7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Әрбір қазақстандықтың Отан алдындағы борышын өтеу – парыз. Сондықтан бұл күн ерекше мәнге ие. Ал бейбіт күннің батырларының ерлігі өз алдына бір төбе. Мұны сап түзеген сарбаздарымыз әлемдік пандемия кезінде де дәлелдеуде. Коронавирус індетіне қарсы дабыл қағылған кезден бері жамбылдық сарбаздар алдыңғы шептен табылуда. Мәселен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерилері Тараз қаласында құрылған мобильдік топтармен бірге қала көшелерін дезинфекциялау жұмыстарына жұмыла атсалысты. 16 наурыздан бастап 28 903 әскері бөлімінің 250-ден астам сарбазы Mart, Small сауда орталықтары, «Ауыл Береке», «Қайқармет» базарлары, теміржол вокзалы, әуежай, автобекет және басқа да халық көп шоғырланатын орындарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Сарбаздар химиялық қоспаларды өткізбейтін қорғаныш киімдерін киіп, бір жауынгер дезинфекция жұмыстарына арналған сұйықтықты себумен айналысса, екіншісі 20 литрлік бөшкені тиісті орынға жеткізіп отырды. Ал бөшкені үздіксіз толтырып отыру үшін «АРС-14» техникасы арнайы іске қосылды. Негізі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларындағы бөлімдер індеттің оңтүстік аймаққа таралмауы үшін от кешуге дайын екендерін көрсетті. Сондай-ақ өңірлік қолбасшылық сарбаздары Петропавл сынды солтүстік аймақтағы ағайындарға да қол ұшын созған. Мәселен, бөлімнің 50 әскері Петропавл көшелері мен үй ауласын дензинфекциялау жұмыстарына атсалысқан. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тағы бір ерлігі – олар Алматы қаласының маңындағы ашық аспан астындағы әскери аурухананы небәрі 72 сағатта тұрғызып тастады. Тараз қаласынан аттанған әскерилер ауруларды оқшаулауға арналған 300 адамдық жатын орын мен 500 орынға шақталған емдеу бөлімдерін небәрі үш тәулікте тұрғызғанын көршіміз Ресей мемлекетінің журналистері жарыса айтты. Орыстар ауруханаларын алты күнде, қытайлар он күнде тұрғызатынын сүйіншілеп жатқанда, біздің өңірлік әскерилер дабыра қылмай, үш күннің ішінде заманауи қондырғылармен жабдықталған аурухана салып тастады. Құдайға шүкір, әзірге аталған аурухананың қажеттілігі туындап отырған жоқ. Десе де, Алла сақтанғанды сақтайтынын ескерсек, бұл бағалауға тұрарлық дүние. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қыздары тігін цехтарындағы қалыпты жұмыстарынан бөлек, бетперде тігуге де кірісті. Бүгінде әскери цехта тігілген бетперделер сарбаздардың отбасыларымен қатар, мұқтаж жандарға да таратылуда. Тараз қақпасы тарс жабылып, карантин режимі күшейтілген кезде де Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздар шетте қалмады. Блок-бекеттерді айналып өтіп, ереже бұзушыларды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының атты әскері бақылауға алды. Осылайша, қала айналасына қойылған блок-бекеттердің жұмысы атты әскери патрульмен күшейтілді. Бұл – Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамында әскери бірлік ретінде жылқылармен қамтылған жалғыз бөлімше. Тағы бір айта кетерлігі, Президент Жарлығына байланысты шақырылған 78 әскери міндеттілерді оқу-жаттығудан өткізу, шеберлігін шыңдауға да «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы өзінің өлшеусіз үлесін қосқан. Осылайша, көзге көрінбейтін жаумен күресте Отан үшін от кешуге барған сарбаздардың өздері қауіпті індетті жұқтырып, бүгінде 20-дан аса сарбаз отбасыларымен бірге карантинде жатыр. Қар жамылып, мұз жастанып жатқан кезең болмаса да, бұл – Отан алдында борышын өтеп жатқан сарбаздардың көзсіз ерлігі. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтып, өз үндеуінде әскерилерге деген шексіз алғысын жеткізді. Сондықтан барша әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтай отырып, карантинде жатқан батырларымыздың тез сауығып кетуін тілейміз!
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы