Әлеуметтік желіде ұтыс өткізіп, тікелей эфир кезінде тұтқындалған, дегенмен сәл кейінірек босап шыққан әнші Ернар Айдар қазір елдің назарында. Әнші араға бірнеше күн салып, желідегі парақшасында қалың көпшілікпен бірге өзінің де алданғанын айтып, тыңдармандарына үндеу жолдады.
«Ардақты ағайын, бүгін ғана телефонды қолыма алдым. Біріншіден, мен үшін уайымдап, қолдау көрсетіп жатқан барша ағайынға алғысымды білдіремін және осы істің ақ-қарасын білмей сыртымнан қаралап жатқан ағайынға Алла сабыр берсін. Сол ұтыс ойынын ұйымдастырғандардың барлығы қамауда. Қазір Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаменті тергеу жұмыстарын жүргізуде. Ал оның әділ өтуіне мен де көмегімді беріп жатырмын. Сол тірлікке көмегімді беремін деп мен де алданып қалдым. Баршаңызға сабыр тілеймін. Барлығы әділ өтеді деген сенімдемін», – деді әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұтқындалғандарда әлеуметтік желіде ұтысқа тіккен пәтер де, төрт қымбат көлік те, тұрмыстық техника да болмаған. «Қатысушыларды алдап, сендіру үшін олар жеке тұлғалардан 4 көлікті жалға алған. Интернет кеңістігінде жарнама жасау арқылы құны 9 900 теңге тұратын 20 000-нан астам ұтыс билеті сатылған» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Қазіргі кезде тұтқындалғандардың үстінен 190-бап – «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен алаяқтық әрекеті» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар барлығы – 12 адам.
Бұл бірінші жағдай емес
Негізі, бұл еліміздегі лотерея ойнатып ақша табуды көздеген бірінші жағдай емес. Бәйгеге көлік, үй, басқа да қымбат заттар тіккендердің бас-аяғы Ернар Айдар болып тұрған жоқ. Әуелі Нұрлан Еспанов 20 көлік тігетінін айтып жарияға жар салған. Дегенмен әнші «Біздің түріміз танымал болғандықтан, компания тарапынан осы өнімді жарнамалап беріңізші деп ұсыныс айтады. Бұл жекеменшік лотерея емес. Үлкен автоорталықтың құзырындағы жұмыс. Мен жай ғана амбассадорымын. Соны түсініп алу керек» деп ақталып, өзіне сын айтқан белгілі журналист Арман Сқабылұлына «Лотерея ойнатып, Арыс халқына қайырымдылық жасадым» деп жауап берген болатын. Сосын айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева 7 мың теңгеге кітап сатып, құны 100 миллионға бағаланған Астанадағы пентхаусын ұтысқа тікті. Одан кейін Бүркіт пен Аиша екі пәтер, бес көлік ұсынды. Әнші Алмас Кішкенбаев та елордадағы екі бөлмелі пәтерін ойынға салды. Айта берсек, тізбек әрі қарай жалғасып кете береді. Мәселе ушығып бара жатқан соң осыдан біраз бұрын Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Ұлттық лотерея операторынан лицензия алмай, Instagram-да үйін, көлігін ұтысқа тіккен азаматтар енді жазаланады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК, шағын бизнес субьектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін 700 АЕК, орта бизнес үшін 1 000 АЕК, ірі бизнес үшін 2 000 АЕК» деген болатын. Біраздан бері Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан «Лотереялар және лотереялар қызметі» туралы заң жобасы, дәлірек айтсақ, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар біраз күн бұрын мақұлданды. Енді ол Парламент Сенатына жіберіледі. Толықтырулар енгізілген жаңа заң бойынша лотерея операторынан басқа жарнамаларда «лотерея» сөзін қолдануға, Ұлттық лотерея операторынан арнайы лицензия алмай, әлеуметтік желілерде ұтыс тігіп, лотерея ойнатуға тыйым салынады. Ал лотерея қызметін реттеу құзыреті Мәдениет және спорт министрлігіне беріледі. Олар лотерея өткізудің тәртібі мен талабын жасайды.Жаңа заң бейберекет ұтыс ойындарын өткізушілерге шектеу қоя ала ма?
Елімізде «ҚР Лотереялар мен лотереялар қызметі туралы» заң 2016 жылы қабылданған. Ал Ұлттық лотерея операторы болып 2017 жылы «Сәтті жұлдыз» АҚ бекітілген. Ол лотерея билеттерін сатуға, ұтыстарды төлеуге, бюджетке салық төлеуге, спортты дамыту үшін арнайы төлемдер жасауға және тағы басқаларға міндетті. Министрдің мәліметі бойынша, Ұлттық лотерея операторы заңға сәйкес тоқсан сайын спортты дамытуға арнайы қаржы (15 пайыз) бөліп отыруға тиіс. Бұл қаражат Ұлттық Олимпиада комитетіне бөлінеді. Бөлінген қаражат олимпиадалық спортты қолдауға арналған. Біз «Дайындалып жатқан заң жобасы бейберекет ұтыс ойындарын өткізушілерге шектеу қоя ала ма?» деген сауалды Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина ханымға қойған едік.«Шектеу болады. Осындай заңсыз ойындарға жол бермеу үшін осы заң жобасы қабылданып жатыр. Бірақ бұл жерде халықтың өзі де аңқау болмауы, алдануға дайын тұрмауы керек. Қанша жерден заңды жетілдіргенмен, арсыз адамдар әр кезде табылады. Сондайлардың арбауына түсіп қалмау үшін халқымыз қабылданып жатқан заңдарды да оқып, екіншіден, өздерінің сана-сезімдерін де көтеру керек. Әйтпесе, алдап, арбаушылардың құрығына түсіп қалады да, Үкіметтен көмек сұрайды. Заңда бәрі анық жазылғанымен, халық алдана береді. Заңды Парламент қабылдағанымен, оны іске асыру, насихаттау жағы да жетпей жатады. Ол Үкіметтің, мемлекеттік органдардың қолында. Халықтың құқықтық білімін дамытуға өзіміз де атсалысуымыз керек. Осындай күмәнді жағдайда министрлікке немесе әкімшілікке телефон соғып, сенуге бола ма, болмай ма, кеңес алуға болады. Өзі күмәнданған жағдайда ақшасын салмай тұрып анықтап, біліп алуы тиіс. Бар заңды қолдана білуіміз керек», – дейді спикер.
Кірістер комитетінің әрекеті қандай?
Кез келген табыс тапқан адам салық төлеуге міндетті. Оны бәрі біледі. Дегенмен соңғы кездері қаптап кеткен түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырушылар салықтан жалтарып кетпей ме? Мемлекеттік кірістер комитетінің осындай түрлі жағдайда олардан салық өндіру әрекеті қандай?«Кез келген табыс табу ықтималдығы бар тұлғалар қадағаланып отыр. Бәрі Мемлекеттік кірістер комитетінің бақылауында. Оны анықтау шаралары үнемі жасалады. Жай ғана таксистердің өзін бақылауда ұстап отырған кезде мұндай қомақты салық төлеушіні қалай жіберіп қоямыз? Ал оны анықтау шараларын жарияламаймыз. Жеке-жеке атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, өткен жылы Алматы қаласында екі адамнан бюджетке 82 миллион теңге ақша түсті. Зерттеу нәтижесінде біреуі осындай лотерея ұйымдастырған, екіншісі тренинг өткізген. Біз қарап отырған жоқпыз. Instagram парақшасында жарнама жасайтындар бар. Оларды да қадағалап отырмыз. Анығы – керек заңды жете білмейміз, сондықтан да алаяқтардың арбауына түсіп қаламыз, – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар.Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жіберілген «Лотереялар және лотереялар қызметі» туралы заң жобасы бойынша лотерея операторына қатысы жоқ тұлғаларға лотерея ойнатуға болмайды. Лотерея жарнамасына тыйым салынады. Құжат бойынша алдағы уақытта 1 кодекске, 2 заңға өзгеріс пен толықтыру енгізіледі. Әншілер алдағы уақытта елдің алдында жүріп, ойламаған жерден опық жеп, «алдандым, алдады» деп ақталғанша, қабылданып жатқан заңға назар аударып, не болмаса білікті заң саласы мамандарынан кеңес алып отырса, жөн болар еді. Әйтпесе, халықтан кешірім сұрап, әрі қарай шаруасын күйттеп жүре беру әдетке айналып бара жатқан сыңайлы.