Әлекке салған Сардоба суы
Әлекке салған Сардоба суы
219
оқылды
Өзбекстан Сардоба су қоймасын Қазақстанның келісімінсіз салған. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов Atameken Business телеарнасына берген  сұхбатында мәлімдеді. Сондай-ақ С.Громов осы іс бойынша Өзбекстанға нота жіберу мәселесі де қарастырылып жатқанын айтқан. Алайда 5 мамыр күні түстен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Өзбекстанға наразылық нотасы жіберілмейтінін хабарлады. СІМ-нің өкілі Айбек Сма­дия­ров түсіндіргендей, Түркістан об­лысы Мақтаарал ауданындағы су апатына байланысты екі ел бір­­лескен іс-қимыл жүргізбек. «Биыл 2 мамырда Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Өз­бекстан президенті Шавкат Мир­зиёевпен телефон арқылы сөй­лескені және сұхбат бары­сын­да екі ел үкіметі үйлесімді жұмыс ат­қаратыны туралы уағдаласқаны мә­лім. Су басу салдарын бірлесе жою бойынша Үкімет пен ше­ка­ра­лас өңір басшыларының өзара іс-қимылын назарға ала отырып, өз­бек тарапына Қазақстан Сырт­қы істер министрлігінің нотасын жо­л­дау мәселесі қарастырыл­май­ды», – деді Айбек Смадияров. Оның айтуынша, 6 мамыр күні Премьер-Министрдің орын­ба­сары Роман Скляр бастаған Үкі­­мет комиссиясы апаттан кейін­гі бірлескен іс-қимылды пы­­­­сықтау үшін Өзбекстанға ба­ра­ды. Осылайша, Сардоба су қой­ма­сындағы бөгеттің бұзылуынан кел­ген шығынды екі мемлекет бір­лесе қарастырып, шешім шы­ға­ратыны белгілі болды. Әзірге қолда бар дерекке сүйеніп айтар болсақ, бөгетті жарып шыққан ала­пат тасқын екі мемлекетке тие­сілі 276 мың шаршы шақырым ау­мақты басқан. Оның 80 мың шар­шы шақырымдайы Қазақ­стан­ға тиесілі. 5 мамыр күні өткен Үкімет оты­­рысында Түркістан облысы­ның әкімі Өмірзақ Шөкеев баян­да­ғандай, алдын ала жинақталған мә­лімет бойынша 7 639 гектар егіс­тік жерді су басқан. Ал мал шы­ғыны жайлы деректер әлі есеп­теліп жатыр. «Нақты шығын кө­лемі анықталып болған соң қо­сымша баяндалады», – деді өңір басшысы. Ө.Шөкеев хабарлаған ақпа­рат­қа сүйенсек, апат салдарынан Мақ­таарал ауданында 845 үй, 3 мек­теп, 5 балабақша, 4 медицина ғи­мараты мен мәдениет үйін су алған және 54,7 шақырым көпір мен жол судың астында қалды. Об­лыс әкімінің баспасөз қыз­ме­ті­нің хабарлауынша, аудандағы 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эва­куа­цияланған. Атқарылған жұ­мыс нәтижесінде Мырзакент жә­не Ақжол ауылының тұрғын­дары өз үй-жайларына қайта орал­ды. Жалпы, 6 127 тұрғыны бар 5 ауылды (Жеңіс, Жаңатұр­мыс, Фирдауси, Өргебас және Дос­­тық) су басты, әлі 7 елді ме­кен­ді су басу қаупі бар.    width= «Арыста жинаған тәжірибеміз бар, су қайтқан соң әрбір үйді ара­лап, кімнің қандай зардап шек­кенін анықтаймыз. Содан соң комиссия құрып, үйлерді қал­пы­на келтіру, шығындарды өтеуді қарастырамыз», – деді Ө.Шөкеев Үкімет отырысында.  

СУ САЯСАТЫНДА ШУ КӨП

– Қазақта «Сыр – Алаштың анасы» деген сөз бар. Бүгінде дарияның бойын жайлаған Түркістан облысы мен Қызылорда облысының халқы егіні мен бақшасын суарып, балығын аулап күн көреді. Сондай-ақ Сырдария өзенінің суын біздің ел ғана емес, Орталық Азиядағы түбі бір туыс төрт мемлекет пайдаланып отыр. Сондықтан трансшекаралық маңызға ие өзеннің суына қатысты құрылыс осы елдердің түгелдей мақұлдауымен жүргізілуі тиіс,– дейді белгілі гидротехник, Мемлекеттік су шаруашылы­ғын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпа­раттық орталығы қазақстандық филиа­лының директоры Нариман Қыпшақбаев. Сырдария өзенінің бойында Кеңес кезеңінде салынған 5 бірдей су қоймасы бар. Олар: Қырғыз Республикасындағы Тоқтағұл су қоймасы, Тәжікстандағы – «Қайраққұм» (2016 жылдан бастап Бахри Точик), Өзбек­стандағы – «Әндижан» және «Шарбақ», Қазақстандағы – Шардара су қоймалары. Иә, Орталық Азиядағы республикалар арасында су тақырыбындағы дау-дамайдың шыққанына біраз уақыт өтті. 1982 жылы шығарылған шешім бойынша, Қырғыз Рес­пуб­ликасы Тоқтағұл су қоймасына қыс мез­гілінде 18 млрд текше метр су жинауға мін­деттеліп, жазда жиналған суды өзге рес­пуб­ликаларға жіберуі тиіс болды. Есесіне, қыста қажетті жылу мен энергияны Қазақстанның көмірі мен Өзбекстанның газынан алатын. Одақ тараған соң көмір мен газ экспорттық негізгі тауарға айналып, қырғыздар көрші­ле­рінен келетін жеңілдіктен қағылды. «Қыр­ғыздың газы мен көмірі жоқ, қолындағы жалғыз ресурс – су. Сосын «Тоқтағұлдың» суын қысы-жазы айналдырып, содан қуат алды, судың күшімен жылынды. Аяғында бұрынғыдай жинақталған артық су жоқ, жазда сусыз қалатын жағдайға жеттік», – дейді Нариман Қыпшақбаев. Айтқандай соңғы күндері әлеуметтік желіде «Қазақстан Көксарай су қоймасын салғаннан кейін өзбектер оған қарсы Сардобаның құрылысын қолға алды. Негізгі мәселе осыдан туындаған» деген сыңайдағы пікірлер де жазылды. Айта кетейік, 2008 жылдары Көксарай су қоймасының құры­лысын қолға алған кезде Үкімет бұл жоба оңтүстік тұрғындарын көктемгі қызыл су тас­қынынан қорғайды деп түсіндірген бола­тын. Бұл пікірді гидротехник Н.Қыпшақбаев та қуаттайды. Оның пікрінше, Қырғыз Рес­публикасы Тоқтағұл су қоймасының суын қыста да ағызып жіберетіндіктен, Сырда­рия суының үстінен қызыл су жүріп кетіп, дарияның бойындағы халықты әбі­герге салатын болды. «Әсіресе, Қызылорда облысының тұрғындары қызыл судан жапа шекті. Екіншіден, бұл Қазақстанға тиесілі су көлемі болғандықтан, қыста бекерге ағызып жібермей, жазға сақтау керек еді. Сол себепті Көксарай салынды. Бірақ біз сол кезде Өзбекстанды толық хабардар еттік. Ол жоба өзбектің жеріне де, суына да бір тиын залал келтірмейтінін дәлелдеп көр­сеттік», – дейді ол.    width= Дегенмен ғалымның ойынша, егер Орталық Азиядағы республикалар 1992 жылы Үкімет деңгейінде бекітілген ережені сақтаса, Көксарайдың да, Сардобаның да қажеті болмас еді. Осылайша, су саясаты ұстанымында бір тәртіпке көнбегендіктен қазіргідей ахуал қалыптасып отыр.  

ШЫҒЫНДЫ КІМ ӨТЕЙДІ?

«Сор құдықтың басына сорға бола қонды атам» дегендей, Өзбекстан жерінде салынған Сардоба су қоймасы қазақ пен өзбекті сорға болмаса да, орға итеріп тұрғандай. Әрине, Қазақстан мен Өзбекстан діні бір – мұсыл­ман, түбі бір – түркітілдес туысқан ел. Орта­лық Азия аймағында арқа сүйер ағайын, бөгде біреу көз алартса бірігіп қарсы тұрар бауырлас жұрт. Бірақ бір мемлекет тара­пынан екінші мемлекетке келген шығынның өтемі болуы керек. Бізге әзірге мәлім болғандай, су қойма­сындағы бөгеттің бұзылуынан кейінгі апат салдарын қос мемлекет бірлесе анықтайтыны мәлім болды. Мұндай кезде көрші елдің территориясындағы нысаннан келген зардаптың сұрауын қалай талап еткен жөн? Ең алдымен, Сардоба су қоймасының орналасқан жеріне қатысты және соған сай қауіпсіздік алғашқы орында болуы маңызды. Өйткені біздің елдің келісімінсіз салынды деген Сардоба Қазақстанмен шекараға таяу, Мақтаарал ауданының дәл өкпе тұсына орналасқан. Ең терең жері 30 метрге жететін су қоймасының сыйымдылығы – 920 млн шаршы метр. Бұл іргелес отырған аймақтың халқы үшін едәуір үлкен көлем. Екіншіден, Сырдария өзенінің суын Қазақстан мен Өзбекстан қанша көлемде және қалай пайдаланып отырғаны туралы нақты мәлімет алынуы тиіс. Су маманы Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, осы сәтті пайдаланып, есеміз кетіп жатқан жұ­мыстарды тиімді реттеп алуымыз керек. «Қазақ пен өзбек бірдей пайдаланып отыр­ған «Достық» деген канал бар. Алдымен осы­ның жұмысына бақылау орнату қажет. Үшіншіден, біз Шардара су қоймасына негізгі көлемді беретін Шыршық өзенінің суына бақылау жасай алмай қалдық. Біз бұл тұрғыда көп ұтылып жатырмыз. Үкіметара­лық комиссия осы мәселені реттеуі тиіс»,– дейді маман.   ТҮЙІН:

Мамандар биыл Сырдария бассейнінде су тапшы болуы мүмкін деген болжамды алға тар­тып отыр. Егер ол болжам расқа айналса, дарияның бойынан дәм-тұзын айырып жүрген жұрттың апаттан кейінгі жағдайы қалай бола­рын тап басып айту қиын. Сондықтан үкімет­ара­лық комиссия су апатынан келген шы­ғын­ды толық тексеріп әрі ашық түрде есебін жа­рия­ла­ғаны жөн. Қазақтан қоғамы үшін айдың, күн­нің аманында баспанасы мен баққан малы, сал­ған егіні мен бау-бақшасынан айырылған тұр­ғындардың жоғалтқаны орнына келгені керек.

 

   width=Бауыржан БАЗАР