Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың үлгілі болып өсуі еліміздің дамуына, гүлденуіне септігін тигізеді. Осы тұрғыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі көптеген жұмыс атқарып жатыр. Жыл басынан бері жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 3 мыңға жуық (лекция, дөңгелек үстел, кездесулер, дебат, бейнеролик, сурет байқаулары және т.б.) іс-шара өткізілді. Елордамыздың барлық мектеп, колледж, университет қабырғаларында жалпы саны 139 «Парасаттылық мектебі» ашылды. Мектептің мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жаңа формациядағы жас өкілдерін дайындау. Аталған мектептерден 2 мыңнан астам парасаттылық елшісі жинақталып, 200-ге жуық парасаттылық бұрышы ашылды. Сенім атмосферасын құру және оқушыларға өздерін адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беру мақсатында былтырғы жылдан бастап «Адалдық дүкені» барлық мектепте қызмет көрсетуде. Дүкеннің басты ерекшелігі – онда сатушы мен сатып алушыларға қандай да бір бақылаудың болмауында. Бұл дүкендердің жұмысы жастардың бойындағы адалдық, әділдік қасиеттерін шыңдай түседі. Қаңтар-ақпан айларында барлық білім беру мекемесінде «Адалдық сағаты» акциясы өткізілді. Іс-шаралар «Астана – адалдық алаңы» жоба менеджерлері, департамент жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел және мүшелері Ербол Іргебай, Қарлығаш Ерғазы, Ернар Жұматаев, Nur Otan партиясы өкілдері, белсенділердің қатысуымен өтті. Аталған акцияға елорданың барлық оқу орындарынан жалпы 30 мыңға жуық жас қатысты. Наурыз айынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы #adaldyqJolymen челленджі мектеп, колледж, университет шәкірттері арасында қолдау тауып, бірі – өздерінің тырнақалды туындыларын, енді бірі – ғұлама ақын-жазушылардың еңбектерінен үзінді оқып, бейнежазбаларын Facebook және Instagram парақшаларына жүктеп, желіні бұқарамен байланыстың басты алаңына айналдыра білді. Бүгінде республиканың барлық аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты департамент жастармен өткізілетін іс-шараның бәрін онлайн режимде жүргізіп жатыр. Департамент жанынан құралған ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі және мүшелері Facebook және Instagram парақшалары арқылы тұрақты негізде жастар қауымымен тікелей эфирде кездесу ұйымдастырып, «Әділдік, парасаттылық, сенім» тақырыбында жұмыстар жүргізді. Жалпы, білім беру ұйымдарында онлайн «Парасаттылық сағаты» өткізілуде. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының студенттері тегін заң көмегін көрсететін «Адал көмек» акциясына белсене қатысып, өз үлестерін қосуда. Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасымен бірлесе 1-30 сәуір аралығында «Жастар жемқорлыққа қарсы!» әлеуметтік жемқорлыққа қарсы жарнама интернет-байқау өткізілді. Мәуелі жас ағашты баптағанда ғана жайқалып, түзу өседі. Сол сияқты қанатын енді қаққан жастарға жемқорлыққа төзбеушілік иммунитетін қалыптастырып, мүмкіндіктер жасауымыз қажет. Халқымыздың арайлы таңын тек белсенді жастардың талапты талпынысына жол ашып, адал ұстанымын дамытуымыз керек.
Нұрлан ҚЫДЫРБАЕВ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысы