Қазақ жерінде туып-өскен әрбір азамат елімізді, жерімізді қорғауы парыз. Кең-байтақ, ұлан-асыр жер қазаққа ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен мұраға қалған. Қазақстан әскерлері қатарында қызмет етіп жүрген барлық азаматты, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Менің өмір жолымда мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдары Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан Президентінің Күзет қызметінің бастығы, Республикалық Гвардияның Қолбасшысы және Қорғаныс министрі қызметін атқаруға ел сенім білдірді. Сол сенімнің үдесінен шығуға барымды салдым деп айта аламын. Бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққаныммен, елімнің дамуы, гүлденуі үшін әлі де қажет кезінде еңбек етуге дайынмын. Өйткені біз өз еліміздің – жауынгеріміз! Қазір еліміз дамыған елдермен терезесі тең қарым-қатынас жасап отырған іргелі мемлекетке айналды. Біздің міндетіміз – тәуелсіздігімізді мәңгілік сақтап, өсіп-өркендеу, болашақ ұрпақты нағыз елін сүйетін, жерін қадірлей білетін патриот етіп тәрбиелеу. Өз елін шексіз сүйетін патриот ұрпақ қана біздің мемлекетімізді өркендетеді, дамыған елдердің қатарына қосады. Сондықтан жастардан, келер ұрпақтан күтер үмітім көп. Мұндай үміт жетегінде жүрген жалғыз мен емес, бұл бүкіл аға ұрпақтың арманы.