Карантиннен соң баспана бағасы қымбаттай ма?
Карантиннен соң баспана бағасы қымбаттай ма?
Фото: Интернеттен алынды
5,186
оқылды
Карантиннен соң жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалға байланысты сарапшылар екіұдай пікірде отыр, – деп хабарлайды КТК. Телеарнаның хабарлауынша, сарапшылардың бір бөлігі «қымбатшылықтың ауылы алыс емес» десе, өзгесі «сауданы тоқырау күтіп тұр» дейді.
Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко: «Қазір мердігерлер, бірінші кезекте, жаңадан салынған үйлерін өткізу үшін түрлі бағдарлама ұсынып жатыр. Өйткені су жаңа үйді алуға адамдар қыруар ақша салады. Қалай десек те, жылжымайтын мүлік нарығы табыстан айырылмаудың барлық амалын жасауда. Сату мен сатып алу мүлдем тоқтамайды деген ойдамын», - дейді.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта қолданыстағы ескі үйлердің бағасы 10 пайызға арзандайды. Бұдан өзге, күзге қарай пәтер жалдайтындар қатары артады. Келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскерилер мен студенттер үй іздейді. Баспанасын жалға берушілерге бағаны көтеру тиімсіз, сондықтан үй, не кеңсені жалдау құны төмендейді. Ал, іргетасы қаланып жатқан үйлер импорттық құрылыс материалдарына тәуелді. Оған қоса, доллар бағамының да өсуі нарықтағы бағаны қалыптастырады. Тек мемлекеттік бағдарлама немесе субсидия  қаржысына салынған үйлердің құны ғана бұрынғысынша қала бермек.
Риелтор Валерия Стешина: «Осы жылы тұрғын үй бағасы екі рет өсті. Қаңтар айында қолданыстағы үйлер де қымбаттады. Менің ойымша, алдағы уақытта тариф 5-7 пайызға дейін көтеріледі. Былтыр күзде күрделі жөндеу жасалған бір бөлмелі пәтерді 13-13,5 млн теңгеге сатқанмын, биыл 16 млн теңгеге өткізіп жатырмын. Жазда үй алған тиімді, күзде барлық үйдің бағасы қымбаттайды», – дейді.