Қос дәуірдің ерлері теңесті
Қос дәуірдің ерлері теңесті
120
оқылды
Қазақстанда «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған азаматтар мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атанғандар­дың жәрдемақылары теңесетін болды. Енді Кеңес Одағы кезінде ерен еңбектің үлгісін көрсеткендер ай сайын 385 мың теңге жәрдемақы алатын болады.
Негізі мұндай көлемдегі жәр­демақыны «Қазақстанның Ең­бек Ері» атағына ие болған аза­маттар 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап алып келеді. Биыл оларға «Социалистік Еңбек Ері» атағы бар азаматтар теңестіріліп отыр. Сөйтіп, оларға ай сайын төленіп келген 74,96 айлық есептік көр­сеткіш көлеміндегі жәрдемақы бірден екі есеге жуық өсіп, 138 АЕК болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің айтуынша, бұлай теңестіру әлеуметтік әділ­дік үшін жасалыпты. «Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін ҰОС ардагерлері қата­рын­дағы «Социалистік Еңбек Ері» санатындағы азаматтар мен «Со­циалистік Еңбек Ері» атағы бар азаматтарға берілетін жәр­дема­қыны 74,96 АЕК-тен 138 АЕК-ке дейін арттыру ұсы­нылды. Бұл ретте 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап «Қазақ­стан­ның Еңбек Ері» атағына ие аза­маттар үшін 138 АЕК (385 мың теңге) көле­мінде жәрдемақы барын атап өту керек. Алайда «Қазақстанның Еңбек Ері» мен «Социалистік Еңбек Ері» ата­ғына ие азаматтар алып жүрген төлемнің айтар­лықтай айыр­машылық байқал­ды», – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол Қазақ­станда көзі тірі 75 «Социалистік Еңбек Ері» бар екенін айтты. Ал «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына 34 адам ие болған. Бірақ олардың арасында өмірден өт­кендер де бар. Жалпы, жәрдема­қылардың өсуі «Ардагерлер ту­ралы» жаңа заңның қабыл­дануына да байланысты болып отыр. Енді ардагерлердің жаңа санаттарына енген азаматтарға айына 4,8 айлық есептік көр­сеткіш немесе 13 435 теңге кө­ле­мін­де жәрдемақы тағайын­далмақ.  

А.СҰЛТАН