Елімізде төтенше жағдайға байланысты әскерге шақыру науқаны тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.tv. Мемлекет басшысы азаматтарды мерзімді әскери қызметке қабылдау уақытын биылғы маусымнан тамызға ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Айта кетейік, мұндай шешім ел тарихында алғаш рет жасалып отыр. «Жарлықта азаматтарды әскерге шақырудың бұдан бұрын бекітілген мерзімін ағымдағы жылғы маусымнан тамызға дейін ұзарту көзделеді. Азаматтарды әскерге шақыру төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін қайта жүргізіледі. Және 31тамызға дейін ұзартылады», – деді ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен ЖҮСІПОВ. Ал әскерде жүргеніне бір жыл толған сарбаздар әзірге үйіне қайтпайтын болды. Олар Төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін ғана запасқа шығарылмақ. Сәкен Жүсіповтың сөзінше, Қарулы күштер қазір әртүрлі міндеттерді атқарып келеді. Мәселен, 9500 әскери қызметші патрульдеу, дезинфекциялау сияқты жұмыстарға тартылған.