Коронавирус індетінен Жамбыл облысында бір адам көз жұмды. Ресми ақпарат бойынша марқұм 1959 жылы туған ер адам. Павлодар облысының тұрғыны. Коронавируспен қоса созылмалы ауруы да болған. Жалпы науқас 20 наурыз күні үйінен шығып бірінші Ресей мемлекетіне барған. Одан кейін Белоруссия мен Польшаға да соққан. 27 наурыз күні Чехия мемлекетіне аялдаған. 12 сәуір күні дәл сол жолмен Қазақстанға келіп, 16 сәуір күні Қырғызстан мемлекетіне соққан. Міне, осы елден кері Қордай ауданы Қарасу бекетінен өткелі жатқан кезде дәрігерлер дене температурасы көтеріліп тұрғанын анықтап, жедел түрде ауруханаға жатқызған. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, Қырғызстанда тапсырған сынамадан азаматтың коронавирус жұқтырғаны көрінбеген көрінеді. Алайда біздің дәрігерлер шекара бекетінен індетті анықтап, тиісті шараларды дер кезінде қабылдаған. Тексеру анықтағандай науқас жол бойы ауырып келе жатса да қажетті ем-дом қабылдауға немесе тексерілуге тоқтамаған екен. Өңір дәрігерлері науқастың өмірі үшін күрескенімен тынысы тарылған марқұм 4 мамыр, бүгін түнде жан тәсілім етті. Марқұмның жерлеу рәсімі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындай отырып жүргізілетін болады.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы