Елорда біртіндеп қалыпты өмір арнасына түседі. Бұл туралы «Астана» телеарнасына сұхбат берген елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты. «Әрине, карантин өз түзетуін енгізіп кетті. Көптеген кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Бұл қажетті шара еді. Соның арқасында індетті оқшаулай алдық. Дегенмен, тәуекел әлі де қалып отырғанымен эпидемиологиялық ахуал біртіндеп жақсарып келе жатыр. Тәулігіне індет жұқтырған 60-қа жуық науқасты анықтаған кез болды. Одан кейін жаппай тестілеуді бастадық», - деді Алтай Көлгінов. Сонымен қатар ол коронавирус індеті таралуының бәсеңдеуіне байланысты мемлекеттік комиссия шешімімен біртіндеп карантин шаралары жеңілдетіліп жатқанын айтты. «Бірақ, тұрғындарға айтарым, босаңсуға болмайды. Егер санитарлық талаптарды, яғни, ара қашықтық ұстау, адамдар көп жиналатын жерде маска тағу, қолды үнемді жуу талаптарын сақтамасақ карантин режиміне қайта оралуымыз мүмкін. Мұны қаламаймыз. Сондықтан санитарлық жаңа талап, карантиндік режим талаптары аясында өмір сүруге дағдылануға тиіспіз. Бұл өте маңызды. Дегенмен, эпидемиологиялық ахуалдың жақсара түсуіне қарай біртіндеп қалыпты өмір арнасына түсеміз деп ойлаймын», - деді елорда әкімі.