EXPO эволюциясы: Көрмеден көк базарға дейін
EXPO эволюциясы: Көрмеден көк базарға дейін
247
оқылды
Елордада EXPO халықаралық мамандандырылған көр­месі өткеннен кейінгі өмірде » ұлт­тық ком­па­ниясы өз орнын таба алмағандай. Көрме ке­ше­ні орнын­да «Ас­тана» қаржы орталығы ашылды. Көрме сал­та­на­ты өткен залдар Нұр-Сұлтан әкімдігінің Nomad City Hall ком­му­налдық қазыналық кәсіпорнына айналды. Демек, көрме ком­паниясының ісінде мән қалмаған еді.  Бірақ ұлттық компания қыз­метін жалғастырып жатыр. Тұ­лып­қа мөңіреген сиырдай көрін­бе­сін деді ме, Үкімет 2019 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен оның «Астана EXPO-2017» атауын «QazExpoCongress ұлттық ком­паниясы» АҚ етіп өзгертті. Ақпарат құралдарында «EXPO компаниясының бүгінде немен айналысып, ел қаржысын қандай мақсатта шығындап жүргені бел­гісіз» деген сын айтылып қал­ды. Рес­ми мәліметке жүгінсек, ұлт­тық компания жалпы ауданы 43 220 шаршы метрлік 3 қабатты «Конг­ресс-Орталық» көпфунк­цио­нал­ды, мәдени, ойын-сауық ны­са­ны­на және «Нұр-Әлем» сфе­расына иелік етеді екен. Коро­на­вирус, төтенше жағдай және ка­ран­тин сал­дарынан бұл екеуі де қа­жетке жа­рамай, жабық тұр. Оның үстіне, таяуда қоғамдық тал­қылауға жылт етіп бір шы­ғары­лып, ізінше алып тасталған ұлттық компанияның 2015-2024 жыл­дарға арналған даму стра­тегиясына өз­герістер жобасында бұл нысан­дар­дың шығынды екені жазылды. Құжатта «көрменің мұрасы – Нұр-Әлем сферасы АҚ-тың стратегия­лық тәуе­кел­дері» қатарына жатқы­зылыпты. Өйт­кені біріншіден, сфе­раға келу­ші­лер санының аз болуына байла­ныс­ты кіріс төмен­деген. Екінші­ден, «орташа чектің», яғни келу­ші­лер жұмсайтын ақ­ша­ның азаюы нәтижесінде табысы ке­мі­ген деседі. Үшіншіден, алып сфе­раның зақымдануы оны ұстап тұру шығынын арттыра бастаған. Бұдан бөлек, ұлттық ком­па­ния­ға берілген коммерциялық алаң­­­дар жеткіліксіз пайда­ла­ны­лып, одан түсер кіріс те төмендепті. «Клиенттерді жоғалту салдарынан кі­рісті жоғалту (бизнес-орта­лық­тың зәкірлік бастамалары мен клиент­тері)» деген тәуекел анық­тал­ды. Сондай-ақ ірі жалға алу­шы­лар­дың коммерциялық жыл­жы­май­тын мүлікті жалдауынан түсе­тін кіріс те құлдыраған. Бұған қоса, осы активтердің зақымдануына бай­ланысты да шығасылар ұлғай­ды. Айтпақшы, ел тарихындағы ең қым­бат форумның бірі – 2 мил­лиард 850 миллион теңге бюджет шы­ғынын талап еткен Дүние­жүзі­лік сауда ұйымына мүше елдер ми­нистрлерінің конференциясы осы алаңдарда өтуі керек болатын. Сон­да аста-төк кіріске кенелетін бе еді? Алайда дағдарысқа орай бюд­жетті үнемдеу шаралары және пан­демия арқасында Қазақстан оны өткізуден бас тартып, ДСҰ-ға дұғай сәлем жолдады. Іс-шара  8-11 мау­сымға жоспарланған-тын. Жаһан­дық ұйым оны қай елге кө­шіретіні жөнінде әзірге шешім қа­былдаған жоқ.  

Жаңа сала тізгінін ұстауы мүмкін

Ел Үкіметі EXPO ұлттық ком­па­ниясын қай салаға бағыттау жө­­­нінде ойласуда. Әйтпесе, бұған дейінгі оған жүктелген «Қазақ­стан­да қаржылық, білім беру, конг­ресс-көрме, инновациялық қыз­мет саласында озық тәжірибелерді іл­герілететін қазіргі заманғы іс­кер­лік кеңістік құру» деген міндет нақ­ты нені білдіретіні беймәлім. Осы орайда, QazExpoCongress-тің 2024 жылға дейінгі даму стра­те­гиясына өзгеріс аясында оның мис­­сия­сына «сауда инфрақұрылы­мын дамыту» саласын қосу ұсы­ныл­ды. Сауда және интергация ми­нистрлігі көтерген осы баста­ма­ны Төтенше жағдай режимін қам­та­масыз ету жөніндегі мем­ко­мис­сия 2020 жылғы 23 сәуір­дегі оты­рысында құптап, №14 хатта­ма­сы­ның 3.2-тармағы ретінде бекітіпті. Осылайша, министрлік көрме ком­паниясын енді «жаңа стра­те­гия­лық бағытты – сауда инфра­құры­лымын дамытуды» басқарушы ком­пания есебінде дамытпақ ниет­те. Осы мақсатта Қазақстан ау­ма­ғында және одан тыс жерлерде отан­дық тауар өткізу жүйесі ұйым­дастырылмақ. Бұл жүйеге көтерме ауыл ша­руа­шылығы базары кіреді. Олар аг­роөнеркәсіп кешені өндіру­ші­лерінің нарыққа еркін шығуын қам­­тамасыз етуі, өнімнің сақ­талуын кепілдендіруі, оны өңдеп, саудаға дайындауды іске асыруы қажет. Осының арқасында ауыл өні­мінің сапасы артуы, бағасы ар­зандауы, дер кезінде тұтынушы­сы­мен табысуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министр­лігі қанша жерден көркем көр­сет­кіш­тер, «бай-бақуатты» баяндама­лар жариялағанымен бұл салада күй­зелістің тереңдей түскені құпия емес. Осының көрінісіндей, әлеу­мет­тік желіде сарапшылардың бірі таратқан дәйек қызу талқылануда. Елордадағы ірі сауда орнында тү­сірілген фотосуретте картоп сөресі бей­неленіпті. Оның бірінде, яғни әдемі, алыстан көз тартар өнімде «Кар­тофель из Египта. Урожай 2020 года. 338 тенге» деп жазылған. Ал оның қасында екі еседей қым­бат отандық өнім жатқан көрінеді: бі­летіндер қазақстандық картоп­тың түрі де ұсқынсыз, сапасы да тым нашар екеніне, шіри бас­та­ға­нына шағымданады. Аф­рика­да­ғы шөл даланы мекен еткен Мысыр елі­нің ұлан-байтақ даланы қо­ныс­танған қазақты асырап отырғанына жұрт назаланады. Өз кезегінде өндірушілер ірі сауда орындары­ның сөрелеріне қол жеткізе алмай­ты­нына, алғанның өзінде тым тө­мен баға ұсынатынына қынжы­ла­ды. EXPO ұлттық компаниясы қор­даланған бұл түйткілдің түйінін қа­лай тарқатары түсініксіз. «Ауыл шаруашылығы базар­ла­рын көтерме-тарату орталықтары (КТО) деп аталатын ірі маман­дан­ды­рылған орталықтарға біріктіру көзделеді. КТО-лар көпфунк­цио­нал­ды инфрақұрылымдық сауда-ло­гистикалық кешен түрінде бо­лып келеді. Олар негізгі бағытына орай сақтаушы, таратушы, сатушы бо­лып бірнеше түрге бөлінеді не­месе оның бәрін қоса атқара ала­ды», – деді ведомство.  

КТО дегенің не?

Сауда және интеграция ми­нистрлігі КТО желісін құрмай бол­майтынын айтады. Себебі бі­рін­шіден, ауыл шаруашылығы өнім­дерінің құны қымбат, ол баға­ның қалай қалыптасатыны да ай­қын емес. Егіншілер мен диқандар өте арзанға тапсыратынын айтады. Ал көтерме және бөлшек сауда­гер­лер өндірушілердің өнімі қым­бат­тағанына сілтейді. Нәтижесінде, Мы­сырдан әкелінген картоп, Из­раиль жеткізген құлпынай, Түр­киядан тасылған қызанақ, Өзбек­стан­нан жөнелтілген қияр жергі­лікті баламасынан әлдеқайда арзан болып шығады. Екіншіден, сектор өндіріс инф­­­рақұрылымы жөнінен тап­шылық көруде. Бұл өндірушілер шы­ғынын арттырып, өнімін бә­се­кеге қабілетсіз етеді. Министрліктің сендіруінше, КТО-лар өнімді өткізудің өңі­раралық тиімді арналарын түзеді. Осы орталықтар арқылы өтетін бар­лық жүк ағыны міндетті түрде цифрландырылады және элек­трон­­ды сауда алаңдарында саудаға қойы­лады. Яғни, барлық ірі қалада же­міс-көкөністерді де интернет ар­қылы сатып алуға болады. Әрбір КТО интеграцияланған ав­томатты ақпараттық жүйемен жаб­дықталады. Ол әр тауарға 1 пал­летке дейінгі дәлдікпен есеп жүр­­гізуге, өнімнің көлемі мен ор­на­ласқан жерін қадағалап отыруға мүмкіндік береді деседі. Ұлттық компанияның жаңар­ған стратегиясы жобасында 2022 жылға қарай КТО салу үшін әкім­дердің 24 жер учаскесін іріктеп, АҚ мен­шігіне беру керегі көрсетілді. Егер бұл жоспар мақұлданып, іске асса, 2024 жылға қарай Қазақ­стан­ның әр атырабында 24 КТО бой кө­теруі тиіс. Олардың құрылысын 3 кезеңмен жүргізу жоспарла­нып­ты. Жобаны іске асырудың жалпы құ­ны 237,5 миллиард теңгені құ­ра­мақ. І кезеңде 9 орталық құры­лы­сын бастау көзделуде, оның ішінде Түркістан облысында – 1, Павло­дар және Алматы облыстарында – екі-екіден болады. Республикалық бюд­жеттен бұған 30 млрд теңге бөлу ұсынылды. II кезеңде бұрын басталғаны­ның құрылысын аяқтау және ке­мін­де тағы 10 орталық құрылысына кірісу қарастырылыпты. Мысалы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қала­ла­рында қолға алынбақ. Инвес­ти­циялардың жалпы көлемі кемінде 60 млрд теңгені құрайды. III кезеңде даму институттары­ның 147,5 млрд теңге ақшасын жұм­сай отырып, барлық 24 орта­лық­ты іске қосу тұспалданды.  

Енді Үкімет базарком бола ма?

Ел Үкіметі өз отырысында тауар­ды сүйемелдеу жүйесін құру мә­селесін жеке қарады. Сауда жә­не интеграция министрі Бақыт Сұл­тановтың айтуынша, көтерме-та­рату орталықтары желісін құру аг­рарлық өнім бағасын 25%-ға ар­зандатуға мүмкіндік береді. – Қазақстандық тауарларды сақ­тау және логистика шығыстары ішкі және сыртқы нарықтарға жет­­­кізу кезінде ауыртпалыққа ай­налып отыр. Ол қайта бәсекелестік ар­тық­шылығымызға айналуы тиіс, – деді Б.Сұлтанов. АШМ мәліметінше, елімізде кө­көніс сақтау қоймаларының тап­­шылығы шамамен 70%, бірқа­тар өңірде 90%-ға жетеді. Бұл өнім­нің қымбаттауына және оны ұзақ мерзім сақталмай, шіруіне алып ке­леді. Сауда инфрақұрылымы да арт­та қалған. Бақыт Сұлтановтың ақпарынша, Қазақстанда 750 базар жұ­мыс істеп тұр, әйтсе де басым бө­лігі – 51%-ы жабдықталмаған, тө­бесі жабылмаған. Базарлардың еш­қайсысында тауар ағымын ба­қылайтын ақпараттық жүйе жоқ. – Қалаларымызда карантин ен­­гізілгенде, зат сатып алғысы кел­ген азаматтар арасында дүрбелең ту­ды. Бұл сауда инфрақұры­лымы­ның кенже қалғанын көрсетті. Проблеманы жедел және жүйелі шешу үшін КТО бірыңғай ке­ше­нінен тұратын ұлттық тауар өткізу же­лісін құру ұсынылады. Бұл жүйе өндіруші мен тұтынушыны жа­қын­дататын жеке экономикалық кластер құрады деді министр Б.Сұлтанов. Бұл ретте ел Үкіметі базарды бас­қару тізгінін өз қолына алған мем­лекеттердің тәжірибесін игер­гелі отыр. «Мысалы, Францияда 20 көтерме азық-түлік базарының тек біреуі ғана жеке, қалғаны – то­лы­ғымен немесе ішінара мем­ле­кеттік. Испаниядағы Mercasa кө­тер­ме-тарату орталығы да мем­ле­кеттік. Сондай-ақ Варшава ауыл шаруа­шылығы көтерме базарының 62% акциясы мемлекетке тиесілі», – деді Сауда және интеграция ми­нистр­лігі. Саудаға бағдарланған, яғни фер­мерлермен тікелей жұмыс іс­тей­тін КТО көтерме базары қала­дан 20 шақырым жерде орналаспақ. Ал таратушы КТО қала шетінде са­лынады. Олардың аумағында ке­дендік терминалдың болуы жүк­тер­ді ресімдеу рәсімін жеделдетеді. Ауыл шаруашылығы министрі Са­пархан Омаров агроөнеркәсіп ке­шенінің жыл он екі ай бойы елді са­палы өніммен біркелкі қамти ал­мауына «сауда-логистикалық жүйенің дамымауын» кінәлады. – Әкімдіктер дерегінше, Қа­зақ­­станда жалпы сыйымдылығы 1 млн 908,3 мың тонна болатын 1 249 жеміс-көкөніс және картоп сақтау орны бар, бұл астықты сақтау үшін жет­кіліксіз. 2019 жылы 6,7 млн тон­на картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз және қызылша алынды. Оны ке­лесі астыққа дейін сақтау үшін ша­мамен 2,8 млн тонна маман­дан­дырылған сақтау орны қажет, – деді С.Омаров. Елде ТЖ жарияланғанда Үкі­мет басшысы Асқар Маминге «әр қолға 5 келіден артық күріш пен ма­карон сатылмасын» деген сөзді ұялмай айтуға тура келді. Мұндай мас­қараға және дүрбелеңге бұдан бы­лай жол бермеу, халықты азық-тү­лікпен тұрақты қамту, сауда-ло­гистика инфрақұрылымын өр­кен­дету, өнімсіз делдалдарды жою үшін мемлекет базар басқаруға бел буды. Оның арты неге апарарын уа­қыт көрсетеді.  

Елдос СЕНБАЙ