Елімізде коронавирус пандемиясына қарсы күрес жүріп жатқанда тосын апат болып, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының іргесі сөгіліп, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында бірнеше ауылды су басты. Ауданда төтенше жағдай жарияланып, Үкімет және жергілікті деңгейдегі барлық билік өкілдері шұғыл жұмысқа кірісіп кетті. Осындай қиын кезеңде ел азаматтары да қарап қалмай, көмек қолын созып, жұмыла кірісуде. Тиісті шешімдерді дер кезінде қабылдаудың арқасында 32 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бүгінде жергілікті әкімдік құрған шұғыл комиссия шығындардың орнын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Елді мекендерді су басу салдарын жою жұмыстары одан әрі жалғасуда.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, апатты жағдай орын алған сәтте-ақ облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған жергілікті билік өкілдері Мақтааралға жедел жетіп, іске жұмыла кірісіп кетті. Төтенше жағдай бойынша қажетті шаралар дер кезінде қолға алынып, басты мақсат – адам шығынын болдырмау әрекетіне көшкен болатын. Күн-түн демей, тұрғындарды қауіпті аймақтан көшіріп әкету амалдары қолға алынды. Соның арқасында адам шығыны болмады.
Айта кету керек, ауданның 4 елді мекені: Жаңатұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй) және Өргебас (194 үй) су астында қалған. Топан судан 620 үй жапа шеккен.
Бүгінде облыс әкімі өзі бас болып, орынбасарлары, басқарма басшылары, бөлім мамандары, полиция мен төтенше жағдай, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдерінен құралған қызметкерлер Мақтаарал ауданында күндіз-түні тынбай жұмыс істеуде. Атап айтқанда, апаттан құтқару жұмыстарына жалпы саны 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған.
Өмірзақ Естайұлы барлық құрылымға тиісті тапсырмаларын бере отырып, елді де ауызбіршілікке шақырды.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің мәліметіне сүйенсек, Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерінен 2 мамырдан бастап 31606 адам эвакуацияланды. Жалпы, Жаңатұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй), Өргебас (194 үй), Достық (11 үй) елді мекендерінен жалпы саны 631 үй су астында қалды.
Атакент елді мекенінде 24 эвакуациялық бөлім құрылып, жұмыс жүргізуде. Полиция тарапынан Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Нұрлыжол, Иіржар елді мекендерінде бір, Т.Жайлыбаев ауылында екі блок-бекет құрылып, оның жалпы саны 7-ге жетті.
Өзбектер не дейді?
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Қазсушар» мекемесінің жауапты мамандары Мақтаарал ауданындағы су тасқыны мәселесін реттеу бойынша Өзбекстан Республикасының Сырдария облысына аттанды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов кезекті брифингте мәлімдеді. Қалқамановтың айтуынша, тасқын суды тоқтату бойынша Қазақстаннан барған топ тиісті министрлік өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Суды жіберу жұмыстарын бір жүйеге келтірмек. Атап айтқанда, олар Өзбекстанның су министрі Хамраевпен және Сырдария облысының басшылығымен кездеседі. Жалпы, бұл жағдай екі елдің үкіметі тарапынан талқыланып, шешілмек. Соңғы мәлімет бойынша, бүгінгі күнге дейін ауданға 300 млн текше метрге жуық су келген. «Мұндай көлемдегі су бұрын болмаған. Аудандағы қауіп әлі сейілген жоқ. Өйткені Өзбекстан тарапынан әлі қанша су келетіні белгісіз. Себебі Өзбекстанмен су туралы мәлімет алмасу бір жүйеге келтірілмеген. Кездесу нәтижесін алдағы уақытта хабарлайтын боламыз», – деді Сәкен Қалқаманов.Халыққа көмек көрсетіле бастады
Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай жөніндегі кезекті штаб отырысын өткізіп, халыққа жан-жақты көмек беріп, тұрғындарға үлкен қолдау көрсету керегін атап, оның бес жолын айтты. Көмектің үлкен ауқымда болатынын айтқан ол тиісті сала басшыларына ең алдымен эвакуациялық пункттерге орналасқан халыққа әлеуметтік көмек көрсету және өтемақы төлеу үшін олардың мал саны, жылжымайтын мүлік, жеке бас құжаттарының мәліметін жинақтауды тапсырды. Сондай-ақ апаттан зардап шеккен тұрғындарды азық-түлік, қажетті заттармен қамтамасыз етуге кәсіпкерлер мен қоғамдық қорларды тарту, тұрғын үйлерге келтірілген залалдың мөлшерін есептеу, кәсіпкерлік нысандарға келген залал мөлшерін анықтаужәне бесіншіден, зақым келген автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілеріне келтірілген зиянның мөлшерін есептеуді қолға алу қажет екеніне тоқталды.5 елді мекенде қауіп сейілді
Мақтаарал ауданының 10 елдімекені қауіпті аймақта орналасқан. Оның 5-уі, яғни Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары су астында қалса, қалған 5 елді мекенді облыс әкімдігі, облыс Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазсушар» және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлардың көмегімен су басу қаупінен шығарылды. Соның ішінде атап өтетін стратегиялық маңызы зор 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент елді мекені қызыл су басудан аман қалды. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде су басу қаупі бар ауылдар, яғни Нұрлы жол елді мекені аумағында, Фирдоуси ауылынан Мырзакентке қарай, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекенінің маңынан бөгеттер тұрғызылған. Сондай-ақ көрші Жетісай ауданында Қоғалы ауылының автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салу арқылы нығайту жұмыстары жүргізілуде.Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы