IV тоқсан басталғалы ата-аналар чатында тыным жоқ. Қашықтан оқытудың әлегіне ҰБТ-ға қатысу үшін тіркелу машақаты қосылды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін онлайн өтініш тапсыру 10 мамыр күні аяқталады. Ал тіркелудің кілтін таба алмай жүргендер көп. Ата-ана болса, баласының психологиялық жай-күйіне алаңдап отыр. Білім және ғылым министрлігі ҰБТ дәстүрлі форматта маусым айының аяғында өтетінін мәлімдеген еді. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов тест сұрақтарына IV тоқсан тапсырмасы кірмейтінін айтты. ҰБТ кезінде барлық сақтық шарасы сақталады. Егер карантин режимі өзгермейтін болса, Б жоспарына көшетінін хабараған-ды. ҰТО орталығының Б жоспары деп отырғаны онлайн ҰБТ тапсыру болуы мүмкін. Өйткені 2019 жылдан бастап тестілеуді 4 рет тапсыруға болады. Әрине, маусым айындағы ҰБТ-ның маңызы зор. Осыған байланысты биыл наурыз айында ақылы сынақ өткізу жоспарда бар-ды. Алайда пандемия салдарынан ҰБТ өтпей қалды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін онлайн өтініш тапсыру жайына қайта оралсақ. Төтенше жағдай режиміне байланысты қоғамдық орынға баруды шектеу мақсатында ҰБТ-ға қатысу өтінішін қабылдау онлайн түрде өтіп жатыр. Тіркелу барысы туралы ата-аналар мен оқушылардан сұрап көрдік. 11-сынып оқушысы Айғаным Саматқызының айтуынша, тіркелу үш кезеңнен тұрады. Баласы 18 жасқа толмаған ата-ана еgov.kz сайтына өзі мен баласының ЖСН нөмірін тіркейді. Артынша did.gov.kz сайтына өтіп, алдымен ата-ана, сосын оқушы тіркеледі. Соңғы этап – testcenter.kz-ке тіркелу. Айтуға оңай көрінгенімен, елімізде тіркелу тетігін білмей жүргендер жетерлік. Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, орталық онлайн өтініш толтыру туралы 3 сәуірден әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарлаған. 16 сәуірден бастап ҰБТ-2020 тіркелу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүрген. Оның ішінде Ұлттық тестілеу орталығының 154 филиалы бойынша екі тілдегі видео нұсқаулық, мәтін түріндегі нұсқаулық, инфографикалық мәліметтер таратылған. Сонымен қатар 8 000-нан аса мектепте WhatsApp-та чат ашылып, тіркелудің мән-жайын ҰТО қызметкері қадағалаған. Иә, осынша түсіндірме болғанымен, кейбір ата-ана тіркелу құрылымын түсінбеген. Зәуре Бексұлтанқызының айтуынша, нақты тіркелу құрылымы инструкциясы берілмеген. «3 күн дегенде оператормен видеоқоңырау арқылы байланысқа шығып, тіркелдік. Egov.kz сайтына бір did.gov.kz-ке екі тіркеліп, үшіншісінде testcenter.kz-ке тоқтадық. Сервер жиі жұмыс істемей қалды. Жай күні тест тапсыруға кіргенде қатып қалатын сайт тіркелуге келгенде мүлдем «қозғалмай» қойғаны бар» дейді ата-ана. Бұл – ауылды жерде тұратын ата-ананың арызы. Шалғай елдімекенге хабардың кеш жететіні, мүмкіндіктің аужайға келе бермейтіні түсінікті. Бірақ мұндай жағдай елордадағы ата-аналарды да алаңдатып отыр. Олар балалары онлайн өтініш толтыруды ойлап, депрессияға түсе ме деп қорқады. Өйткені ҰБТ тапсыратын жасөспірімнің көп нәрсеге алаңдайтыны белгілі. «10 мамырға дейін тіркеліңдер» деген пәрмен келгесін, оқушы мен ата-анада маза жоқ. «Қызым тіркеле алмағаны үшін көңіл күйі болмай, алаңдап жүр. Тестке дайындалуға мұршасы жоқ. Бар ойы – белгіленген мерзімге дейін онлайн өтініш толтыру. Оны «тіркеле алмай қалсам не істеймін?» деген ой жегідей жейді. Бастапқыда бірнеше күн бойы сайтқа кіру үшін әуреге түсті. Кірдік пе дегенде, тіркелудің біраз қиындығы бар екен. Ата-ана өзінің суретін жүктеуі керек. Суретке түскенімізбен, сайт қабылдамай, осы тұстан қайта-қайта кері қайтамыз. Әлі тіркеуден өтпедік. Қызымның сыныптастары да тіркеуден өте алмай жүр. Мұғалімдеріне айтсақ, тіркеле алған оқушыны көмектесуге жіберетінін айтты» – дейді елордалық ата-ана Жаннұр Айтмұхамбетқалиқызы. Ата-ананың «қызым тіркеле алмай қалса қайтеді?» деген сауалын ҰТО-ға жолдадық. Өйткені онлайн өтініш толтыру уақытының аяқталуына 5 күн қалды. Орталықтың баспасөз қызметі әлі тіркелуге уақыт барын, мереке мен демалыс күндері де онлайн тіркелу жұмыс істейтінін айтты. Тіркеле алмаған ата-ана мен оқушы қалмайтынына сендірді. Шет аймақтардағы ғаламтор жоқ елді мекендер де қамтылатынын жеткізді. «Ғаламторы жоқ ауыл қалай тіркелмек?» деген сауалымызға құжаттарды ҰБТ өткізу пункттері арқылы қабылдап жатқанын мәлімдеді. Ал тіркелу механизмін түсінбеген ата-анаға call-center-ге хабарласуға немесе info@testcenter.kz қолдау қызметіне хат жолдауға кеңес берді. Маусым айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге онлайн өтініш қабылдау – жаңа бастама. Сондықтан түсінбеушілік тууы – заңдылық. Бірақ кей өңірлерде түсіндіру жұмысы мен тіркелу механизмі дұрыс жүрмей жатқан сыңайлы. Десе де, «қыстың қамын жазда ойлағандай» ерте әрекет ету – дұрыс шешім. Себебі маусым айында тестілеу қандай форматта өтетін болса да, мәліметтер жинақталған деректер базасынан алынады. Ұлттық тестілеу орталығы биыл ҰБТ-ға қатысушылар санын 98 мыңнан асады деп болжап отыр. 4 мамырдағы дерек бойынша, 92 975 түлек ҰБТ-2020-ға тіркелген.