Онлайн өтініш толтырудың әуресі
Онлайн өтініш толтырудың әуресі
151
оқылды
IV тоқсан басталғалы ата-аналар чатында тыным жоқ. Қашықтан оқытудың әлегіне ҰБТ-ға қатысу үшін тіркелу машақаты қосылды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін онлайн өтініш тапсыру 10 мамыр күні аяқталады. Ал тіркелудің кілтін таба алмай жүргендер көп. Ата-ана болса, баласының психологиялық жай-күйіне алаңдап отыр. Білім және ғылым министрлігі ҰБТ дәстүрлі форматта маусым айының аяғында өтетінін мәлім­деген еді. Ұлттық тестілеу орталы­ғының директоры Дидар Смағұлов тест сұрақтарына IV тоқсан тап­сырмасы кірмейтінін айтты. ҰБТ кезінде барлық сақтық шарасы сақталады. Егер карантин режимі өзгермейтін болса, Б жоспарына көшетінін хабараған-ды. ҰТО орталығының Б жоспары деп отырғаны онлайн ҰБТ тап­сыру болуы мүмкін. Өйткені 2019 жылдан бастап тестілеуді 4 рет тап­сыруға болады. Әрине, маусым айындағы ҰБТ-ның маңызы зор. Осыған байланысты биыл нау­рыз айында ақылы сынақ өткізу жоспарда бар-ды. Алайда пандемия салдарынан ҰБТ өтпей қалды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қа­тысу үшін онлайн өтініш тапсыру жайына қайта оралсақ. Төтенше жағдай режиміне байланысты қо­ғамдық орынға баруды шектеу мақсатында ҰБТ-ға қатысу өтінішін қабылдау онлайн түрде өтіп жатыр. Тіркелу барысы туралы ата-аналар мен оқушылардан сұрап көрдік. 11-сынып оқушысы Айғаным Саматқызының айтуынша, тіркелу үш кезеңнен тұрады. Баласы 18 жасқа толмаған ата-ана еgov.kz сайтына өзі мен баласының ЖСН нөмірін тіркейді. Артынша did.gov.kz сайтына өтіп, алдымен ата-ана, сосын оқушы тіркеледі. Соңғы этап – testcenter.kz-ке тіркелу. Айтуға оңай көрінгенімен, елімізде тіркелу тетігін білмей жүргендер жетерлік. Ұлттық бірыңғай тестілеу ор­та­лығы баспасөз қызметінің мәлі­метінше, орталық онлайн өті­ніш толтыру туралы 3 сәуір­ден әлеуметтік желідегі парақша­ла­рында хабарлаған. 16 сәуірден бас­тап ҰБТ-2020 тіркелу бо­йын­ша ақпараттық-түсіндіру жұ­мысы жүрген. Оның ішінде Ұлттық тестілеу орталығының 154 филиалы бойынша екі тілдегі видео нұсқаулық, мәтін түріндегі нұсқаулық, инфографикалық мәліметтер таратылған. Сонымен қатар 8 000-нан аса мектепте WhatsApp-та чат ашылып, тір­келудің мән-жайын ҰТО қыз­меткері қадағалаған. Иә, осынша түсіндірме болға­нымен, кейбір ата-ана тіркелу құ­рылымын түсінбеген. Зәуре Бексұлтанқызының айтуынша, нақты тіркелу құрылымы инструк­циясы берілмеген. «3 күн дегенде оператормен видеоқоңырау ар­қылы байланысқа шығып, тір­келдік. Egov.kz сайтына бір did.gov.kz-ке екі тіркеліп, үшіншісінде testcenter.kz-ке тоқтадық. Сервер жиі жұмыс істемей қалды. Жай күні тест тапсыруға кіргенде қатып қалатын сайт тіркелуге келгенде мүлдем «қозғалмай» қойғаны бар» дейді ата-ана. Бұл – ауылды жерде тұратын ата-ананың арызы. Шалғай елдімекенге хабардың кеш жететіні, мүмкіндіктің аужайға келе бермейтіні түсінікті. Бірақ мұндай жағдай елор­дадағы ата-аналарды да алаңдатып отыр. Олар балалары онлайн өтініш толтыруды ойлап, депрессияға түсе ме деп қорқады. Өйткені ҰБТ тап­сыратын жасөспірімнің көп нәрсеге алаңдайтыны белгілі. «10 мамырға дейін тіркеліңдер» деген пәрмен келгесін, оқушы мен ата-анада маза жоқ. «Қызым тіркеле алмағаны үшін көңіл күйі болмай, алаңдап жүр. Тестке дайындалуға мұршасы жоқ. Бар ойы – белгіленген мерзімге дейін онлайн өтініш толтыру. Оны «тіркеле алмай қалсам не істеймін?» деген ой жегідей жейді. Бастапқыда бірнеше күн бойы сайтқа кіру үшін әуреге түсті. Кірдік пе дегенде, тір­келудің біраз қиындығы бар екен. Ата-ана өзінің суретін жүктеуі керек. Суретке түскенімізбен, сайт қабылдамай, осы тұстан қайта-қайта кері қайтамыз. Әлі тір­кеуден өтпедік. Қызымның сы­ныптастары да тіркеуден өте алмай жүр. Мұғалімдеріне айт­сақ, тіркеле алған оқушыны көмек­тесуге жіберетінін айтты» – дейді елордалық ата-ана Жаннұр Айтмұхамбетқалиқызы. Ата-ананың «қызым тіркеле ал­май қалса қайтеді?» деген сауалын ҰТО-ға жолдадық. Өйт­кені онлайн өтініш толтыру уақы­тының аяқталуына 5 күн қалды. Орталықтың баспасөз қызметі әлі тіркелуге уақыт барын, мереке мен демалыс күндері де онлайн тіркелу жұмыс істейтінін айтты. Тіркеле алмаған ата-ана мен оқушы қалмайтынына сендірді. Шет аймақтардағы ғаламтор жоқ елді мекендер де қамтылатынын жеткізді. «Ғаламторы жоқ ауыл қалай тіркелмек?» деген сауалы­мызға құжаттарды ҰБТ өткізу пунк­ттері арқылы қабылдап жат­қанын мәлімдеді. Ал тіркелу механизмін түсінбеген ата-анаға call-center-ге хабарласуға немесе info@testcenter.kz қолдау қызметіне хат жолдауға кеңес берді. Маусым айындағы Ұлттық бі­рың­ғай тестілеуге онлайн өті­ніш қа­былдау – жаңа бастама. Сон­дықтан түсінбеушілік тууы – заң­дылық. Бірақ кей өңірлерде тү­сіндіру жұмысы мен тіркелу механизмі дұрыс жүрмей жатқан сыңайлы. Десе де, «қыстың қамын жазда ойлағандай» ерте әрекет ету – дұрыс шешім. Себебі маусым айын­да тестілеу қандай форматта өтетін болса да, мәліметтер жинақталған деректер базасынан алынады. Ұлттық тестілеу орталығы биыл ҰБТ-ға қатысушылар санын 98 мың­нан асады деп болжап отыр. 4 мамырдағы дерек бойынша, 92 975 түлек ҰБТ-2020-ға тір­келген.  

 width=   Айзат АЙДАРҚЫЗЫ