Балаңыз қауіпсіз бе?
Балаңыз  қауіпсіз бе?
341
оқылды

Бала – адамның өмірдегі ең маңызды жетістігі, елдің ертеңгі болашағы. Оның күлкісі бүкіл әлемге сән береді. Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы орайда еліміздің кішкентай азаматтарының қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөліп жүрміз деген сауал туындайды.

Баланың тағдыры оны тәр­биелеп отырған адамдарға бай­ланысты. Жаз мезгілі – бала­лар үшін қауіпті кезеңнің бірі. ­Өйт­кені осы уақытта олар түрлі жарақат алып жатады. Мәсе­лен, құлау, күйіп қалу, улану, ­тұншығу, жол-көлік оқиғалары және т.б.

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) зерттеуіне сәйкес, Қазақ­стан­дағы және әлемдегі балалар өлі­мі және оларды емдеуге жатқызудың басты себептерінің бірі – жа­рақат. Денсау­лық сақтау сала­сын­дағы рес­пуб­ли­калық электрон­ды орталықтың мәліметтері бойынша, 2017 жылы 1,283 бала жазым болған, ал 27,702 бала бай­қаусыз жарақат алып, ауруханаға түскен.

Жыл сайын республикада 600 мыңнан аса адам түрлі жара­қат алып жатады. Оның 22%-ы – балалар мен 14 жасқа дейінгі балалар.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстелде ЮНИСЕФ және ДДҰ-ның жарақаттану, денсаулық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшысы Джоан Винсентен Қазақстанның 8 өңірінде 0-14 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында өткізген сауалнаманың қорытындысын жариялады.

Сауалнамаға 3000 отбасы қатысқан. Соған сәйкес, қазақстандық ата-аналардың 84%-ына балаларды қауіп-қатерлерден қор­ғау қиынға түсетіні анық­талды. 82 пайызы инфра­құрылым сапасыз жобаланған деп санайды екен. Ал 80 пайызы заңнама жеткілікті деңгейде сақталмайды және қорғалмайды деп ойлайды. Нәтижесінде, елі­міздегі ата-аналардың балалар арасындағы жарақаттанушы­лықты төмендетуге ықпал ететін қағидалар мен нормалардың сақ­талуын қамтамасыз етуге мем­лекет қолдау көрсетуі тиіс деп есептейтіні белгілі болды.

Балалардың жарақат алуына себеп болатын тағы бір жағдай – құ­лап қалу. Құлау салдарынан әлем­де күн сайын 130 бала көз жұ­мады екен. 2017 жылы елімізде осы­ған байланысты 15,780 жағдай тіркелген.

Еліміздегі бала өлімінің негізгі себебі – күйік шалу. 2016 жылы елімізде күйік шалу салдарынан 98 бала жазым болса, 2017 жылы кү­йіп қалғандықтан жарақат алған 2,529 жағдай орын алған. Күйік шалу салдарынан болған жарақат өте ауыр әрі ұзақ емді қажет етеді. Мұндай жағдай ­кө­біне балалар үйде сіріңкемен, майшаммен, отшашумен ойна­ғанда және электр тоғына қандай да бір затты тыққанда орын алып жатады.

Уланудың да себебі көп. Ба­ла дәріні кәмпитпен шатастырады. Улану оқиғаларының көбі дә­рі­ні балалардың қолы жететін жерге қою себебінен болады екен. Сонымен бірге, балалардың химиялық заттарды қолдануы да улануға әкеп соқтырады. Олар: ыдыс жууға арналған құ­­ралдар, құрамында хлоры бар ері­­тінділер және тырнақ бояуға ар­налған заттар.

Жол-көлік оқиғасы салдары­нан әлемде жыл сайын 18-ге толмаған 186 мыңнан аса бала опат бо­лады екен. Бұл оқиғалар 0-14 жас аралығындағы балалар өлімі мен ауыр жарақаттың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Сондықтан мамандар жол ережесін сақтап, жылдамдықты азайту керек деп дабыл қағуда.


Тақырыпқа орай

Зәуре АХМЕТОВА,
Денсаулық сақтау министрлігі 
Қоғамдық денсаулық сақтау
саясаты департаменті 
директорының орынбасары:

– Жарақаттар, жазатайым оқи­ғалар және улану – өлім-жітім және мүгедектікке алып келетін бас­ты себептердің бірі.

Балалар жарақатын барынша азайту, оның салдарынан болатын өлім мен мүгедектікті төмендету мақсатында жақын мерзім­дік, орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік келешекке әзірленген нақты іс-қимылдар жос­парымен жұмыс істеуіміз қажет. Бүгін республикадағы балалар жарақаттануы бойынша ағым­дағы мәселелерді Қазақстанда балалар жарақатының алдын алу жөніндегі ҚР заңнамасына және құқық қабылдаушы практикаға, стратегия мен іс-қимылдар жос­парына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу мә­се­лелерін талқылауды ұсынамын.

 

Юрий ОКСАМИТНЫЙ,
БҰҰ-ның Балалар қорының
(ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі:

– Балалардың жиі жарақаттануы бізді алаңдатады. Күн сайын дерлік апаттар, өрттер, суға батып кету және терезеден құлау туралы жаңалықтарды естіп жүрміз.

2017 жылы жарақат салдарынан 27 мыңнан астам бала ауруханаға жатқызылды, ал 1 283 бала жазым болды. Осы себепті Қоғамдық денсаулық сақтаудың ұлттық орталығымен, Электронды денсаулық сақтау орталы­ғымен, статистика комите­тімен бірге халықты ақпараттандыру және профилактикалық іс-шаралар жайлы мамандар мен ата-аналарды, балаларды оқы­ту мақсатында жұмыс істейміз. Басқа мемлекеттік органдар­дың, бизнес өкілдері мен ата-ана­лардың қауымдастықтарын да осы серіктестікке қосылуға ша­қырамыз.

 

Джоан ВИНСЕНТЕН,
Жарақаттану, денсаулық және қоршаған орта 
мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы:

– Бала жарақатын болдыр­мау – қазір мемлекет үшін ма­ңызды мәселе болып отыр. Енгізуге тиісті ең тиімді жүйе – жол­дағы жыл­­дамдықты азайту. Заң бар, ере­же бар. Оның орындалуы ма­ңыз­ды. Жолда ғана емес, көлік қоя­тын орындарда да түрлі жағдай бо­лып жатыр. Көліктегі адамдар оқыс қимыл жасайды, тез шығып кеткісі келеді де, жылдамдықты арттырады.

Бала өліміне және жара­қат алуына байланысты себептер­ді анықтайтын статистика бар. Осын­­дай жағдайлардың басым бөлігі жол-көлік оқиғалары салдарынан болатыны анықталды. Сауалнама жүргізген кезде де ата-аналардан осындай жауап алдық. Үнемі бақылап отыру қиын. Өйткені мұндай жағ­дай­лар үйде болмайды. Оқыс оқи­ғаның алдын алу, оны болдырмау – тек ата-ананың ғана қолында емес.

Мотоцикл жүргізушілеріне арнайы бас киім кию, жылдамдықты асырмау – шарт. Оны полиция қызметкері бақылайды. Бас киім кимеген, жылдамдық­ты көбейткен жағдайда оларды ұстайды. Тура осындай тәртіпті жеңіл көлік жүргізетіндерге де қолданса, жетістікке жетуге болады.

Динара ҚҰСАЙЫН,
ата-ана, бала қауіпсіздігіне арналған 
«Аман сәби» жобасының авторы:

– Бала қауіпсіздігі Қазақ­стандағы өзекті мәселе екенін білемін. Өзім екі баланың анасымын. Декреттік демалыста отырғанда осы мәселені терең зерттей бастадым.

Қазір ата-аналарда толық ақ­парат жоқ. Балаларды қорғауға қа­тысты көп дүниені білмейді. Ата-анасы берген тәрбиеге ғана сүйенеді. Алайда бұрын биік ғимараттар, құрамында химиялық заттар бар азық-түліктер болған жоқ қой. Әрине, бұл қауіп-қатерді үдетеді. Бұл істе барлық мемлекеттік органдар бірігуі керек. Ақпаратты барынша тарату керек. Мәселен, 
2014 жылы осы тақырыпты зерт­тей бастағанда қазақ, орыс тіл­дерінде жеткілікті ақпарат ала алмадым. АҚШ, Ұлыбритания, Ка­нададағы сайттардан алып отыр­дым. Шет тілін меңгеруімнің арқасында пайдалы дүниелерге қол жеткізіп, оны елімдегі ата-аналарға жеткізсем деген ой келді. Балаларды балабақшадан бастап үйретуіміз керек. Не­ше түрлі оқиғалар орын алып жатыр. Адам баласы апатты жағдайда өзін қалай қорғауы керек? Мектепте осыған байланысты арнайы пән оқытылуы керек деп есептеймін.

Насима ЖҮНІСОВА,
Қоғамдық денсаулық сақтау оқу орталығының
Инфекциялық емес аурулардың алдын алу 
департаментінің бөлім басшысы:

– Жарақат алу инфекциялық емес аурулардың ішінде 4 орында тұр. Жарақат алғаннан кейін мүгедек болып қалатындар бар. Осы бойынша да 4 орында. Бұл дегеніміз – осындай жағдайлармен тіркелетін адамдардың көптігін біл­діреді. Балалардың жасына бай­ланысты жарақат түрлері де әртүрлі болып келеді. Мәселен, 1 жасқа дейінгі ба­ла­лардың ішінде көп кездесе­тіні – тұншығу. Сәбилер суға, анасы емізіп жат­қанда ұйық­тап кетіп тұншығып жатады. Қою тамақ­тар­ды, ұсақ ойыншықтарды жұ­тып қойып, қақалып қалады. Сон­дықтан ата-аналар балаға ойыншық ал­ған­да баланың жас ерек­шелігін ес­керуі керек. Оның асқазанға түс­кенде үлкейіп кететін түр­лері де болады. Ал 4 жас­қа де­йінгі ба­ла­ларда улану, құлау, күйіп қалу оқиғалары жиі кездеседі. Жарақаттың 74 пайызы тұрмыс­тық жағдайда орын алады екен. Балалардың қауіп­сіздігіне байланысты елімізде ар­найы жол картасы, ұлттық жос­пар бар. Оның ішінде балалардың жарақатын азайтуға қатысты арнайы бөлім бар. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған жолдарды жөндеу жұмыстары да кіреді. Жарақат алуға баланың ебінің аздығы да себеп болып жатады. Жол картасында балалардың физикалық тұрғыда мықты болуы үшін спортпен айналысуға мүмкіндік жасау, дене шынықтыру сабағында жүзуге үйрету жұмыстары қарастырылған.

Жапония 10 жыл ішінде балалар арасындағы жарақатты 50 пайызға азайтты. Әлем бойынша қауіптің басым бөлігі жол апатынан, одан кейін судан болып жатыр. Жапония қауіптің алдын алу үшін балалардың киім кию үлгісін өзгертті. Айрықша, көзге бірден түсетін түстегі киімдер кигізді. Көлікке балаларға арналған креслоны қоюдың өзі қауіп-қатерді мейлінше азайтты. Дамыған елдердің тәжірибесі бізге де жетеді деп ойлаймын.

Бала әсіресе, 4 жасқа дейін ата-ананың қарауында болуы керек.



Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ