Бейбіт күннің батырлары
Бейбіт күннің батырлары
343
оқылды
7 мамыр – Отан қорғау­шылар күні. Әрбір қазақстан­дықтың Отан алдындағы бо­­рышын өтеу – парыз. Сон­дықтан бұл күн ерекше мән­ге ие. Ал бейбіт күннің батыр­ларының ерлігі өз ал­дына бір төбе. Мұны сап түзе­ген сарбаздарымыз әлемдік пан­демия кезінде де дәлелдеуде. Коронавирус індетіне қар­сы дабыл қағылған кезден бері жам­былдық сарбаздар алдың­ғы шептен табылуда. Мә­селен, «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шы­лығы әскерилері Тараз қала­сында құрылған мобильдік топ­тар­мен бірге қала көшелерін дезинфек­циялау жұмыстарына жұмыла атсалысты. 16 наурыз­дан бастап 28 903 әскері бөлі­мінің 250-ден астам сарбазы Mart, Small сауда орталықтары, «Ауыл Береке», «Қай­қармет» базарлары, темір­жол вокзалы, әуежай, автобекет және басқа да халық көп шоғыр­ланатын орын­дарды залалсыз­дан­дыру жұмыстарын жүргізді. Сарбаздар химиялық қоспаларды өткізбей­тін қорғаныш киімдерін киіп, бір жауынгер дезинфекция жұмыстарына арналған сұйық­тықты себумен айналысса, екіншісі 20 литрлік бөшкені тиісті орын­ға жеткізіп отырды. Ал бөш­кені үздік­сіз толтырып отыру үшін «АРС-14» техникасы арнайы іске қосылды. Негізі, «Оңтүстік» өңірлік қол­басшылығына қарасты Тараз, Шымкент және Қызылорда қала­ларындағы бөлімдер індеттің оңтүстік аймаққа таралмауы үшін от кешуге дайын екендерін көрсетті. Сондай-ақ өңірлік қол­басшылық сарбаздары Пе­тропавл сынды солтүстік аймақ­тағы ағайындарға да қол ұшын созған. Мәселен, бөлімнің 50 әскері Петропавл көшелері мен үй ауласын дензинфекциялау жұ­мыстарына атсалысқан. «Оңтүстік» өңірлік қол­бас­­шы­лығының тағы бір ерлігі – олар Алматы қаласының маңын­дағы ашық аспан астындағы әскери ауру­хананы небәрі 72 сағатта тұрғызып тастады. Та­раз қала­сынан аттанған әскери­лер ауру­ларды оқшаулауға ар­нал­­ған 300 адамдық жатын орын мен 500 орынға шақтал­ған емдеу бөлімдерін небәрі үш тәу­лікте тұр­ғызғанын көр­ші­міз Ресей мем­лекетінің жур­на­лис­тері жарыса айтты. Орыстар ауру­ханаларын алты күнде, қытайлар он күнде тұр­ғызатынын сүйін­шілеп жатқанда, біздің өңірлік әскерилер дабыра қылмай, үш күннің ішінде зама­науи қон­дырғылармен жабдық­талған аурухана салып тастады. Құ­дайға шүкір, әзірге аталған ауру­хананың қажеттілігі туындап отырған жоқ. Десе де, Алла сақ­тан­ғанды сақтайтынын ескер­сек, бұл бағалауға тұрарлық дүние. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» өңір­лік қолбасшылығының әскери қыздары тігін цехтарындағы қа­лыпты жұмыстарынан бөлек, бетперде тігуге де кірісті. Бүгінде әс­кери цехта тігілген бетперделер сарбаздардың отбасыларымен қа­тар, мұқтаж жандарға да тара­тылуда. Тараз қақпасы тарс жабылып, карантин режимі күшейтілген кезде де Отан алдындағы боры­шын өтеп жатқан сарбаздар шетте қал­мады. Блок-бекеттерді айналып өтіп, ереже бұзушыларды «Оң­түстік» өңірлік қолбасшылы­ғы­ның атты әскері бақылауға алды. Осылайша, қала ай­наласына қойылған блок-бекет­тер­дің жұмысы атты әскери патрульмен күшейтілді. Бұл – Қазақстан Қарулы Күштерінің құра­мында әскери бірлік ретінде жыл­қы­лармен қамтылған жалғыз бөлімше. Тағы бір айта кетерлігі, Пре­­зи­дент Жарлығына байла­нысты шақырылған 78 әскери міндет­тілерді оқу-жаттығудан өткізу, ше­берлігін шыңдауға да «Оңтүстік» өңірлік қолбасшы­лы­ғы өзінің өлшеусіз үлесін қосқан. Осылайша, көзге көрінбейтін жаумен күресте Отан үшін от кешуге барған сарбаздардың өздері қауіпті індетті жұқтырып, бүгінде 20-дан аса сарбаз отбасы­ларымен бірге карантинде жатыр. Қар жамылып, мұз жастанып жатқан кезең болмаса да, бұл – Отан алдында борышын өтеп жатқан сарбаздардың көзсіз ерлігі. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтып, өз үндеуінде әскерилерге деген шексіз алғысын жеткізді. Сондықтан барша әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтай оты­рып, карантинде жатқан батыр­ларымыздың тез сауығып кетуін тілейміз!    

 width=

 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы