Сенаттың басты міндеті – сапалы заң қабылдау
Сенаттың басты міндеті – сапалы заң қабылдау
133
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­тысуы­мен Пар­ламенттің жоғарғы па­латасының оты­ры­сы болды. Жиында Президенттің ұсынысы бойын­ша се­наторлар жасырын дауыс беру ар­қылы Мәулен Әшімбаевты Сенат төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Депутаттарға қайырылған Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің қуатына, Елбасының сараб­дал стратегиясына сенетінін, бұл құн­дылықтар қандай сынақтан да абыроймен шы­ғуға жол ашатынын жеткізді. – Біздің ұзақмерзімді стратегиялық да­му жолымыз бар. Қандай қиындық болса да Елбасы стратегиясын жүзеге асырамыз. Бұл – саяси сабақтастықты  сақтау деген сөз. Тұң­ғыш Президентіміз – мемлекетіміздің не­гі­зін қалаушы, әлемдік деңгейдегі тарихи тұл­ға. Мұны ешқашан ұмытпауымыз қажет. Сон­дай-ақ өскелең ұрпаққа түсіндіргеніміз жөн, – деді Қ.Тоқаев. Елбасы 24  сәуірде Қауіпсіздік кеңесі оты­рысында келешектегі экономикалық стра­тегиямыз жөнінде айтып, айқын бағдар көр­сетті. – Мен 27 сәуірде арнайы мәлімдеме жа­­садым. Үкімет пен әкімдердің алдына нақ­ты міндеттер қойдым. Осыған орай, ке­­­шенді іс-қимыл бағдарламасы бар деп кү­­­мәнсіз айтуға болады. Оны ешқандай қо­­сымша мәлімдемелермен толықтырмай жү­зеге асырған жөн! Үкімет пен Ұлттық банк экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізуде. 11 мамырға  дейін ар­найы жоспар дайындалады. Экономикада түбегейлі реформа жүргіземіз. Бұл – аса күр­­делі міндет. Экономикалық өсімді қал­пы­на кел­тіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру қа­жет, – деді Президент. Мемлекет басшысы пандемиядан сабақ алудың маңызын атап өтті. – Кейбір салада кемшін тұстарымыз бар. Мұны індеттен туындаған ахуал анық аң­ғартты. Сондықтан алда тұрған бірқатар мін­деттерге назар аударғым келеді. Бірінші ке­зекте денсаулық сақтау жүйесіне баса мән берген жөн. Бұл саланы жаңғырту үшін тың бастамаларды қолға алуымыз қажет. Заман талабына сай ауруханалар салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса маңызды. Бұдан былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың әлеуеті зор. Мамандарға лайықты жағдай жасап, нақты қолдау көрсеткен абзал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар сынақта сыр берген бі­лім жә­не ғылым саласы толығымен жаң­ғыр­ты­ла­тын болды. Онда енді озық тех­­ноло­гия­ларды кеңінен қолдануға, цифрлан­дыру­ға мән беріледі. Мұны Президент «басты мін­деттердің бірі» деп белгіледі. – Біз бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адами капиталды дамытуымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Өйт­­кені Қазақстанның болашағы білімді әрі білікті азаматтардың қолында. Мемлекет тө­тенше жағдай кезеңінде мұқтаж жандарды ерек­ше қамқорлыққа алды. Мұндай іс-ша­ра­лар тіпті дамыған мемлекеттерде де болған жоқ. Тағы бір маңызды мақсат – шағын жә­не орта бизнесті өркендету. Оған мемлекет та­ра­пынан барынша қолдау көрсету керек. Ұлттық экономиканы әртараптандыру – кезек күттірмейтін міндет. Шикізатқа тәуел­­ді­ліктен арылу үшін отандық өн­діріс­тің жұ­мы­сын жандандыру қажет, – деді Қ.Тоқаев. Ол Қазақстанда саяси реформалар жал­ғасын табатынын нықтады. Ел Президенті Дариға Назарбаеваның палата төрағасы лауа­зымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған ризашылығын білдірді. Қазіргідей күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін сенаторларды жұ­мыла жұмыс істеуге шақырған Қ.Тоқаев Се­нат төрағасы лауазымына Мәулен Әшім­баев­тың кандидатурасын ұсынды. – Ол мемлекет ісінің қыр-сырын жетік мең­герді, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Парламент жұ­мысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүк­телген міндеттерді абыроймен атқарып ке­леді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен ат­­қарарына күмәнім жоқ, – деді Мемлекет бас­шысы. Жасырын дауыс беру қорытындысы барлық  депутаттың Қазақстан Президенті-нің ұсынысын қолдағанын көрсетті.  

Айхан ШӘРІП