Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін ақысының мөлшерін азайту бойынша жүйелі шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. Оны орындау аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызметті жеткізушілермен келісімшарты бар тұтынушылар үшін коммуналдық қызметті төлеуді қарастыратын тетік әзірледі. Нақтырақ айтқанда, карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес шоттарына 2 ай бойы 15 мың теңгеден аударып отырады. Мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде төлем алушылардың келесі санаттары айқындалған. Олар: 1, 2, 3-топ мүгедектері; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көпбалалы отбасылар; ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары; төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.
«Төлемді алу үшін тұтынушы ақпараттық жүйелер немесе Call-орталық арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтінім беруі керек. Әкімдік ұсынылған деректерді тексеріп, мәліметтер рас болған жағдайда коммуналдық қызметтер тұтынушысының дербес (абоненттік) шотына қаржы аударады» делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан хабарламада.Енді мемлекет жағдайы жұтаң жандардың коммуналдық қызметке кеткен шығынын өтейді. Шамамен 1 млн 600 мың адамға көмек беру көзделген. Осылайша, карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес шоттарына 2 ай бойы ай сайын 15 мың теңгеден жіберіп отырады. Яғни, көмекке мұқтаж әр адамның есепшотына 30 мың теңгеден түседі. Қазіргі кезде коммуналдық қызметке берілетін 15 мың теңгені өтеу үшін карантин жарияланған өңірлерде өтінімді қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Әбілмансұр ЖАСАН