Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тәртіп сақшысы 3 баланы өрттен құтқарып қалған. Полиция капитаны Иван Назаров 20 сәуір күні болған оқиғаның егжей-тегжейін ешкімге жар салып айтпаған. Оның ерлігі жайлы балаларын құтқарғанына риза болған ата-аналардан белгілі болды. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат таңғы 05:00 шамасында полицей Интернациональный көшесіндегі жер үйлердің бірінің ауласындағы нысанда өрт шыққанын байқап қалады. Бірден сол жерге жүгіріп барған полиция қызметкерінің алдынан үрейленген әйел атып шығып, өрт шалған ғимаратта кішкене балаларының барын айтқан. Иван Назаров еш ойланбастан отқа оранған ғимаратқа кіріп, үш баланы құтқаруға ұмтылды. Іші түтінге толып, көру мүмкіндігі нашарлағанына қарамастан ол ұйқыда жатқан балаларды көрпеге орап, сыртқа алып шыққан.
«Полиция қызметкері батыл әрі жылдам қимылдап балаларымыз құтқарып қалды. Сондай-ақ ол тілсіз жаудың көршілес үйлерге таралуын тоқтатуға көмектесті. Біз Иван Назаровқа мың да бір алғысымызды айтамыз», - дейді Риддер қаласының тұрғыны Галина Колесникова.Қазіргі таңда тәртіп сақшысы тұрғындарға өрт кезінде жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге көмектесуде.