Мақтааралда судың астында қалған екі ауылдың орны ауысуы мүмкін
Мақтааралда судың астында қалған екі ауылдың орны ауысуы мүмкін
Фото: Интернеттен алынды
214
оқылды
Түркістан облысында тасқын судың астында қалған Жеңіс және Жаңатұрмыс ауылдарының орны ауыстырылмақ, – деп хабарлайды AstanaTV. Себебі, елдімекендер қызыл судың бел ортасында қалған. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, екі ауылда жиналған судың тереңдігі екі метрге дейін жеткен. Жүз пайыз суда қалған баспаналардың алды алғашқы күні-ақ опырылып құлаған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: «Қазір жерді қарастырып жатырмыз, қай жерде... Өзіңіз білесіз, Мақтаарал ауданында бос жер жоқ, тығыз орналасқан халық. Сол мәселерді қазір қарастырып жатырмыз. Негізі Жеңіс және Жаңа тұрмыс тұрғындарынан ұсыныс түскен. Сол ауылдардан халықтың 70 пайызының жазбаша келісім болуы керек. Ертең, ойбай көшпейміз, ата-бабамыздың жері, зираты... дегендей айтып тұрса біз ештеңе істей алмаймыз».
Әкімдіктің дерегінше су деңгейі біршама түсіпті. Жалпы, ұйымдасқан түрде жүргізілген бөгет салу, бекемдеу жұмыстарының нәтижесінде қауіп сейілгенін жеткізді. Сәкен Қалқаманов эвакуациялық орталыққа тіркелген әрбір тұрғын өтемақы алатынын айтты. Ал суда қалған үйлердің жарамдысы жөнделіп, қирағаны қайта тұрғызылады деді.