Университет бағындырған ғылыми белестер
Университет бағындырған ғылыми белестер
214
оқылды
Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста Түркістанда екі ел Президенттерінің қол қоюымен халықаралық университет ашылып, оған ұлы ойшыл Ясауи есімі беріліп, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға болғаны белгілі. Тәуелсіздікпен қатар өркенін жайған халықаралық білім ордасы бүгінде Қазақстан мен Орта Азиядағы ең ірі оқу орындарының біріне айналып, бүгінде мұнда әлемнің 19 мемлекетінен 40 астам ұлт өкілдерінің балалары білім алуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен биылғы оқу жылында университетімізге ерекше мәртебенің берілуі университет ғалым-профессорларының және осы оқу орнында жұмыс жасайтын әрбір ұстаздың ерінбей еңбек етіп, білім-ғылымын дамытуда сүбелі үлес қосу қажеттігіне ерекше жігер берді. Осындай айрықша дәреже иемдену Университетімізге сапалы да саналы ұрпақ тәрбиелеумен қатар, ХХІ ғасырдың технологиялық үдерістерін жас мамандарға терең меңгертуін заманауи деңгейге көтерудің де өзектілігін айқындап берді. Бүгінгі басты бағытымыз да  білімнің ғылыммен ұштастырылуы, ел игілігіне еселеп еңбек етіп, өркениет көкжиегінде еркін самғау. Қасиетті де көне Түркістанды, түбі бір түркі халықтарының рухани-мәдени астанасы ету мақсатын көздеген тұңғыш президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың егемендігімізбен қатар түлеп, қаншама жастарды терең біліммен ғана сусындатып қоймай, ғылыми әлеуетінің де жоғары деңгейде болатынына қырағылықпен қарап сенім білдірген еді. Сол кезде көрегендік танытқан кемеңгер Елбасымыздың бұл бастамасын университет оқытушы -профессор құрамы өз деңгейінде өркендетіп, заман талабына сай дамыту үстінде. Әрине, алынған білімнің ғылыммен байланысы болғанда ғана нәтижеміз сүбелі болары хақ. Еліміздегі жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру мен инновациялық инфрақұрылымның болмауы да – көкейтесті мәселенің бірі.  Қалыптасқан күрделі жағдайларды ескере отырып, университетте өңірдегі ғылыми әлеуетті дамыту бағытында бірқатар тың бастамалар жүзеге асты. Жоғары оқу орындарында инновациялық инфрақұрылымның негізгі құраушысы саналатын, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бағытында ғалым-қызметкерлері тарапынан бірқатар іс-шаралар атқарылды. Өндіріспен тығыз байланыс жасау мақсатында Инженерия факультетінің базасында Кентау трансформатор зауытымен бірге Энергетика, ақпараттық технология және киберқауіпсіздік салалары бойынша ортақ технопарк құрылды, заманауи лабораториялар ашылып оқу үдерісіне ендірілді, энергетика, ІТ-технологиялар, сондай-ақ биомедицина және ІТ-медицина салаларында Технопарк құру жұмыстары жалғасуда. Технопарктің негізінде жас ғалымдардың инновациялық белсенділігін дамыту үшін СТАРТАП - орталығы (бизнес-инкубатор) құрылды. КТЗ-мен бірге 2 жоба жасалды. Экология ғылыми-зерттеу институтында қоршаған ортаның экологиялық жағдайын зерттеу және өндіріс қалдықтарын өңдеу мен іске асыруға бағытталған экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды жасау мен оларды өндірістерге енгізу жұмыстары жүргізіледі. ҚР Білім және ғылым министрлігі және Ғылым комитеті және Ғылым қоры ұйымдастырған гранттық қаржыландыруы бойынша  институтта 2 ғылыми жоба орындалуда, бір аккредиттелген зерханада жұмыс жасауда. Аккредиттелген зертхана атмосфералық ауа, топырақ, ауыз су, табиғи су, ақаба сулардың, тағам өнімдерінің сапасын аналитикалық бақылау үшін заманауи өлшеу құралдарымен жабдықталған. Бүгінде университет ғалымдарының қол жеткізген жетістіктерін әлемдік деңгейде саралау ісі күн өткен сайын қарқын алуда. Мәселен, h-index-ін есептеу, әлемдегі ең мықты Clarivate analytics, WoS, Scopus, Elsevier базаларында бар жарияланымдарға, ҚР БжҒМ БҒСБК  ұсынған тізімдегі ғылыми журналдарға соңғы жылдардың өзекті мәселелерін қозғаған ғылыми мақалалар шығару – ғалым еңбегінің бір парасы болмақ. Осы ретте университетіміздің көшін Жаратылыстану факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы бастап тұр. Оқу орнының нәтижелі жұмысының арқасында World Bank қолдауымен 150 ғалымды ағылшын тіліне оқытуға мүмкіндік беретін ҚР БҒМ грантын ұтып алдық. Жоба аясында ғалымдарымыз 12 ай ішінде IELTS 6 деңгейін меңгеретін болады. Мақсаты университет ОПҚ ғылыми әлеуетін арттыру. Университет ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесін коммерцияландыру бойынша ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ тарапынан 3 жылдық мерзімге арналған жалпы құны 745 миллион теңгелік 4 грантын жеңіп алғаны – өңір үшін бұрын-соңды болмаған құбылыс. Түркістан облысы прокуратурасымен «Суицидке» қатысты ортақ ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілуде. Нәтижесінде мектеп мұғалімдері мен ата-аналарға арналған ғылыми негізделген әдістемелік нұсқаулықтар дайындалды. Түркістанды түлету мақсатында Гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеу жұмыстары жетілдірілуде. Археолог ғалымдар тарапынан Сығанақ қалашығында ауқымды зерттеулер жүргізілуде, соның нәтижесінде бұл нысанның ЮНЕСКО мәдени мұралар қатарына қосу бастамасы іске асуда. Ұлттық мәдени мұраларымызды сақтау және зерттеу үшін археологиялық зерттеудің жаңа әдістерін қолдана отырып Оңтүстік Қазақстанның ертедегі және ортағасырлық ескерткіштерінде кешенді ізденістер жүргізу, осы өңірдегі тарихи дәуірлердің хронологиялық кезеңдерін анықтау, археологиялық мәдениеттердің өмір сүрген уақытын, даму кезеңдерін, таралу аймағын және өзара байланысын көрсету, шаруашылық түрлерінің даму тарихын анықтау, Ұлы Жібек Жолы  мен ортағасырлық керуен жолдары, сауда мен ақша айналымын зерттеу, археологиялық ескерткіштердің санын, түрін және таралу аймағын анықтау, жекелеген тарихи-географиялық аудандардың археологиялық картасын жасау мақсатында жеке құрылым ретінде жұмыстар атқарып келеді. Қазіргі таңда, Археология ғылыми-зерттеу институты шетелдік және отандық ғылыми мекемелермен ғылыми бағыттары бойынша байланыс ауқымын кеңейтуде. Түркология ғылыми-зерттеу институты ғылым, білімнің тығыз ықпалдастығы негізінде университеттің зияткерлік және инновациялық әлеуетін дамытуға үлесін қосуда. Институттың жоспары Отандық түркология ғылымының өркендеуіне үлес қосу, ортағасырлық түркі жазба жәдігерлерін зерттей отырып, ғылыми айналымға енгізу, түрік халықтарының тілі мен әдебиетін, тарихы мен дүниетанымын, діні мен фольклорын кешенді түрде зерттеумен айналысуды мақсат етеді. Әр екі жылда бір рет өткізілетін кезекті VIII Халықаралық Түркология Конгресі бар. Конгресс жұмысына отандық ғалымдармен бірге Түркия Республикасы, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан Республикасы, Башқұртстан, Чувашстан, Өзбекстан, Тәжікстан, т.б. елдердің түрколог-ғалымдары қатысады. Ахмет Ясауи атындағы Дінтану ғылыми-зерттеу, талдау-сараптамалық және әдістемелік орталығында Дін және Теология  ғылымдары саласында іргелі  ғылыми жобаларды  зайырлылық қағидаларға сай жүзеге асыратын көпбағытты, көпқабатты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қожа Ахмет Ясауидің  рухани мұрасы және  түркілік мұсылмандықтың өзекті мәселелерін қазіргі заманға сәйкес  жаңаша қырынан зерттеу,  әлемдік діни мұраны  және  дінтану  ғылымындағы  танымал  зерттеулерді мемлекеттік тілге аудару, қоғамдағы рухани келісім мәдениеті мен діни жағдайға байланысты  дінтанулық-теологиялық кеңестер берілуде, дін  саласындағы  мамандардың дінтанулық және теологиялық біліктілігін арттыру,  Республикадағы  дін саласындағы  мемлекеттік мекемелер және ұйымдармен байланысты нығайту жөнінде іс-шаралар жүзеге асуда. Тағы бір айта кететін жәйт 4 мамандық бойынша 3 диссертациялық кеңес ашылды. Олар мына мамандықтар: педагогика-психология; физика (білім бағыты); медицина; қоғамдық денсаулық сақтау. Университетте тұрақты шығып келе жатқан ғылыми басылымдардың сапасын жақсарту мақсатындағы жұмыстар да нәтижесіз емес. 4 ғылыми журналға келіп түскен  (double blind review) жасырын  рецензиялау саясаты жүйелі түрде енгізілді. «Ясауи университетінің Хабаршысы» ғылыми журналы ҚР БҒМ БҒСБ Комитетінің тізіміне филология, философия, тарих, педагогика ғылыми бағыттары бойынша енгізілді. Университеттің Анкарада жарияланатын және Scopus, Clarivate analytics, WoS базасына кіретін жалғыз гуманитарлық бағыттағы «Bilig» ғылыми журналы ҚР БҒМ БҒСБ Комитетінің тізіміне гуманитарлық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар, тарих, филология, саясаттану, философия, экономика, құқықтану ғылыми бағыттар бойынша енгізілгенін де мақтаныш тұтамыз. Ал «Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Хабарлары» (физика, математика, информатика)  ғылыми журналын халықаралық деректер қоры базасына енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ «Түркология» ғылыми журналын ҚР БҒМ БҒСБ Комитетінің тізіміне, Халықаралық деректер қоры базасына енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. «SCOPUS AWARD 2019» Халықаралық жалпыұлттық сыйлықтарын табыстау шарасы аясында университет «ЖЫЛ СЕРПІЛІСІ» сыйлығына ие болды. Оқу орны QS EECA 2020 бойынша Қазақстандық университеттер арасында 6 индикатордан: интернационализация бойынша - 1, ғылыми зерттеу network бойынша  - 3 орынды иеленді. Университетіміздің 6 оқытушы-профессорымыз «ЖОО-ның үздік оқытушысы», 4 ғалым «Мемлекеттік ғылыми стипендия» иегері атанды. Университетттің һ-индексі – 11, Университет ғалымдарының мақалаларына сілтеме жасау индексі - 1.6, һ-индексі бар ғалымдар саны -191 (2018 жылмен салыстырғанда 2 есе артты - 86) SciVal ғылыми-аналитикалық платформасын қолдану үшін тіркелу жасалды. SciVal әлемнің 230 еліндегі және 12000 ғылыми-зерттеу ұйымының, елдердің және зерттеушілердің зерттеу нәтижелерін шолуға және талдауға мүмкіндік береді. Яғни, SciVal үшін негізгі деректер көзі -  Scopus. Scopus - зерттеу жобаларын іздеуге, талдауға және визуализациялауға арналған құралдары бар ең үлкен рецензияланған әдебиеттер базасы екендігін атап өткеніміз жөн. Осыған байланысты Факультеттерде ОПҚ үшін семинарлар жиі ұйымдастырылып отырады. Тағы бір айтат кететін жәйт, республика оқу орындары арасында SCOPUS базасында соңғы бес жылда жарияланған мақалалар саны бойынша рейтингіде біздің университетіміз алтыншы орынды иеленді. Мұндағы көрсеткіштер бойынша мақала саны 494, сілтеме саны 687, авторлар саны 592 екендігін көруге болады. Бұл да тәп-тәуір жетістік дей аламыз. 2020 жыл біздің университет ұжымы мен студентері үшін ерекше қуанышты жыл болды. Оқу орны ерекше мәртебе алды. Осыған орай университеттің Стратегиялық даму жоспарының әлемдік ғылым кеңістігіне интеграциялануының индикативті көрсеткіштерін орындаудағы ОПҚ мен ғылыми қызметкерлердің белсенділігінің арттыру іс-шаралары одан әрі қарай да нақтыланып, жауапкершілігі арттырыла түседі деген нық сенімдеміз. Сонымен бірге, ғалымдардың бәсекелестік ортасын арттыру мақсатында түрік дүниесі мемлекеттерінен инновациялық зерттеулерде индикативті көрсеткіштері жоғары ғалымдарды қызметке тарту мәселесі де кеңінен қарастырылып келеді. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру кезеңінде өмір сүріп жатқан еліміздің ертеңіне сай бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне біздің оқу орнымыз да сүбелі үлес қосатыны анық. Бұл ретте, сапалы білімді ғылыммен ұштастыру мәселесі оқу ордасының басты мақсаты болмақ.

Болатбек Абдрасилов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, академик