Шығынды мемлекет өтейді
Шығынды мемлекет өтейді
140
оқылды
Түркістан өңірінде су тасқынынан зардап шеккен­дердің шығынын мемлекет өтеп береді. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төра­ғалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімделді. Бірақ әзірге демеушілерден жиналған 10 млн теңге үлестіріледі. Ал Үкіметтің нақты көмегі шығын кө­лемі анықталған соң белгілі болмақ. Министрлер кабинетінің бей­небайланыс режимінде ұйым­дастырылған жиында Түр­кістан облысының Мақтаарал ауданын су басуына қатысты мә­селе қаралды. Отырыста об­лыс әкімі Өмірзақ Шөкеев баян­дама жасап, қазіргі жағдай жө­нінде құлағдар етті. Оның айтуынша, қатты нө­сер жаңбыр және дауыл салда­рынан Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қой­масы бөгетінің бір бөлігі бұзыл­ған, содан Өзбекстан жағы су қоймасын күйреуден сақтау үшін су дең­гейін төмендетіп, суды ағызып жіберді. Бұл Қазақ­стан­ның Түр­кістан облысындағы Мақтаарал ауданының шекара маңындағы коллекторларының шектен тыс толуына соқтырды. Су оған сый­май, аудан шека­ра­сындағы кол­лектор ернеуінен тасып төгілді, соның кесірінен 5 елді мекендегі 631 үйді су басты. Әкімнің дере­гінше, Жаңа­тұр­мыс­та – 46 үй, Жеңісте – 130 үй, Фирдоусиде – 250 үй, Өргебас­та – 194 үй, Дос­тықта – 11 үй су астында қалған. Мақтаарал ауданында 3 600 гек­тар егіс алқабы зардап шекті, оның 85%-ы мақта егуге әзір­ленген бола­тын. Су тасқыны басталғалы бері жалпы саны 30 581 адам немесе 14 елді мекен тұрғындары эва­куацияланды. Үкімет жетекшісінің өкімі­мен вице-премьер Роман Скляр төрағалық ететін үкіметтік ко­мис­сия құрылды. Оған орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың басшылары кірді. – Комиссия 5 ауылға – Жа­ңа­тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген залалға шұғыл баға­лау жүргізеді. Содан соң инже­нерлік, көлік, әлеуметтік инфра­құрылым және тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі. Үкімет зардап шеккен­дерге барлық қажетті көмек көрсетеді, – деді Асқар Мамин. Ал өңір басшысы Арыс қала­сының тәжірибесі пайдаланы­латынын жеткізді. «Судың беті қайтқаннан кейін әрбір үйді аралаймыз, шы­ғын көлемін есептейміз. Содан кейін комиссиямен бірге үйлерді қалпына келтіру мәселелерін қарастыратын боламыз. Адамдар бар дүние-мүлкін үйлерінде қалдырып кетті. Біз Арыстағы оқиға кезінде тиісті тәжірибе жинадық. Сол сияқты әрбір отбасының, әр адамның шығы­нын өтейміз. Алдымен елді ме­кендерде соған мұқтаж адамдар санын есептеп шығу керек», – деді Ө.Шөкеев. Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, бұл жұмысқа спутниктер де жұ­мылдырылып жатыр. Ғарыштан түсірілген суреттер Түркістан об­лы­сындағы су тасқыны аума­ғын нақты анықтауға септігін тигізді. «Жерді қашықтан зондтау және жер учаскелерін цифрлау жүйесі Мақтаарал ауданындағы су басу аумағын жедел анықтауға мүмкіндік берді. KazStSat және KazEOSat-1 қазақстандық спут­никтерінен, сондай-ақ Қазақ­стан­­ның стратегиялық әріпте­сі – Airbus D&S спутнигінен алын­ған ғарыштық мониторинг дерек­тері өңірдегі су тасқыны жағдайын талдауға негіз болды. Қазақстан Ғарыш сапары ма­мандары қысқа мерзімде су бас­қан ауылдағы үйлер мен ғи­мараттарды, сондай-ақ ауыл ша­руашылығы жерлерін анық­тады. Әкімдік осы мәліметтер бойынша зардап шеккен аза­маттарды, яғни жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің иелерін анықтай алады», – деп мәлім етті министрлік. «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының маман­дары ғарыштан алынған дерек­терді арнайы геопорталға орна­ластырыпты. Төтенше жағдайды одан әрі қадағалау үшін бұл деректер облыс әкімдігіне және ТЖ жөніндегі аймақтық депар­таментке беріліп отырады. Спутниктен алынған деректер ұдайы жаңартылмақ. Ведомствоның дерегінше, Мақтаарал ауданындағы Сардо­ба су қоймасының бөгеті бұзыл­ды деген хабар түсе сала, мем­лекет жер серіктерін тартып, жағ­дайды бақылауға алған. Ghalam ЖШС мамандары ғы­лыми-технологиялық мақсат­тағы KazStSat спутнигін қажетті аймақ үстінен өтуіне бағыттап, алдағы түсірілім жұмысын жос­парлады. Бұған қоса, облыс аумағын бақылауға Airbus, Maxar, Planet операторлары да қа­тыстырылған екен.  

Айхан ШӘРІП