Шымкенттік құтқарушылар мақтааралдықтармен бірге
Шымкенттік құтқарушылар мақтааралдықтармен бірге
118
оқылды
Мақтаарал ауданында су ба­сып жатқан елді мекен тұр­ғын­­дарына көмек көрсету шара­ларына Шымкент қаласы­ның Төтенше жағдайлар департа­ментінің қызметкерлері мен тех­никалары да жұмыл­ды­рылған. Құтқарушылар апаттық-құтқару жұмыстарына алғашқы күннен бастап кірісіп кетті.   Олар күн сайын ауданның елді мекендеріндегі судың деңгейіне мониторинг жүргізіп, жергілікті халыққа көмек көрсету үшін су бас­қан ауылдарды аралайды. Шым­кент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жа­сағы­ның құтқарушылары Жеңіс ауы­лында ірі және ұсақ малды құтқару жұмыстарын жүргізді. 200-ден астам үй орналасқан Өргебас ауылын қайықпен тексеріп, су басқан үйлерден құнды заттар мен құжаттарды алып шығуға көмектесті. Сондай-ақ ауылды су ағысынан қор­ғау үшін құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп жағалауды бекіту жұмыстарына атсалысуда. Жалпы, 100 қап құм төселген. Командалық-штабтық машина арқылы олар  ІІМ Төтенше жағ­дайлар комитетінің, Түркістан облы­сының және Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бас­шыларымен байланысын үзбей отыр. 17 адам және 4 бірлік техникасы жұмылдырылған Шымкент қала­сының құтқарушылары апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуді жал­ғастыра береді.  

Н.НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы