Әдептен озбайық!
Әдептен озбайық!
Қазақта әдемі сөз бар. Әдеп! Әдемі ғана емес, те­рең мағыналы ұғым. Әдеп де­генде кез келген істің, қи­мыл­дың өз әдебі болады. Екінші бір сөзбен айтқанда, өмір сүру қалпың. Кез келген істің әдебі бар. Мысалы, са­қал, мұрт қоюдың да әдебі бар. Қазіргі әңгіме сақал-мұрт­тан біршама алыстау, әрине. Сәлем мәселесі! Адам­дар­дың амандасуы мәсе­леге айналады десе, бұ­рын­ғы жұрт көзін алайтып қа­рай­тыны анық. Қазіргі кезең тап сол амандасудың өзін мә­се­леге жеткізіп отыр. Өтірік пе?  Көбіміз көпқабатты үйде тұ­рамыз. Аулада балалар жүреді. Жүгіріп келіп, қол беретіні немесе алыстан бас иіп, сәлем беретіні некен-саяқ. Тіпті, қасыңнан өтіп бара жатқаны да сізге сәлем беру заңдылық деп ұғынбайды. Қалып деп қабылдамайды. Салт деп те түсінбейді. Көп уақыт өткен жоқ еді ғой. Біз де бала болдық. Үйдің үлкендері кісіге сәлем беруімізді қатты қадағалайтын. Ес білгелі жолыққан үлкен-кішіге зор ынта, үлкен көңілмен амандасатынбыз. Мына бір көрініс есте. Ініміз Бауыржанды әкесі Мәулітхан қатты еркелетті. Алайда сәлемге келгенде, еркелік жүрмейтін. Бірнеше рет байқадық. Ол сабақтан оралған кезде үйде қонақ отырса, бүкіл болмысымен, ақ көңілімен амандасып кіруі шарт еді. Естілер-естілмес амандасуы сәлемге саналмайды. Әкесі шақырып алып, қайта сәлем беруін талап ететін. Талап еткенде де, қыс кезінде қалың киімді қайта киіп, сыртқа шығып, сәлден кейін ішке еніп, дауысты толтырып, әуенін келтіріп сәлем беруіне тура келетін. Тәрбие ме? Тәрбие! Үлгі ме? Үлгі! Қазір ше? Әкелер әлгіндей шешімге барса, шешелер өре түрегелуі бек мүмкін. «Баланың меселін қай­тарасың» деп. Шеше дегенде, апамыз Бибіжамал бір кісідей тәрбие берді. Тіпті, жасы үлкенге сәлем бермесек, қыл­мыс секілді қабылдайтын. Аны­ғында, біреуге сәлем бермеу біздің тү­сінікте мүлде болмайды. Кей­де бала болып жылап тұрсақ та, келген қонаққа немесе кездескен үлкенге көз жасын ірке тұрып, сәлем беретінбіз. Сәлемнен кейін өкіріп, бақырғаныңды қалауыңша жалғастыруға болады. Әдепті болу еді, біздің мақсат. Бірде апама ауыл арасында қатынайтын автобуста молда Ыдырышты көргенімізді, отырған тұсына арнайы барып, сәлем бергенімізді айттық. Риза болды. Сосын, «Егер ақсақалға, «Ассалаумағалейкум, ата» де­местен, «Ей, Ыдырыш, саған Алланың нұры жаусын десек, ол не дер еді?» дейміз ғой. «Не деуші еді, жымың қағып, риза болады, Ыдырыштың да іздегені сол, Алла Тағаланың игілігі», – деп жауап берді апам. Апам айтқан жауаптан түсінгенім, сәлемнің төресі – Ассалаумағалейкум, яғни Алланың нұры жауғанын тілеу. Оқушы кезіміз. Сол кезде өлең-жыр тыңдау дәстүрде бар. Бірде үйге келген әнші Таңжарықтың әнін айтты. Сөзі тез жатталып қалады екен. Әуені де әлі есте. Әншінің шеберлігі ме, ақынның шоқтығы биік пе, Таңжарықты кәдімгідей түсіндік:   «Көп заман көкірекке шер байланып, Еріксіз елден алыс жерді айналып, Адасқан ел-жұртынан шерлі Тәкең Сәлемет жеті жылда келді айналып.   Оң қолын қолтығына тығып тұрып, Көз жасын тамшылатып, сығып тұрып, Елімен амандасқан сөзі мынау Талқының кезеңіне шығып тұрып...».   Бізді ойлантқаны, Таңжарық Жолдыұлының оң қолын қолтығына тығуы. Қандай керемет сурет! Жеті жылдан кейін еліне оралған ақын Талқының кезеңінде туған ауылға сәлем береді. Бізге ол көрініс сәлем берудің керемет үлгісі секілденген. Алыстан ауылға оралғанда амандасу керек екен дегенді сол сәтте көңілге түйіп қойдық. Айтпақшы, атам қай­тыс болғаннан кейін құда­сы Ошырақын үйге келгенде үнемі сәлем беретін. Үйге. Та­бал­дырықтан аттаған бетте, оң қолын жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум!» дей­тін. Басында ерсі көрінетін. Кейін өзі­міз де кез келген үйге сәлем беріп кіреміз. Ошақты қадірлеу, боса­ғаны сыйлау болса керек. «Ар ма! Армысыз!». Әртүрлі нұсқаларды естіп жүрміз. «Мал-жан аман ба?» дейді ауыл­да­ғы­лар. «Қалайсыз?» дейді қала­да­ғылар. «Хабар» алғашқы құ­рылған жылдары қыз-жігіттер «Сәлем!» деп амандасып жүретін. «Приветтің» қазақша нұсқасы ма, әлде өзіміз ойлап таптық па, оны да аса ұғынбаймыз. Білетініміз, бір-бірімізбен шұрқырай амандасамыз. «Жылқы кісініскенше» дейтін қа­зақпыз. Қылқұйрықтың кісініскені жөн сұрасқаны болса керек, әлде амандасу әдебі. Адам сөйлескенше. Сөздің дұрыс шығуы сәлемнен. Үлкендердің айтатыны ғой, «әй-шай жоқ, дүрсе қоя берді» дегені. Шын мәнінде, оларға ешкім дауыс көтермейді. Сәлемінің сиқына көңілі толмаған. Әлде әлгі сөйлесушінің әдептен аттағанын меңзегені. Ондай кезде тіл табысу тіпті де мүмкін емес қой. Әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өз әдебіне, қалыптасқан дәстүріне сай амандасады. Алла Тағала нәсіп етіп, жер жүзінің біраз елін араладық. Тай елінде тұрғындардың бір-біріне деген құрметі ерекше. Кісі жатырқамайтындар, шетінен. Бағзы қазақтың табиғаты Мексика халқында да көрініс тапқандай. Ванкуверде тұратын бұрынғы алматылық Марина айтады: «қазақ біткен Канада жеріне көшіп алған ба, халықтың бәрі кішіпейіл», – деп. Марина өзінің бала ке­зін­­дегі қазақты айтады. «Тұла бойы мейірімге толы, жақсылық жа­сауға құштар кісілер ғой олар. Кіреберісте көре қалса туған қыздарындай еміренетін, есік ашып беріп, бәйек болатын. Аулада тәтті-жұмсағын ұсынады», – деп еске алды. Демек, Марина за­­манында да біздің халық аман­дасуды күнделікті әдеп көрінісі деп санайды. Жапондарды көрдік. Кезек бас шұлғысып, талай уақытты бір-біріне құрмет көрсетуге сарп етеді. Бір кездесуден қайтып бара жатқанда жолай жапон қартын үй тұсында қалдырдық. Жолсерік жас жапон көліктен секіріп түсіп, басын шұлғыды да кетті. Қарт жапон да қарыз болмайын деді ме, ол да өз құрметін танытып, талайға дейін иіліп, сәлем берісіп тұрды. Қайта келген жас жапоннан сұраймыз ғой, есіл уақыт босқа өтпей ме деп. Берген жауабы: «Қартты құрметтеу біздің әдеп». Қытай салған жерден, «Тамақ іштің бе?», – деп сұрайды. Амандасқаны. Миллиардтан тамақ тауып ішудің өзі оңай емесі осыдан-ақ білінеді. Тамақ ішуге күйі келсе, қалғаны дұрыс дегені ғой, шамасы. Қарыны тоқ елдер Хал-қадірінше амандасып жатады. Бәрін жіпке тізіп қайтейік, солардың бәрі де қазақтың амандасу әдебіне жете алмайды. Жеткізбеген біздің бабалар! Жүйрік еді ғой, олар әдепке. Қазір ше? Сәлем демекші. Ол кезде бас редактор, қазір сенатор ағам Нұртөре Жүсіптің кезекті бір идея­сын естіп едік. Жазушылар одағында. – Ойымнан шықпай жүр, – дейді ағам. – Нені айтасыз? – Қазақ амандасудан қалып барады. – Қалатыны қалай? – Тіпті, үйге келген жастардың өзі қалай амандасарын білмей, ерін жыбырлата салады. Америкаң «Хай» дей салады, ағылшындар «Хээлоумен» талай мәселенің басын қайырады. Үнділерің алақан түйістіріп, саусақтарын көтеріп өте шығады. – Иә? – Иә болғанда, бізге сәлем қалай болар екен? – Қандай сәлем? – Сәлем. Сәлем! Сәлем дейміз де, өте береміз. – Өзгені білмеймін, өзіміз екеуміз сөйтіп амандасып жүрейік онда. Нұртөре ағам күлді. Күлгені келіскені шығар дедік. Кездескен кезде «Сәлем!» деп саңқ ете қалам. «Сәлем!», – деп күлімдейді ағам. Кімнің қалай амандасуы маңызды емес, оны өз қалауына қал­дырайық. Қазақ баласы үл­кеннің тұсында сәл аялдап, сәлем беруі тиіс. Өмір талабы осы! Әдеп көрінісі де. «Замандас, көріскенде, аман ба деп, амандас!». Амандасып жүрейікші, ағайын! Әдептен озбай...  

Амангелді СЕЙТХАН