Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала аумағындағы бірқатар аймақты аралап, тұрғындармен кездесті, құрылыс жұмыстарымен танысты. Пайдалануға берілгеніне 5 жыл да толмаған Нұрсәт шағынауданындағы №18, 19 көпқабатты үйлердің сыртқы келбеті сын көтермейді. 2016 жылы салынған тұрғын үй қабырғаларының әрі көшіп, жауын-шашынға шыдас бермеген. Бұл мәселе қала тұрғындарын көптен бері мазалап жүрген болатын. Тұрғындар шағымын қала әкіміне де жеткізген. Мұрат Дүйсенбекұлы осы жайтты көзбен көріп танысу үшін аталған нысанға келді, тұрғындардың шағымдарын тыңдады. Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов кездесу барысында көпқабатты үйлердің құрылысын алматылық құрылыс компаниясы жүргізгенін айтты. «Құрылысын жүргізген мердігердің 5 жылдық кепіл мерзімі де аяқталмаған. Алайда аталған компания бүгінгі таңда жұмысын тоқтатқанымен, заңды түрде банкрот деп жарияланбаған. Сол себепті біз мердігерді сотқа беріп, жеңіп шықтық», – деді басқарма басшысы. Ал қала басшысы бұл мәселе бойынша сала мамандарымен және құрылыс компанияларымен сөйлесіп, тұрғын үйдің сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізудің түрлі жолын қарастырып жатқанын атап өтті. «Мердігерлердің қателігі үшін тұрғындар зардап шекпеуі тиіс. Сондықтан бұл мәселені тікелей назарымда ұстайтын боламын. Жан-жақты жолдарын қарастырып, демеушілер тартуды да ойластырып жатырмыз. Сәл шыдамдылық танытып, сабыр сақтаңыздар», – деді қала әкімі. Айта кетейік, нұрсәттіктердің басындағы мәселе асарлық тұрғындарда да кездеседі. 2016 жылы пайдалануға берілген 5 қабатты 30 үйдің көбінің сыртқы қасбеті бұзылып, көркі қашыпты. Қала тұрғындары осынау жайтты Мұрат Дүйсенбекұлына бұдан бұрын да жеткізген болатын. Демеушілер есебінен жөндеп беруді уәде еткен қала басшысы бүгін сол үйлердің іргетасын қалаған «АҚ ордасы» құрылыс компаниясы кепілдік мерзімінің өтіп кеткеніне қарамай, өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын бастап кеткенінің куәсі болды. Ал аудан тұрғындары уәдесінде тұрған қала әкімі мен демеуші компанияға алғысын білдіріп жатты. «Бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, уәдеңізде тұрғаныңыз үшін үлкен рақмет. Міне, өзіңіз көріп тұрғандай жөндеу жұмыстары басталды. Тұрғындар дән риза. Мердігер компанияға да, сізге де алғысымыз шексіз», – деді Асар шағынауданының тұрғыны Салтанат Сұлтанмұратова.
Сапалы электр қуатына қосылар күн жақын
Одан соң, Қайтпас-1 шағын ауданында болған шаһар басшысы мұндағы тұрғындардың сапасы төмен жекеменшік жарық жүйесіне деген шағымын тыңдады. Бұдан бөлек, шағын ауданда жол, ауыз су, газ, қоғамдық көлік мәселесі де өзекті болып тұр. «Қуаты әлсіз жекеменшік электр энергиясын тұтынып отырғандарыңыздан хабарым бар. Кезінде осындағы 416 үйге жарық жүйесі жетпей қалған екен. Осынау кем-кетік мәселелерді ескеріп, қуат жүйесін жүргізуге байқау өткіздік. Мердігер мекеме де анықталды. Енді таяу күндері олар өз жұмысын бастайды. Құрылыс жұмыстарын күзге дейін бітіруге әрекет жасаймыз. Сапалы энергияға қол жеткізетін күндер де алыс емес» деп сүйінші хабарды жеткізіп, тұрғындарды қуантып қойды қала басшысы. Ал су мен газдың инфрақұрылым жұмыстарына биыл жобалық-сметалық құжаттар әзірленбек. Қоғамдық көлік бағыттарына зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы маусымда мұның да түбегейлі шешімі табылмақ. Мұнан соң, әкім «Ескі қала» шағынауданы арқылы өтетін Қонаев көшесін ұзарту мақсатында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Айта кету керек, мұнда жолды кеңейту шаралары үшін қажетті жердегі тұрғын үйлер бұзылып, топырағы алынып, тас төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. Жауапты басқарма өкілі құрылыстың бекітілген кестеге сай тоқтаусыз жүріп жатқанын жеткізді. «Бұл – Қонаев көшесін ұзарту үшін жүріп жатқан бірінші құрылыс учаскесі. Ұзындығы 580 метрді құрайтын аумаққа қазынадан 725 миллион қаржы қаралған. Осы уақытқа оның 101 миллион теңгесі игерілді. Биыл тағы 200 миллион теңге бөлініп отыр. Қалған қаражат алдағы уақытта берілетін болады. Дәл қазір кәріз жүйесі мен электр бағаналарын, газ жүйесін алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Мұнан бөлек, бұл жердің топырағы құрылысқа жарамсыз. Сондықтан топырағы алынып, тас төселуде», – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қайрат Баймендиев.9 мектеп пайдалануға беріледі
Осы күні қала басшысы жаңадан бой көтеріп жатқан білім ошақтарының құрылыс жұмыстарын да көрді. Алдымен Арғынбеков көшесінің бойынан салып жатқан 1200 орындық мектепке аялдап, оның құрылысын жүргізіп жатқан «Атамекен» корпорациясының жұмысшыларымен жүздесті. Ғимараттың қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылыпты. Мердігер компания басшысы нысанды қыркүйек айында тапсыруды жоспарлап отыр. 3 гектар жерге орналасқан осынау мектептің құрылысына 1 млрд 900 млн теңге қарастырылыпты. Қала әкімі одан соң Асар-2 шағын ауданында бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектепке барды. Іргетасы қаңтар айында қалана бастаған білім ошағы жоспар бойынша желтоқсанда бітуі тиіс. Құрылысты жүргізіп жатқан «МК технострой сервис» компаниясының өкілдері пандемияға байланысты елдегі төтенше жағдай кезінде ғимараттың сыртқы қасбетіне қойылатын керамогранитті Ресейден алдыру қиын болып жатқанын алға тартты. Ал Самал-3 шағын ауданындағы №6 емхана маңынан бой көтеріп жатқан мектептің құрылысына бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаржы бөлініпті. Білім ошағы санаулы күнде пайдалануға берілмек. Жаңа ғимаратты аралап көрген Мұрат Дүйсенбекұлы қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайындауды тапсырды. Айта кетейік, биыл Шымкентте 9 мектеп пайдалануға берілмек. Оның үшеуі 1200 орындық жаңа мектеп болса, бесеуі – 300 орындық қосымша құрылыс. Тағы біреуі – 100 орындық саз мектебі.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы