ШҚО-да із-түзсіз жоғалып кеткен малшының денесі табылды
ШҚО-да із-түзсіз жоғалып кеткен малшының денесі табылды
© Сурет ғаламтордан
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында із-түзсіз жоғалған малшы суға батып кеткен. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 сәуір күні жоғалған малды іздеуге шыққан 1987 жылғы ер адам сол күйі хабар-ошарсыз кеткен. Туған-туыстары полицияға хабарласқан соң, бірден іздестіру жұмыстары қолға алынды. Жергілікті тұрғындар малшының жеке заттарын Үржар өзенінің жағасынан тапқандықтан тәртіп сақшылары оны суға батып кетті деп болжаған. Алғашқы күндері жоғалған азаматты іздеуге құтқарушылар мен өрт сөндірушілер кірісті. Еш нәтиже болмаған соң 30 сәуірде Өскемен қаласынан келген жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмылдырылған.
«Іздестіру жұмыстарына сүңгуірлер де тартылды. Олар лай өзенге 9 рет сүңгіді. Сондай-ақ қайықпен жағалауды, құлаған ағаштардың маңын тексердік. 2 мамыр күні су айдынын шолып шыққанымызда сол жерден 5-6 шақырымдай қашықтан ер адамның денесі табылды. Қазір мәйіт аудандық полиция бөліміне берілген», - деді жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Ермек Тілегенов.