Алматыда науқастардың 77 пайызының жағдайы қанағаттанарлық
Алматыда науқастардың 77 пайызының жағдайы қанағаттанарлық
Алматыда қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 1353 жағдайы тіркелді. Бүгінгі күні Covid-19-дан инфекциялық стационарларда 1135 пациент емдеуде жатыр. Бір пациенттің жай-күйі – өте ауыр, 34-інде – ауыр, 289-ында – ауырлықтың орташа дәрежесінде және қалғандарында – қанағаттанарлық. 12 665 алматылық медициналық бақылауда, оның ішінде 312-сі провизорлық стационарда, 345-і карантиндік госпитальдарда, 12 008-і үй карантинінде. Ауруханаға жатқызылғандар ішінен ауыр халдегі науқастар саны соңғы уақытта көбейген жоқ. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, коронавирусты жұқтырғанда қосымша аурулар болған жағдайда емдеу үдерісі қиындауда. Сондықтан созылмалы аурулары бар, әсіресе тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары бұзылыстары бар адамдарды тестілеуден өткізуге басымдық беріліп отыр. Сондай-ақ, КОВИД-19 қауіптілігі жоғары тәуекел тобына ЖРВИ, пневмония белгілері бар адамдар, медицина қызметкерлері, қала аумағындағы әр түрлі әскери бөлімдерден әскери қызметшілер, карантинге қойылатын талаптардың сақталуын бақылау мақсатында патрульдеуші құрам, ІІМ жүйесінің қызметкерлері, бұғаттау бекеттеріне жұмысқа тартылған адамдар енгізілген. Қала бойынша аталған контингент Алматы қаласы Бас санитарлық дәрігерінің кестесіне сәйкес коронавирустық инфекцияға міндетті түрде тексерілуде. Жасырын ошақтарды белсенді анықтау бойынша аталған шаралар Алматыда аурудың ерте сатысында жұқтырғандардың едәуір санын анықтауға мүмкіндік берді. Мегаполисте КОВИД-19 дер кезінде анықталуының дәлелі науқастардың 77%-ы қанағаттанарлық жай-күйде және олардың ауруы жеңіл түрде симптомсыз өтуде. Бұл емдеуді жеңілдетеді. Қала бойынша бұл инфекциядан өлім-жітім төмен деңгейде – 0,6% қалып отыр. Алматыда коронавирустық инфекциядан 210 адам сауығып емдеуден шығарылды. Кеше және бүгін стационарлардан 51 адам емдеуден шығарылды. Оның ішінде 28 адам вирусы бар науқаспен байланыста болғандар және 23 медицина қызметкері. Президенттің тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Бүгінде Алматы қаласында 1940 төсек-орынға арналған 9 жұқпалы стационар жұмыс істейді. Провизорлық емдеуге жатқызу үшін 909 төсек-орынға арналған 12 стационар, карантиндік емдеуге жатқызу үшін 1392 төсек-орынға арналған 9 стационар белгіленді. Барлық қалалық жұқпалы аурулар және провизорлық ауруханаларда үй-жайларды «таза» және жұқтырылған аймақтарға бөлу қағидаты сақталады. Медицина қызметкерлеріне әртүрлі аймақтан қиып өтуге жол берілмейді. Сондай-ақ, барлық медициналық мекемелерде желдету және бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Жауапты қызметкерлер медицина қызметкерлерінің жеке қорғану құралдарын дұрыс кию хаттамасын сақтауын қадағалайды. Жеке қорғаныс құралдарын кию алгоритмін сақтау бойынша тұрақты сабақтар өткізілуде. Барлық ем алуға мұқтаж науқастар ҚР ДСМ-ның емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде емделетіндігін атап өткен жөн. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ