Қазақстанда белгісіз адамдардың мәйіті де коронавирусқа тексеріліп жатыр
Қазақстанда белгісіз адамдардың мәйіті де коронавирусқа тексеріліп жатыр
tengrinews.kz
91
оқылды
Қазақстанның сот-сараптамалық қызметі қазіргі пандемияға байланысты төрт категориядағы мәйіттерді міндетті түрде коронавирус инфекциясына тексереді. Егер вирус табылып жатса, олар мәйітті ашпай, туысқандарына тапсыруға тырысады, - деп жазады azattyq-ruhy.kz. Әділет министрлігі сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің басшысы Асқар Үмбетәлиевтің айтуынша, департамент өз ішінен мәйіттерді ашу-ашпау туралы алгоритмнің бұйрығын шығарған. Қазір Қазақстанда мәйітханаларға түсіп жатқан адамдардың денесі екі категорияға бөлінген.
«Осы мәйіттер арасында, біріншіден, карантин аумағынан шыққан мәйіттер, екіншіден, белгісіз мәйіттер, үшінші, карантин аумағында тұрған немесе карантинде емделген мәйіттер, төртінші, коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың немесе сол инфекциядан қайтыс болған адамдардың арасында жүрген медициналық қызметкерлер мен сот сараптама қызметкерлерінің мәйіті болса, олардың бәрі вирусологиялық зерттеу сараптамасына жіберіледі. Ашылмай, тексеріледі. Тексеруден кейін ол кісінің ауырғаны белгілі болса, біз құқық қорғау органдарына «мына мәйіттен коронавирус табылды, сондықтан, мәйітті ашпай, туысқандарына берейік» деген мәтінде хат жолдаймыз.  Құқық қорғау органдары ашпауға келісім берсе, біз Қазақстандағы бас санитар дәрігер бекіткен алгоритіміне сәйкес, мәйітті туысқандарына береміз», - деп түсіндірді.
Ол сондай-ақ, сараптама орталығына түскен мәйіттердің бәрі зорлықпен өлген және зорлықсыз өлген деп бөлінетінін хабарлады.
«Менің қазір айтып отырғаным -  зорлықсыз өлген мәйіттер. Ал, денесінде зорлық белгілері бар  мәйіттердің бәрін ашамыз, тесереміз. Сондай-ақ, вирусологияға да жібереміз», - деп түсіндірді.
Қазақстанда 4 мамырдағы жағдайға сәйкес, 27 адамның коронавирус инфекциясынан қаза тапқаны белгілі. Сөз соңында Асқар Үмбетәлиев сақтық шараларының арқасында бұл адамдардың мәйітін тексерген сот-сараптама қызметінің мамандары вирус жұқтырмағанын хабарлады.