Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған кең-байтақ жерімізді қорғау – бәрімізге ортақ парыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси жүйесінің берік негізі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне әрқашан айрықша мән берген. Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қ.Ж.Тоқаев Қазақстан Республикасы армиясының дамуына ерекше көңіл бөледі. Егемендікті, Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы мен ұлттық мүддені қорғау – біздің армиямыздың және Күштік құрылымдардың басты бағдары. Бұл стратегиялық маңызды міндеттерді шешу үшін командирлер корпусына – генералдар мен офицерлерге зор жауапкершілік жүктеледі. Әскер мен құқық қорғау органдарындағы ахуал мен әскери дағдының сапасы сауатты басшылықтарыңызға байланысты. Сіздердің барлық күш-жігерлеріңіз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін, құқықтық тәртіп пен конституциялық құрылысты қорғау жөніндегі құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтің тиімді жұмысын арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл Сіздердің еңбектеріңіздің еленуі ғана емес, сондай-ақ одан да ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін жауапкершіліктің жаңа деңгейін білдіреді. Қазақстанның әскери қызметшілері – барлық заман мен кезеңдердің ең сұрапыл соғысында фашизмді жеңген батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерлігі мен даңқын жалғастыратын лайықты ұрпақ. Бұл мейрам – Отанға адал қызмет етудің, қайсарлықтың, патриотизмнің үлгісі. Бүгін біз Отанымызды сыртқы және ішкі жаудан қорғаған және қорғап жүрген, мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтауда адал қызмет атқарған және атқарып жүрген азаматтарымызды марапаттаудамыз. Қазіргі таңда Қарулы Күштердің әскери қызметшілері әскери дәстүрлерді сақтай отырып, Қазақстан халқының тыныштығын сақтау жолында Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқарып келеді. Сіздерге шын пейілмен зор денсаулық, бақытты өмір, отбасыларыңызға бақ-береке мен молшылық тілеймін! Ашық аспан астында егемен еліміздің жарқын болашағын құруға еселі еңбегімізбен, игілікті ісімізбен үлес қосуға атсалысайық! Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда, еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін.