Мамырдың алғашқы күні Талдықорғанда көптен күткен жобаның алғашқы кезегі іске қосылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған «Талдықорған» индустриалды аймағында іргетасы қаланып, бірер жылдан кейін халыққа қызмет етуге тиісті деген жобалардың бірі – Жетісу өңірінде көптеп өсірілетін майлы дақылдарды қалдықсыз, тереңдете өңдеу арқылы сұйық май, тоңмай мен мал азықтарын шығаратын «Жетісу-МаЖиКо» зауыты ашылды. Басында «Мажико» деген сөзді француздарға тән ұғым екен деп жүргендер кәсіпорынның ашылуы кезінде оның орысша: «Масло. Жиры. Корма» деген сөздердің қысқартылған нұсқасы, қазақшалағанда: «Май. Тоңмай. Мал азығы» дегенді білдіретініне көз жеткізді. Ірі жобаға инвестиция салғандар да, алдағы кезде жұмысын үйлестіретіндер де қазақстандықтар. Тек су жаңа әрі заманауи құрал-жабдықтар мен технологиялық желілер ғана шетелден жеткізіліп, орнатылған. Осылайша, 1 мамыр мерекесі күні Алматы облысы орталығында тәулігіне 500 тонна майлы дақылдарды өңдейтін, жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын аса ірі жоба іске қосылды. Бұл жетісулықтар үшін баға жетпес тарту болғаны анық. Инвестициялық қаржыға салынған зауыттың ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, осы жобаның инвесторлары, бір кездегі премьер-министр, қазіргі кезде есімі елге белгілі кәсіпкер Сергей Терещенко мен жұрт жақсы білетін бизнесмен Темірхан Досмұхамбетов қатысты. – Осы индустриалды аймақтың жұрт игілігі үшін жемісті жұмыс істеуіне жергілікті билік барлық қажетті жағдайды жасап, барынша қолдау көрсетті. Жарық жеткізілген, суы, газы, қажетті инфрақұрылымдары тартылған. Енді тек қана кәсіпорындарды тұрғызып, іске қос та, елге қажетті өнімдерді шығара бер. Бүгін жобаның алғашқы кезегін қостық. Алдағы кезде қоспа жем өндірісін, жеміс сүрлеу зауыттарын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ал бірінші кезеңінде күнбағыс пен рапстан өсімдік майын шығаратын зауыт аштық. Кәсіпкерлерді индустриалды аймаққа ел сұранысына ие дайын өнімдер шығаратын зауыттар салуға шақырамын, жаңа жұмыс орындарын бірге құрып, отандық өнімдерді өндіруге бір кісідей атсалысайық, – деген С.Терещенко облыс басшылығына, серіктестеріне, құрылысшыларға және осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан жандардың бәріне алғысын жеткізді. Облыс әкімі Амандық Баталов: – Бүгін елімізде ерекше мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні. Біз бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміздің барлығына береке-бірлігіміздің, татулығымыздың арқасында қол жеткіздік. Алматы облысында тұратын түрлі этнос өкілдерінің әрқайсысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосуда. Олардың арасында жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар да бар. Көріп отырғандарыңыздай, бірлескен қарекеттің арқасында «Талдықорған» индустриалды аймағында майлы дақылдар өңдеп, өсімдік майын шығаратын зауытты іске қостық. Отандық инвесторларға бізге сенім артып, халықтың қамын ойлағаны үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өз тарапымыздан индустриалды аймақ құрып, оны қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз еттік. Мемлекет қолдауының және экономикалық бағытта қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы Алматы облысында өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1 триллион теңгеге жуықтады. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында өңірге инвестиция тарту, жаңа технологиямен жұмыс істейтін заманауи өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты жұмыстар атқарудамыз. Бүгінгі ашылып отырған зауыт – соның айқын айғағы, – деді облыс әкімі. Бизнесмен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Темірхан Досмұхамбетов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге көңілі толатынын айтты. Алматы облысының жедел дамып келе жатқанын, бизнеске қажетті инфрақұрылымның жақсарғанын, облыс басшылығы тарапынан инвесторларға қолайлы климат қалыптастырылғанын атап өтіп, соған сай өңірге инвестиция тартылып, өндіріс өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын мәлімдеді. Жетісулықтарды жаңа зауыттың ашылуымен құттықтап, зауыттың табысты жұмыс істеуі үшін келесі жылы 500 гектарға рапс өсіріп, одан әрі алқабын кеңейтіп, жан-жақты қолдау жасайтынын мәлімдеді. Кәсіпорынның лентасы қиылғаннан кейін қонақтар зауыт ішін аралап, «Жетісу-МаЖиКо» агрокешені» ЖШС президенті Сергей Симоновтың бастауымен кәсіпорын жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 4,4, млрд теңге, бірінші кезеңде 50 жұмыс орны ашылды, алдағы уақытта кәсіпорын толық қуатына шаққанда және зауыт іргесін кеңейту барысында 500-ге тарта жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Жаңа зауыт ыстықтай сығымдау тәсілімен тәулігіне 500 тонна рапс және 400 тонна күнбағыс өңдеп өсімдік майы мен жом өндіреді. Қазіргі кезде кәсіпорын шикізатпен толық қамтылған, германиялық құрал-жабдықтар орнатылған, сол арқылы алынатын өнім сапасын жақсарту үшін майлы дақыл тұқымдарын экструзионды технологиямен өңдеу тәсілі қолданылады. Дайын өнім жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар таяу болашақта шетелдерге экспортталады. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақын арада Талдықорғанда 528 жаңа жұмыс орны болатын, жалпы құны 22,9 млрд теңгені құрайтын тағы 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады және олардың екеуі «Талдықорған» индустриалды аймағына орналастырылады.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы