Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Іс жүзінде біргеміз!» атты онлайн-сұхбаттар сериясы бастау алды.
Оқу орнының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенер болсақ, 4-5 мамыр аралығында ұйымдастырылатын шарада жоғары оқу орнының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен студенттер түрлі тақырып аясында шеберлік сыныптарын өткізіп, әрқилы тақырыптар бойынша әңгіме өрбітпек.
Атап айтқанда, алғашқы күні Қыздар университетінің «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры Күлмаш Елшібаева мен психолог Сәлима Бегасылова «Үй жағдайындағы балалар ойындары (балалардың психологиялық ахуалы»), «Қашықтан оқыту кезіндегі мектеп мұғалімдерін психологиялық қолдау» тақырыптарында онлайн-сұхбат өткізді.
Алматы қаласындағы мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары қатысқан шарада мамандар құм терапиясы арқылы балалардың психологиялық ахуалын тепе-теңдікте ұстаудың түрлі тәсілдерін ұнтақ жармасымен тәжірибе жүзінде көрсетті. Құмдағы ғажайып ойындар мен құммен сурет салу әрбір оқушының ерекше қызығушылығын тудырды.
– Онлайн сұхбат барысында психологтар адамның көзі мен қасын, гүл түрлерін, жаңбырдан құймақ жасау, ою-өрнек түрлері сынды жеткіншектердің ой-қиялын шыңдап, көңілдерін жайландырып, жан тыныштығын сезіну жаттығуларын жасай отырып, оларды оқушылармен бірге жасап үйлесімді кері байланыс орнатты. Бұл әрекеттер өз кезегінде бүлдіршіндердің қиялын кеңейтіп қана қоймай, олардың сана-сезімін дамытуға септеседі, – дейді оқу орнының Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова.
Мамандардың айтуынша, аталған терапия түрінің құм ойындарын 3 жастан бастап, ересек адамдар да жасауға болады. Яғни, жас ерекшеліктерге қандай да бір шектеу жоқ.
– Құм терапиясы сабырлылық, зейінділік, қырағылық сынды қасиеттерді қалыптастырады. Аталған терапия көпшіліктің күнделікті бетпе-бет келіп жүрген көптеген келеңсіздіктеріне оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз, – деп атап өтті Күлмаш Елшібаева.
Сонымен қатар шара шеңберінде Волонтерлер лигасының республикалық филиалының төрағасы, Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Айсұлу Ерниязова «Карантиндік шаралар еріктілер жұмысына қалай әсер етті?» тақырыбында сөз қозғап, келелі ойымен бөлісті.