Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттің жоғарғы палатасының отырысы болды. Жиында Президенттің ұсынысы бойынша сенаторлар жасырын дауыс беру арқылы Мәулен Әшімбаевты Сенат төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Депутаттарға қайырылған Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің қуатына, Елбасының сарабдал стратегиясына сенетінін, бұл құндылықтар қандай сынақтан да абыроймен шығуға жол ашатынын жеткізді. – Біздің ұзақмерзімді стратегиялық даму жолымыз бар. Қандай қиындық болса да Елбасы стратегиясын жүзеге асырамыз. Бұл – саяси сабақтастықты сақтау деген сөз. Тұңғыш Президентіміз – мемлекетіміздің негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға. Мұны ешқашан ұмытпауымыз қажет. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа түсіндіргеніміз жөн, – деді Қ.Тоқаев. Елбасы 24 сәуірде Қауіпсіздік кеңесі отырысында келешектегі экономикалық стратегиямыз жөнінде айтып, айқын бағдар көрсетті. – Мен 27 сәуірде арнайы мәлімдеме жасадым. Үкімет пен әкімдердің алдына нақты міндеттер қойдым. Осыған орай, кешенді іс-қимыл бағдарламасы бар деп күмәнсіз айтуға болады. Оны ешқандай қосымша мәлімдемелермен толықтырмай жүзеге асырған жөн! Үкімет пен Ұлттық банк экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізуде. 11 мамырға дейін арнайы жоспар дайындалады. Экономикада түбегейлі реформа жүргіземіз. Бұл – аса күрделі міндет. Экономикалық өсімді қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру қажет, – деді Президент. Мемлекет басшысы пандемиядан сабақ алудың маңызын атап өтті. – Кейбір салада кемшін тұстарымыз бар. Мұны індеттен туындаған ахуал анық аңғартты. Сондықтан алда тұрған бірқатар міндеттерге назар аударғым келеді. Бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіне баса мән берген жөн. Бұл саланы жаңғырту үшін тың бастамаларды қолға алуымыз қажет. Заман талабына сай ауруханалар салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса маңызды. Бұдан былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың әлеуеті зор. Мамандарға лайықты жағдай жасап, нақты қолдау көрсеткен абзал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар сынақта сыр берген білім және ғылым саласы толығымен жаңғыртылатын болды. Онда енді озық технологияларды кеңінен қолдануға, цифрландыруға мән беріледі. Мұны Президент «басты міндеттердің бірі» деп белгіледі. – Біз бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адами капиталды дамытуымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Өйткені Қазақстанның болашағы білімді әрі білікті азаматтардың қолында. Мемлекет төтенше жағдай кезеңінде мұқтаж жандарды ерекше қамқорлыққа алды. Мұндай іс-шаралар тіпті дамыған мемлекеттерде де болған жоқ. Тағы бір маңызды мақсат – шағын және орта бизнесті өркендету. Оған мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету керек. Ұлттық экономиканы әртараптандыру – кезек күттірмейтін міндет. Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндірістің жұмысын жандандыру қажет, – деді Қ.Тоқаев. Ол Қазақстанда саяси реформалар жалғасын табатынын нықтады. Ел Президенті Дариға Назарбаеваның палата төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған ризашылығын білдірді. Қазіргідей күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін сенаторларды жұмыла жұмыс істеуге шақырған Қ.Тоқаев Сенат төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды. – Ол мемлекет ісінің қыр-сырын жетік меңгерді, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқарарына күмәнім жоқ, – деді Мемлекет басшысы. Жасырын дауыс беру қорытындысы барлық депутаттың Қазақстан Президенті-нің ұсынысын қолдағанын көрсетті.
Айхан ШӘРІП