Түркістан өңірінде су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын мемлекет өтеп береді. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімделді. Бірақ әзірге демеушілерден жиналған 10 млн теңге үлестіріледі. Ал Үкіметтің нақты көмегі шығын көлемі анықталған соң белгілі болмақ. Министрлер кабинетінің бейнебайланыс режимінде ұйымдастырылған жиында Түркістан облысының Мақтаарал ауданын су басуына қатысты мәселе қаралды. Отырыста облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасап, қазіргі жағдай жөнінде құлағдар етті. Оның айтуынша, қатты нөсер жаңбыр және дауыл салдарынан Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бір бөлігі бұзылған, содан Өзбекстан жағы су қоймасын күйреуден сақтау үшін су деңгейін төмендетіп, суды ағызып жіберді. Бұл Қазақстанның Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының шекара маңындағы коллекторларының шектен тыс толуына соқтырды. Су оған сыймай, аудан шекарасындағы коллектор ернеуінен тасып төгілді, соның кесірінен 5 елді мекендегі 631 үйді су басты. Әкімнің дерегінше, Жаңатұрмыста – 46 үй, Жеңісте – 130 үй, Фирдоусиде – 250 үй, Өргебаста – 194 үй, Достықта – 11 үй су астында қалған. Мақтаарал ауданында 3 600 гектар егіс алқабы зардап шекті, оның 85%-ы мақта егуге әзірленген болатын. Су тасқыны басталғалы бері жалпы саны 30 581 адам немесе 14 елді мекен тұрғындары эвакуацияланды. Үкімет жетекшісінің өкімімен вице-премьер Роман Скляр төрағалық ететін үкіметтік комиссия құрылды. Оған орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді. – Комиссия 5 ауылға – Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген залалға шұғыл бағалау жүргізеді. Содан соң инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым және тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі. Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетеді, – деді Асқар Мамин. Ал өңір басшысы Арыс қаласының тәжірибесі пайдаланылатынын жеткізді. «Судың беті қайтқаннан кейін әрбір үйді аралаймыз, шығын көлемін есептейміз. Содан кейін комиссиямен бірге үйлерді қалпына келтіру мәселелерін қарастыратын боламыз. Адамдар бар дүние-мүлкін үйлерінде қалдырып кетті. Біз Арыстағы оқиға кезінде тиісті тәжірибе жинадық. Сол сияқты әрбір отбасының, әр адамның шығынын өтейміз. Алдымен елді мекендерде соған мұқтаж адамдар санын есептеп шығу керек», – деді Ө.Шөкеев. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, бұл жұмысқа спутниктер де жұмылдырылып жатыр. Ғарыштан түсірілген суреттер Түркістан облысындағы су тасқыны аумағын нақты анықтауға септігін тигізді. «Жерді қашықтан зондтау және жер учаскелерін цифрлау жүйесі Мақтаарал ауданындағы су басу аумағын жедел анықтауға мүмкіндік берді. KazStSat және KazEOSat-1 қазақстандық спутниктерінен, сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық әріптесі – Airbus D&S спутнигінен алынған ғарыштық мониторинг деректері өңірдегі су тасқыны жағдайын талдауға негіз болды. Қазақстан Ғарыш сапары мамандары қысқа мерзімде су басқан ауылдағы үйлер мен ғимараттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін анықтады. Әкімдік осы мәліметтер бойынша зардап шеккен азаматтарды, яғни жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің иелерін анықтай алады», – деп мәлім етті министрлік. «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының мамандары ғарыштан алынған деректерді арнайы геопорталға орналастырыпты. Төтенше жағдайды одан әрі қадағалау үшін бұл деректер облыс әкімдігіне және ТЖ жөніндегі аймақтық департаментке беріліп отырады. Спутниктен алынған деректер ұдайы жаңартылмақ. Ведомствоның дерегінше, Мақтаарал ауданындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды деген хабар түсе сала, мемлекет жер серіктерін тартып, жағдайды бақылауға алған. Ghalam ЖШС мамандары ғылыми-технологиялық мақсаттағы KazStSat спутнигін қажетті аймақ үстінен өтуіне бағыттап, алдағы түсірілім жұмысын жоспарлады. Бұған қоса, облыс аумағын бақылауға Airbus, Maxar, Planet операторлары да қатыстырылған екен.
Айхан ШӘРІП