Нұр-Сұлтан қаласының әуежайындағы ұрлық туралы қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаменті басшысының орынбасары Мэлс Ақылбаев арнайы брифингте мәлімдеді.
– «Астана халықаралық әуежайы» АҚ-тың (қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – ред.) сегіз адамға қатысты қылмыстық ісі сотқа жіберілді. Оның ішінде басқарманың бұрынғы төрағасына немқұрайлылық ісі бойынша және бас есепші мен басқаларына 1,7 миллиард теңгені ысырап ету ісі бойынша іс қозғалды. Заңды тұлғаға 401 миллион теңге шығын өтеліп, мүлкі тәркіленді. Тергеу барысында республикалық деңгейдегі үш адамға қатысты бірқатар қылмыс анықталды, – деді Мэлс Ақылбаев.Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының бас есепшісіне 1,7 млрд теңгені жымқырды және қаржы-шаруашылық қызметіне аудиттік тексеру жүргізбеу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне 16 млн теңге пара ұсынды деген айып тағылғаны хабарланды. Екіншіден, әуежайдың 30-дан астам компанияның шотына іс жүзінде орындалмаған қызметіне деп 1,7 млрд теңге аударуы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Осыған байланысты «Астана халықаралық әуежайы» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы жауапқа тартылып, оның әрекеті немқұрайлылық деп танылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2019 жылдың сәуірінен бастап елорданың әуежайындағы ұзақ жылғы қылмысты тергеумен айналысуда. Бұл іс бойынша «Астана халықаралық әуежайы» АҚ бұрынғы бас есепшісі Әлия Бабашева басты күдікті деп танылды. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылдың мамыр айында ұрланған ақшаның келісімшарттары жоқ және орындалмаған жұмыстар үшін жалған шот-фактуралар шығарумен айналысатын 23 фирманың есеп айырысу шоттарына аударылғаны анықталды.
Бауыржан БАЗАР