Төрт түлікке төнген қауіп көп

Төрт түлікке төнген қауіп көп

Елімізде ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының иелері күнкөрісі мен кәсібін төрт түлік малы арқылы дөңгелетіп отыр. Жұттың бетін аулақ қылсын, бірақ онсыз да мал мен жаннан маза қашып отыр. Өңірлерде мал ұрлығы мен төрт түліктің түрлі індеті белең алған. Барымташыларға төтенше жағдай кезі де тосқауыл болмаған секілді. Ал жұрт аурудан қырылған малының құнын кімнен сұрамақ?  

Мал ұрлау – ауыр қылмыс

Бас прокуратураның құ­қық­тық статистика және ар­найы есепке алу комитетінің дерегіне сенсек, 2019 жылдың алғашқы сегіз айында мал ұр­­лығына бай­ланысты 2 868 қыл­мыстық іс тіркеліпті. Оның 1 581-і та­былған. Яғни, 40 пайыздан ас­тамы сол күйі ашыл­маған. Бұл дерек жыл сайын қайталанып тұратындай. Мысалы, 2018 жылы елде бар­лығы 5 636 мал ұрлығы тір­келіп, оның 2 477-сі, демек 43 пайызы ғана ашылған екен. Бірі біліп, бірі білмес, 2019 жылдың қыркүйек айында Бас прокуратура бірқатар қылмыс түрлеріне, соның ішінде мал ұрлығына да жазаны күшейту туралы заң жобасын әзірледі. Ізін ала заң жобасы Сенат оты­рысында талқыға түсіп, қа­был­данды. Демек, барымта жа­сағандар бұрынғыдай мал ие­сімен ымыраға келіп, жазадан құтыла алмайды. Ауыр қылмыс саналғандықтан, 10 жылдан 12 жылға дейін қамалады. Бі­рақ ұрлық азайып жатқан жоқ. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері бірнеше мал ұрлығы тіркелді. 9 сәуір­де Алматы облысының Жам­был ауданындағы шаруа қожа­лығының бірінен 80 жылқы ұрлаған өзбек азаматы ұсталған болатын. Бәрін бірдей ұрламай, күн сайын шетінен айдап әкет­кен бұл азаматтың артынша серіктесі де ұсталды. Олар 1 аптаның ішінде 44 жылқыны сойып үлгерген екен. Осыдан кейін мал ұрлығы кәсіпке айналғанына күмән болмаса керек. Сәуір айының аяғында Қызылорда қаласының тағы бір тұрғыны осы себеппен қамалды. Жалағаш ауданы Аққұм ауы­лынан жылқы барымталаған азаматтың карантин кезінде блок-бекетті қалай айналып өтіп жүргенін полиция да білмей аң-таң. Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе ауданында да дәл осы жағдай. Наурыз айының соңында Төлен ауылынан 22 бас ірі қараны ұрлаған ағайынды жігіттер ұсталды. Осыған орай, ауыл тұрғындарына хабарласқан едік. Ауыл жұрты мал ұрлығы бұрыннан толастамай тұрғанын айтады. – Бітпейтін ұрлық. Не ұс­тал­­майды. Ақыры поли­ция­ға ауылдың 15 адамы барып арыз­дандық. Содан соң құрық­та­лыпты. Басында табылатынына сенбеген едік. Барлық малдың құнын өтегеннен кейін кешірім бердік. Соңғы кезде өз малымыз өзімізге бұйырмай кете ме деп қорқатын болдық, – дейді Бақытжан Тастаев. Ал аудандық полиция бө­ліміндегілер мал иелері кешірім бергенімен, тергеу жалғасып жат­қанын жеткізді. – Іздестіру кезінде Сулыкөл ауылының тумасы, ағайынды екі жігітті қолға түсірдік. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабымен (мал ұрлау) іс қозғалды. Малдың қолды бо­луына көбіне тұрғындардың өзі мүмкіндік береді. Қазір нағыз ұрлық «науқаны». Мал жоғалса 2-3 күн бойы өрістен іздеп жүр­мей, уақытында шағымданған дұрыс. Әйтпесе, ұрылар ізін суытып үлгереді, – деді ау­дандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Нұрлыбек Сағидуллин. Көбіне мал ұрлығына бай­ланысты дау бір сарында өрбиді. Мал иесі полицияны кінәлап жатса, полиция тұрғындардың бей­қамдығына наразы. Дәл осы Батыс өңірде малды шекарадан өткізіп, Ресейге айдап кететін жайттар көп. Осылайша, мал иесінің маңдай тері ұрыларға пайда болып отыр.  

Індеттің де зардабы мол

Сәуір айында Шығыс Қа­зақстан облысының Үржар ау­даны Көктал ауылында 100-ден аса ірі қара мал белгісіз аурудан қырылып қалды. Белгісіз ауру дейтін себебіміз, ветеринар мамандар індет атауын дөп басып айта алмай отыр. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің жанынан құрылған ветеринарлық комиссия сы­на­маларды тексеріп жатыр. Бұл төтенше жағдай кезінде ел аумағында малға жұғып жатқан бір ғана індет емес. Жоғарыда айтып өткен БҚО, Қаратөбе ауданында ірі қара малдардан бруцеллез анықталған. Ве­теринар мамандар төрт түлік­ке жаппай екпе салуда. Ал Қызылорда об­л­ысына қарас­ты Сырдария ау­да­нының ауыл­дарында мал құтырған. Ең қор­қыныштысы, ит пен мысықтың да шалдыққаны. Асқар ауы­лын­да осыдан оншақты жыл бұрын құтырған ауруы шие­бөрілерге де жұғып, ауыл ішінде адамдарға шапқан екен. Енді тұрғындар тағы дүрлігіп отыр. – Ауылда малдың құтыруы 2-3 жыл сайын қайталана бе­реді. Мал дәрігерлері екпесін салып жатыр. Бірақ басқа да жағ­­дайлар бар. Жуырда қас­қыр да ауыл ішіне еніп, кей­бір үйдің ауласына кірген. Бұрын мал құ­тырған уақытта шиебөрілер осылай жасайтын. Содан сескене бастадық. Ау­ру­дың қайталана беретінін түсінбей далмыз, – дейді Асқар ауылының тұрғыны Бақыт Амангелді. Қазақстанда ветеринар ма­мандарға қатысты сыни пікірлер жетерлік. Мал баққан ағайын үшін білікті мал дәрігерлерінің қажеттілігі сезіліп-ақ отыр. Бұл салада университет жа­нынан ғана құрылған ғы­лыми ор­талықтар аздық етеді. Ве­теринария саласы салғырттықты көтермейтінін ойласақ, бұл мә­селеге бүгін көңіл бөлген жөн.   ТҮЙІН:  

«Малым – жанымның са­да­ғасы, жаным – арымның са­дағасы» дейтін қазақ үшін төрт түліктің орны бөлек. Еңбегін сауып жүрген жанның малын біреу келіп барымталап, індет «жы­ғылғанға жұдырық» болса, оңай соқ­пасы анық. Заң бар, бірақ заң­нан айласын асырып жүрген барымташыларға қайтпек керек?

 

  Мадияр ТӨЛЕУ