Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш
Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш
778
оқылды
Қазақстанның Жоғарғы Соты карантин жағдайындағы жұ­­мысын қашықтан жүргізуде. Қазіргі уақытта республика соттары 100 пайыз сот отырыстарын онлайн қарауға көш­­ті. Алай­да жыл өткен сайын сотқа келіп түсетін арыз-шағымдар са­ны өсіп келеді. Бұл сот процесінің са­­пасына кері әсер етуі мүм­кін. Осыған орай Қазақстан Жо­­ғарғы Сотының Төрағасы Жа­қып Асанов татуластыру рә­­сімдеріне қатысты өз үндеуін жа­риялады. «Жау мен дау – егіз» дейді хал­­қымыз. Дауласу кез келген, тіпті да­мыған елдерге де тән құ­былыс. Бірақ сол дау-жанжалды ушық­­тыр­­май шеше аламыз ба? Сол дауды шешу мәдениетіміз қан­дай? Бізде кез келген дауды сот ше­шеді деген көзқарас қа­лып­тас­қан. Дегенмен мынаны білген жөн. Біріншіден, істі қарау ұзаққа со­зылуы мүмкін. Ол аяқталғанша, бір емес, біраз сот отырысы өтеді. Ап­пеляция, тіпті кассация ше­ші­мі де көңіл­ден шықпауы мүмкін. Екін­ші­ден, бұл үлкен шығын. Мем­ле­кеттік баж төлейсіз, сот шы­­ғынын өтей­сіз, заңгер жал­дай­сыз. Жолға, қо­нақүйге шы­ғын­даласыз. Үшіншіден, ашуға ерік беріп, жүйкеңіз жұқарады. Не­ге де­сеңіз, сот – дау алаңы. Он­да ай­тысып, тар­тысуға мәж­бүр­сіз. Отбасы, дос­тар, жұмыс, биз­нес – бәрі шет­те қалады. Бұл бер жағы. Кей­де тараптар ашуға бе­ріліп, бір-біріне ауыр сөздер де ай­тып жатады. Егер дауласушылар бір әулеттен болса, онда сол шаңы­рақтан береке қашады. Ал дос, қызметтес болса, арадағы сый­ластық бұзылады. Жалпы, елімізде дау-дамай са­­ны жылдан-жылға артып ба­ра­­ды. 2014 жылы сотта 1,6 млн іс қа­­­ралса, 2019 жылы 3,3 млн не­­ме­се 2 есе көп. Әр судья бір ме­зет­те 100-ден аса азаматтық іс пен ма­териал қарайды. Жұ­мыс­қа кө­мілген судьядан қан­дай сапа, қан­дай нәтиже күтуге бо­лады? Оның үстіне, ақ-қара­сын айыруға келмейтін жағ­дай­лар да бар. Мы­салы, ағайын ара­сындағы дауды сот тара­зы­сына салу қаншалықты дұрыс? Бабаларымыз «Алдыңа кел­се, атаңның құнын кеш» де­ген. Бұл – қанымызда бар қасиет. Қа­зақ даласында дау бейбіт жол­­мен шешіліп отырған. Да­мы­ған ел­дерде даулардың 70-90%-ы сотсыз, бітіммен аяқ­та­лады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бір мәмілеге келу. Бұл – мемле­кет өр­кендеуінің алғышарты. Ме­нің үн­деуімнің негізгі себебі де осын­да. Біз елімізде дау-да­май­дың ба­рынша аз болғанын қалаймыз. Татуласу үшін жан-жақ­ты жағдай жасаймыз. Өңір­лерде татуласу ор­талықтарын аштық. Онда ме­диа­торлар, пси­хологтар, басқа да ма­мандар жұмыс істейді. Бізге Кәсіпо­дақ­тар федерациясы мен Қа­зақстан хал­қы Ассамблеясы көмек­те­седі. Орталықтың міндеті – екі жақ­­қа да қолайлы шешім ұсыну. Осы арқылы дауды реттеп қана қоймай, қарым-қатынасты да сақтаймыз. Тараптар өз еркімен, са­н­алы түрде ортақ келісімге ке­леді. Медиаторды әр адам өзі таң­­дайды, біз тек олардың тізі­мін ұсы­намыз. Жергілікті соттар осы­ның барлығын түсіндіріп, жол көр­сетуге міндетті. Татуласу – дауды шешудің ең дұрыс жолы. Бұл ата-ба­ба­мыздан қалған асыл мұра. Осы құн­ды­лық­тың қадірін білейік» делінген. Иә, халқымызда «Бірлігі жоқ ел то­зады, Бірлігі күшті ел озады» де­ген мақал бар. Қазіргідей жа­ман індетпен халық болып күре­сіп жатқан кезде бір-бірімізбен сот­таспай, бір-бірімізбен тату­ла­сып, дос­тасайық демекпіз. Оған не­гіз бар. Біз бірауыз сөзге тоқ­та­ған дана халықтың ұрпағы еке­німіз­ді бір сәт есімізге алайықшы, ағайын!