Автобустардың қашан жүре бастайтыны белгілі болды
Автобустардың қашан жүре бастайтыны белгілі болды
115
оқылды
Елордада 11 мамырдан кейін қоғамдық көліктердің қозғалысы жандануы мүмкін. Бұл туралы «Астана» телеарнасына сұхбат берген елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты. «Біз 11 мамырдан кейін қоғамдық көліктердің қозғалысын жандандыруды мемлекеттік комиссияға ұсынуды жоспарлап отырмыз. Эпидемиологиялық ахуалды да бақылайтын боламыз. Мұнан ары ұстап тұруға болмайды. Дегенмен, жаңа талаптар болады, жүргізуші қоршалады және байланысты төмендету үшін қолма-қол ақшасыз жолақы төлеу қолданылады. Жолаушылар маскамен, қолғаппен жүрулері қажет. Антисептик қолданғаны жөн», - деді қала басшысы. Елорда әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта қала дәріханаларында қорғаныс құралдары бар. Оларға 5 млн маска жеткізілді. Мұнан бөлек, тұрмысы төмен адамдарға 2 млн маска тегін таратылды. «Бұған қоса, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын да жандандыруды көздеп отырмыз. Ол жерде де жаңа талап - ара-қашықтық 1,5-2 метр болуы тиіс. Оны сызып та қойдық. Мұны Арнаулы халыққа қызмет көрсету орталықтарында, банктерде, азық-түлік, азық-түлікке жатпайтын тауарлар, құрылыс заттары дүкендерінде бейімдеуден өткіздік. Яғни, біз кезекте тұрып үйренуіміз қажет. Өзімізді қорғау үшін әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға тиіспіз. Бұл да маңызды мәдениет», - деді Алтай Көлгінов.