ІІМ тағы төрт өңірден құтқарушылар мен әскери қызметшілерді Мақтаарал ауданына жіберді
ІІМ тағы төрт өңірден құтқарушылар мен әскери қызметшілерді Мақтаарал ауданына жіберді
Сурет ІІМ баспасөз қызметінен
Түркістан облысының Мақтаарал ауданы аумағындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жалғастырылуда. Тұрғындарды елді мекендерден эвакуациялау бойынша дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында тұрғындар арасында адам шығынына жол берілмеді. Алайда, азаматтардың мүлкіне елеулі залал келді. Шаруашылықтар мен аулалар су астында қалды, кейбір тұрғын үйлер құлап қалды. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша өңірге ТЖ салдарын жою және суды сору үшін 276 адам мен 73 бірлік техника жеткізілді. Шымкент қаласының, Жамбыл және Қызылорда облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінен қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Сонымен қатар оқиға орнына Алматы облысынан Ұлттық ұланның әскери бөлімінің механикаландырылған құрама жасағы келді. Автомобиль жолдары бойында нығайту жұмыстары жүргізілуде: 25 000-нан астам құм толтырылған қап қаланды. Нұрлыжол, Фирдоуси, Өргебас, Ырысты және Жантақсай ауылдарының аумағында 3 коллектор орнатылды және уақытша бөгеттер салынуда, олардың жалпы ұзындығы 3,5 км құрайды. ТЖ салдарын жоюға құтқарушылар, әскери қызметшілер, полицейлер, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және еріктілер қатысуда. Жалпы алғанда авариялық-құтқару жұмыстарына мыңнан астам адам мен 180 бірлік техника, оның ішінде жүзу құралдары мен суды соруға арналған мотопомпалар жұмылдырылды. Мақтаарал ауданы аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 8 блокбекет қойылды. Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері азаматтардың мүлкін күзетуді жүзеге асыруда. Түркістан облысының ТЖД-де қауырт телефон желісі жұмысын жалғастыруда (8(72533) 4-06-50, 8(72541) 2-22-25).