Құс еті: Өндіріс сұранысты қашан жабады?
Құс еті: Өндіріс сұранысты қашан жабады?
419
оқылды
Биылғы қаңтар-наурыз аралығында елімізде құс еті өндірісі 26,2 мың тоннаға жетіп, жаңа сойылған, салқын­датылған құс еті өндірісі 31%-ға артты. Егер мұны 2019 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырсақ, былтыр көр­сеткіш 19,9 мың тоннаны құраған. Демек, бұл карантин кезінде құс етіне деген сұраныс көбейгенін білдіреді. Иә, құс етіне сұраныс әр кезде де жоғары. Қазақстанда сиыр еті­нен кейін ең көп желінетіні де құс еті. Егер 2000 жылдардың басында құс етін тұтыну жан басына шақ­қанда 3,6 келі мөлшерінде болса, былтырғы көрсеткіш 20 келіге жетті. Тек 2018 жылдың өзінде тауық етін тұтыну көрсеткіші бірден 20,4%-ға өсіпті. Мұның бір себебі – құс етінің өзге ет түрлеріне қарағанда бағасының төмендігі. Мысалы, ол сиыр етіне қарағанда үш еседей арзан. Арзан демекші, ол салыс­­тыр­малы түрде алғандағы әңгіме. Әйтпесе, өзге азық түрлері секілді құс етінің құны да жыл сайын қымбаттап келеді. Мәселен, был­тыр ең көп желінетін тауықтың сан етінің республика бойынша ор­таша бағасы бір келісіне 750 теңге болса, қазіргі орташа баға – 840 теңгеден жоғары. Дәл осы күндері елорданың сауда орындарында бройлер тауығының келісі 1 200-1 300 теңгенің аралығында болса, үй тауығының келісі 2 000 теңгеден сатылып жатыр. Карантин режимінде құс етіне деген сұраныстың артуынан болар, елімізде құс саны азайғаны да бай­қалған. Мысалы, Ақмола облы­сындағы шаруашылықтарда құс саны 300 мыңға, Қарағанды об­лысында 317 мыңға, СҚО-да 170 мыңға, Түркістан облысында 165 мыңға кеміген. Ал үш өңірде керісінше, өскені байқалып отыр. Алматы облысында 930 мыңға, Қостанай облысында 315 мыңға, ШҚО-да 160 мыңға көбейген. Әрине, тұрғындар үшін тауық етінің тиімділігі бағасында ғана емес, құс етінің құрамында ақуыз көп. Ол күнделікті адам ағзасына қажетті ақуыздың төрттен бірін қамтамасыз етеді. Мамандардың айтуынша, тауықтың төс етінің 100 грамын жесеңіз, В3 дәруменінің тәуліктің нормасының 72%-ын ала аласыз. Алайда тауық етін жиі жеудің кері әсері де бар. Әсіресе, табиғи емес өнімде әртүрлі қоспа көп болатындықтан, денсаулыққа зияны көбірек. Сондықтан «арзан деп шетелдік тауық етіне жүгірмей, отандық таза өнімді сатып алған жөн» дейді мамандар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен норма бойынша жан басына шаққанда 18 келі тауық етінен айналуы тиіс. Аталған норма бойынша ел тұрғындарын қаншалықты қаматамасыз етіп отырмыз? 2019 жылғы өндіріс көлемінің өлшеміне қарасақ, бір адамға 12 келі еттен айналады. Ал тұтыну көрсеткіші 20 келіден жо­ғары. Яғни, жан басына шаққан­дағы қалған 8 келі құс етін сырттан импорттаймыз. Үкіметтің құс ша­руашылығын дамытуға арналған бағдарлмасына сәйкес, 2027 жылға қарай еліміздегі құс етінің тұтыну көлемі әр тұрғынға 31 келіге жетуі тиіс. 31 келі деген – Ресейдің қа­зіргі көрсеткіші. Жалпы, әлем елдері тауық шаруашылығын қарқынды түрде дамытуда. Өйткені құс етіне ішкі-сыртқы нарықтағы сұраныстың өсуі аталған саланың дамуына жол ашып отыр. Дүниежүзінде 20 миллиардтан аса тауық бар деседі. Бұл жер бетіндегі халық санынан үш есе көп. Тауығы көп елдердің көшбасында Қытай тұр, одан кейін Индонезия мен АҚШ келеді. Ал екінші үлкен көрші Ресей – 8-9-орындарда. Әйтсе де, тауық санын жан басына шаққанда бұл тізім өзгеріп, Қытай 5-орынға (1 адамға – 3 тауықтан) түсіп қалады. Ал Иранда бір адамға – 13 тауықтан келіп, алдыңғы орынға шығады.  

2020 жылдың алғашқы үш айында қазақ елі шет мемлекеттерге 2,8 млн долларға құс етін сатты. Бұл 2019 жылдың осы кезеңіндегі көрсет­кіштен 12,8%-ға көп. Биылғы қаң­тар-наурыз аралығында Қыр­ғыз Республикасына 872 тонна құс етін сатсақ, Ре­сейге 686 тонна, Грузия­ға 301 тонна және Тәжікстанға 38 тонна, Бела­руське 37 тонна сатыппыз.

  Құс санының өсуі біздің елде де анық байқалуда. Қазақстанда соңғы төрт жылда үй құсының саны 35,6 млн бастан 44,3 млн басқа (24%) өсті. Егер елімізде 2015 жылы 146 мың тонна құс еті өн­дірілген болса, 2019 жылы көр­сеткіш 222 мың тоннаға жетті. Осының арқасында республи­ка­мыздың құс еті бойынша импорт-экспорт көрсеткішіне едәуір өзге­рістер ене бастады. Мысалы, 2020 жылдың алғашқы үш айында қазақ елі шет мемлекеттерге 2,8 млн долларға құс етін сатты. Бұл 2019 жылдың осы кезеңіндегі көрсет­кіштен 12,8%-ға көп. Биылғы қаң­тар-наурыз аралығында Қыр­ғыз Республикасына 872 тонна құс етін сатсақ, Ре­сейге 686 тонна, Грузия­ға 301 тонна және Тәжікстанға 38 тонна, Беларуське 37 тонна сатыппыз. Десе де, бұл өзімізді қамтыдық, импортты тоқтаттық дегенді білдірмейді. Себебі құс еті жөнінен үлкен жетістігіміз (былтыр – 222 мың тонна) ішкі қажеттілікті толық жаппайды. Біздің нарықтың сұранысы – 340-350 мың тонна көлемінде. Сол себепті отандық сапалы өнімнің біраз бөлігін сырт­қа сатып, оның орнын импортпен толтыруға тура келеді. 2017 жылы Қазақстанда 180 мың тонна құс еті өндіріліпті. Ал тұтыну көрсеткіші 340 мың тоннаға жеткен, яғни 170 мың тоннаны сырттан сатып алуға тура келген. Мәселен, ресми дерекке сү­йен­сек, биыл 10,4 млн долларға құс етін сатып алыппыз. Яғни, 2020 жылдың қаңтар-наурызы аралы­ғында Ресейден 5,3 млн дол­ларға (5,1 мың тонна) тауық етін сатып алсақ, АҚШ-тан – 1,7 мың тонна (1,6 млн доллар), Украи­надан – 1,5 мың тонна (1,6 млн доллар), Бе­ларусьтен – 1,1 мың тон­на (1,4 млн доллар) және Поль­шадан 198 тон­на (161 мың доллар) импорттаппыз. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметінше, елімізде құс етін өндіретін 24 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Күн сайын 808 тонна құс еті өндіріледі. Оның 348 тоннасы Алматы облысында өндірілсе, Ақмола облысы – 202 тонна, ШҚО 129 тонна өндіреді. Құс еті шаруашылығын дамы­тудың өзге шаруашылықтан артық жері – оған аса көп жердің қажеті жоқ, су да аз кетеді. Бірақ құс фабрикаларына кететін өндірістік шығынның бірі – энергия. Ша­руа­шылықты қысы-жазы жылыту, жарық беру үшін үлкен көлемде электр энергиясы қажет. Одан бөлек, жем-шөбіне кететін шығын үлкен. «Тауықты тойдыра алмай­сың» деген сөз соның мысалы бол­са керек. Рас, құстың жемі – би­дай, арпа, жүгері секілді да­қылдар өзімізде өсірілгенімен, оған қосатын қоспалар шетелден сатып алынады. Мәселен, дәру­мендер, ветеринарлық дәрі-дәр­мек, премикстерді ТМД елдерінен аламыз. Дағдарысқа байланысты олардың да құны қымбаттаған. Қазақстанның Құс өсірушілер одағының басшысы Руслан Шә­ріповтың айтуынша, карантинге дейін құс жемінің қоспасының 1 келісі 81,2 теңге (ҚҚС-мен) бол­са, қазір 93,5 теңге. Осыған байла­нысты аталған қоспалар құс етінің өзіндік құнының 70%-на тең. Дегенмен аталған салаға мем­лекет тарапынан қолдау да қарас­тырылғанын айту кету керек. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің дерегінше, биылдың өзінде құс еті өндірісіне 12,7 млрд теңге (168,1 мың тонна көлемінде) бөлінген. Кәсіпорындардың қуа­тына бай­ланысты құс етінің келісіне 40-тан 70 теңгеге дейін қаражат төленеді. Қазіргі уақытта 5 құс фабри­касы­ның құрылысы жүргізіліп жатыр. Үкімет 2022 жылға қарай импорт­тың үлесін 40%-ға түсіруді жос­парлап отыр. Одан бөлек, құс ша­руашылығын дамыту бағдар­ламасы (2018-2027 жж) аясында өндірісті 744 мың тоннаға жеткізу көзделген. Бұл ішкі сұранысты 100% қамтамасыз етіп, артылған 150 мың тоннасын экспортқа шығаруға мүмкіндік бермек.  

 width=   Бауыржан БАЗАР