Коронавирусқа кімдер тегін тест тапсыра алады?
Коронавирусқа кімдер тегін тест тапсыра алады?
©rg.ru
Әлеуметтік желіде онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша сақтандырылған адамдар коронавирусқа тестіні қашан тапсыра алатындығы туралы сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Коронавирус аса қауіпті инфекциялар тобына жатады. Сәйкесінше, елде тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі кезде тестілер тапсыру мүмкіндігі жүзеге асырылған. Тиісті қаржы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға жеткізілді. Ауру белгілері байқалса, яғни дене қызуының көтерілуі, құрғақ жөтел және басқа да белгілер кезінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде тестілеу жүргізуге болады. Сонымен қатар, егер адам провизорлық, инфекциялық немесе карантиндік стационарға түссе, онда емдеу хаттамасы бойынша аталған тестілерді толықтай тегін өтеді», – деді  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов. Осы орайда ол бүгінде тестіден өту мүмкіндігі қамтамасыз етілгенін айтты. «Жалпы, бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша міндетті түрде тестілеуден өтетін пациенттер санаты бар. Бұл тұрғыда жүкті әйелдер, сондай-ақ эндокринді, кардиологиялық әрі пульмонологиялық бөлімдерге түсетін адамдар қамтылған», – деді Марат Шоранов.