Балалардың болашаққа деген үміті оянды
Балалардың болашаққа деген үміті оянды
148
оқылды

Шараны «Help Today» қоғамдық қоры мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты – ауыр дертке шалдыққан балаларға мереке, қуаныш сыйлау, аты жаман ауруды жеңуге деген сенім ұялату, көңілдерін көтеру арқылы бір сәтке ауруын ұмыттыру, психологиялық қолдау көрсету.

Ашылу салтанатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева мен «Help Today» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Алиева балаларға жылы тілектерін айтып, барша қауымды Балалар күнімен құттықтады.

Мерекелік концертке Парвиз Назаров, Айдана Меденова, «Талисман» тобы, «Tribal Pro» би тобы, Райм мен Артур және т.б. эстрада жұлдыздары қатысып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Өнер жұлдыздарымен бірге орталықта ем алып жатқан балалар мен олардың ата-аналары өнер көрсетті. Сонымен қатар дәрігерлер де қалыс қалмай, флеш-моб ұйымдастырып, арнайы биін балаларға тарту етті.

Орталықта ем алған, ауыр дертті бір емес, екі рет жеңген, ұзақ және қиын жолдан өткен Алин Абдулам сахнаға шығып сөз сөйлеп, аурумен қалай күрескендігі жөнінде айтып, балалардың болашаққа деген үмітін оятты.  

Сонымен қатар балалардың сурет көрмесі өтті. Балалар үшін аквагрим мен фотосессиялар ұйымдастырылды. «We Art» ұйымының еріктілері мен аниматорлары бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, балалармен бірлесе түрлі ойындар ойнады.

Мереке соңында шараға қатысқан балалар мен сурет байқауының жеңімпаздары «Help Today» қоғамдық қорының сыйлықтарымен және арнайы дипомдарымен марапатталды.

Айтулы мерекемен «Бауыржан» қайырымдылық қоры ұжымы да құттықтап, кардиология, онкология және гематология бөлімінде жатқан барша балаға түрлі сыйлықтар үлестіріп, науқас балалардың жүздеріне қуаныш сыйлады.