Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталатынын айтты. Бұл туралы ол "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. – Биылғы 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары қашықтан оқытыла бастады. Індеттің таралуына жол бермеу үшін осындай қадамға бардық. Екінші жағынан, бұл – заман талабы. Интернет жылдамдығы әртүрлі болғандықтан, қашықтан оқытудың бірнеше жолы ұсынылды. Атап айтқанда, телесабақ, интернет-платформадағы сабақ ұйымдастырылды. Интернет байланысы жоқ 57 елді мекенде тұратын оқушылар пошта қызметі арқылы оқу үдерісін жалғастырып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен, мобильді интернетпен қамтамасыз етуде. Үкімет қорынан байланыстың мүмкіндіктерін арттыру үшін қаражат қарастырылды. Осының нәтижесінде қашықтан оқыту қазір қалыпқа түсті. Жалпы, соңғы жылдарда қашықтан оқыту тәсілі жаһандық үрдіс ретінде қалыптасты. Әлемнің көптеген жоғары оқу орындары бұл әдісті кеңінен қолданып келеді. Мұның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Әсіресе қазіргідей карантин жағдайында бұған балама жоқ. Сондықтан алдағы уақытта оны жетілдіре түскен жөн. Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін бағалауға қатысты еш қиындық туындамауы тиіс. Әрине оқушылардың өз мұғалімдерімен және құрбыларымен жүздесіп, әдеттегідей сабақ оқығанына не жетсін. Бұл – уақытша қиындық. Бұған түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін, - деді Президент.