріп айшықтап беру аманатын арқалаған рухани ұйым. Алайда ҚМДБ мұсылман жамағатына «салық» салмайды, пітір садақасын беруді міндеттемейді. Мешітке қатысты қайырлы амалдар (жөндеу, тазалау, мешіттің қайырымдылық шараларына үлес қосу, т.б.) мұсылман жамағатының өз еркімен, шынайы ниетімен орындалады. Зекет пен пітір садақаны жағдайы бар мұсылман береді. Жағдайы келмейтін адамға садақа беру – міндет емес. Қарттар, ауруға шалдыққандар, созылмалы дерті бар науқас мұсылмандар ораза ұстауға шамасы келмейтіндіктен підия садақасын береді. Оған да жағдайы келмесе – беру міндет емес. – Мешітке түскен садақаның есебі қалай жасалады? – ҚМДБ жанындағы қаржы ашықтығын қамтамасыз ететін тексеру комиссиясы мешітке заттай немесе ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалуын қатаң қадағалайды, халықтан түскен садақаға қиянат жасалуына жол бермейді. Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы Жарғы негізінде жұмсалады. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімімен заттай немесе қаржылай беріледі. Зекет, ғұшыр, пітір садақа, підия секілді садақалар шариғатпен бекітілген. Оның үкімі, беретін уақыты мен мөлшері бар. ҚМДБ Рамазан айы қарсаңында пітір садақасы мен підияның мөлшерін анықтап, халыққа хабарлайды. Қазіргі уақытта төтенше жағдайға байланысты Каспий, Халықбанк, Фортебанк қосымшалары арқылы пітір мен зекет төлеу мүмкіндігі енгізілді. Бұл да болса ашықтықты қамтамасыз етіп, цифрландыруға бағытталған бір қадам деп түсінуге болады. – Құран айында сауаптан құр қалмау үшін құлшылықтарымызды арттыруға тырысатынымыз ақиқат. Сіздіңше бұл айда ауыз бекітуден бөлек қандай сауапты амалдар жасаған дұрыс болады? – Бір ізгі адам «Рамазанның сауабынан құр қалу – бүкіл дүниенің игілігі мен жақсылығынан мақұрым болу» деген екен. Сондықтан оразада орындайтын амал көп. Алғашқысы – Құранмен дос болу. Құран оқылған, оған амал етілген үйде Алланың берекеті орнайды. Ардақты Пайғамбарымыз: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар...» деп өсиет еткен. Өйткені, «Құран оқу – көңілдің шипасы» (хадис). Алла Елшісі Рамазан айында Құранды бірнеше рет хатым ететін. Қасиетті кітапты хатым етумен қатар, жаттауға, оған амал етуге тырыссақ – нұр үстіне нұр. Арапшадан оқи алмайтын адам аудармасын оқыса да сауап алады. Екіншісі, түнді намазбен өткізу. Түнгі намаз – жүректің тыныштығы, екіжүзділік дертіне шипа, Алламен берік байланыс орнататын риясыз құлшылық.«Түнгі намазға аса мән беріңдер. Сендерден алдын өткен ізгі адамдар оны үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз Жаратушыға жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі іске баруға тосқауыл болады» (хадис). Рамазанда оқылатын тарауық намазына тахажуд қосылса – құба-құп. Үшіншісі, ұдайы дұғада болу. Дұға – мұсылманның қорғаны. «Дұға – ғибадаттың мәні» (хадис). Алла Тағала «Мүмин» сүресінің 60-аятында: «Менен сұраңдар. Тілектеріңді қабылдаймын», – деп уәде еткен. Таңғы және кешкі, жұма және Қадір түнінде, т.б. уақыттарда айтылатын дұғаларға мән беру қажет. Біздің бір басымызда қаншама проблема толып жатыр. Оның сыртында отбасымыз, туған-туыстарымыз, дос-жаран мен көршілеріміз үшін екі дүние игілігі тілейтін дұғамыз бар. Рамазан – Жаратқаннан жарылқау тілейтін ай. Бір-бірімізге дұғада болайық. Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсылықта жолығуды жазсын. Еліміз бен жеріміздің берекеті үшін де дұға жасауды ұмытпайық.
Төртіншісі, жоғарыда атап кеткен пітір садақасын беру. Садақа – жамандықты жоятын амал, айналамыздағы көмекке зәру адамдардың ақысы. Садақа – дәулетіміздің берекесін арттыратын амал. Мал-мүлік нәсіп еткен Алланың жолында жақсылық жасап, көптің тілеуін неге алмасқа?Бесіншісі, ауызашар ұйымдастыру. Карантин кезінде топтасып жиналуға болмайды. Бұл – сауап іздеген адамға тығырыққа тірелу деген сөз емес. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашарға кететін қаржылай шығынды немесе азық-түлікті көмекке мұқтаж отбасыларға таратуға кеңес берді.
Алтыншысы, истиғфар айтып, салауат жолдау. Біз кейде зіл сөзбен, жағымсыз мінезбен қаншама жанның жүрегін жаралаймыз. Ойдан жүйрік дүние бар ма десеңші?! Санамызға қаншама бұзық ойлар келеді. Алла бізді жаман ойымызға байланысты жазалайтын болса... Айтудың өзі қорқынышты. Теріс ой мен ғайбат сөзіміз үшін кешірім сұраудың ең қарапайым үлгісі – «Алла мені кешірсін» деп истиғфар айту.Одан кейінгі міндеттер – тамақты тежеу, уақытты жүйелеу, отбасыға көңіл бөлу және өміріміздің жақсы бағытқа бұру. Бір ғұлама «Рамазаншыл болма, Құдайшыл бол» деген екен. Расында, бір жұтым судың қадірін сездірген, шариғаттағы тыйым былай тұрсын, рұқсат етілген істен нәпсіні тежеуді үйреткен оразадан кейін өзімізді өзгертуіміз қажет. – Рамазан айында оразаға қатысты қойылатын сұрақтар көп. Қарапайым жұртшылық көңілді мазалаған сауалдарға қалай жауап алса болады? – Діни басқарма ішінде Сall-center орталығы ашылды. Қазіргі уақытта телефонына тыным жоқ. Әсіресе ораза басталғалы сауалдың санында есеп жоқ. WhatsApp желісіндегі мессенджерге күніне 1000-ға жуық, ал телефонға 500-ден астам сұрақ түседі. Бұған электронды поштаға келіп түсетін сауалдарды қосыңыз. Уақытпен санаспай телефон соғатындар әуелі ораза туралы сұрайды. Отбасылық мәселе бойынша кеңес алатындар да көп. Жуырда бір тәулікте 1553 сұрақ түсіпті. Жігіттер күн-түн демей, барын салуда. Сауаптан жазсын! Одан бөлек ҚМДБ-ның muftyat.kz сайтынан «Рамазан энциклопедиясы» қосымша парақшасы ашылды. Бұл – Рамазанға қатысты барлық мәліметті алу үшін жасалған жоба. Өйткені, карантин кезіндегі оразаға қатысты халық тарапынан сұрақ қоюшылар көп. Бұл бастамамыз осындай сауалдарға жауап беру үшін ашылды. Өйткені Діни басқармасының жұмыс бағыттарының бірі – жамағаттан түскен сұрақтарға дер кезінде жауап беру.